$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан мен Германия арасында 1 миллиард доллар болатын 20 құжатқа қол қойылды – Елбасы

Бүгін Қазақстанға ресми іс-сапармен Германия Федеративтік Республикасының президенті Франк-Вальтер Штанмайер келген болатын. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесу барысында тараптар бірнеше құжатқа қол қойып, екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасты нығайта түсті. Ал, осыдан бірнеше сағат бұрын екі ел президенті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, кездесулерін қорытындылады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Германия Президентінің сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отырған кезге тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтты.

– Біз бүгінде кең ауқымды саяси әрі экономикалық қарым-қатынастар бойынша стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілдік. Мен Германия Президентімен Қазақстанның даму үдерістері, өңірдегі еліміздің алдында тұрған сыртқы саяси міндеттер жөнінде ой бөлістім. Германия – біздің сенімді досымыз әрі негізгі экономикалық әріптесіміз. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, ал тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзара қарым-қатынасты тереңдету жөніндегі тұрақты жұмыс оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстандағы индустрияландыру үдерістеріне озық технологияларды қолдана отырып, Германия бизнесін тарту мүмкіндігі талқыланды. Шикізат, өнеркәсіп, технология салаларындағы серіктестік туралы келісімді тиімді іске асыру мәселесіне баса назар аударылып отыр. Жүргізіліп жатқан жекешелендіру, кәсіби-техникалық мамандарды даярлау жұмыстары аясында өзара іс-қимылды күшейту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығындағы, көлік-транзит саласындағы екіжақты қарым-қатынасты жандандыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

– Қазақстанның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуын ескеріп, біз жүктерді Қытайдан Орталық Азия арқылы Германияға құрлықпен жеткізу идеясын одан әрі ілгерілету үшін күш жұмылдыруға ниеттіміз. Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жөніндегі бірлескен жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырып отыр. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің табысты жұмысының маңызы зор. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.

– Қазақстанда тұратын мыңдаған неміс қауымының Германияға көшіп кеткен немістермен достық, туыстық байланыста болуы маңызды. Халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша елдеріміздің ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді. Германияның және Штайнмайер мырзаның жеке қолдауының арқасында Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі 2007-2013 жылдарға арналған алғашқы стратегиясы қабылданып, біздің өңірге қатысты Су бастамасы іске қосылған болатын. Қазақстанның Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестігі туралы келісімді ратификациялағандарыңыз үшін Сізге және Сіздің еліңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Германияның әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалап, Гамбургте өткен G-20 саммитін атап өтті.

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне Украинаның оңтүстік-шығысында және Таяу Шығыста орын алып отырған қақтығысқа қатысты Германия Президентімен пікір алмасқанын да айтты.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Таяу және Орта Шығыс пен Украинаның оңтүстік-шығысындағы мәселелер жөнінде ашық әңгіме болғанына тоқталды.

– Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 25 жылдың ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық экономикалық мәселелермен ғана шектеліп қалмай, түрлі сипатқа ие болды. Ең алдымен, бұл – Қазақстанда белсенді түрде қызмет етіп келе жатқан түрлі білім беру институттары мен қорлар. Бұл бірлесе дамуымыздың оң үрдісі, – деді Ф.-В.Штайнмайер.

Германия Президенті Қазақстанның өңірдегі сыртқы саяси рөлін жоғары бағалады.

– Қазақстан – өңірдегі тұрақтылық тірегі, өзіне сенімді мемлекет. Аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету және еліңіздің табысты дамуына серпін беру үшін Сіз, Президент мырза, ядролық қарудан бас тарттыңыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық кезеңінде Сіз дау-дамай мен қақтығыстарды дипломатиялық әдістермен әділетті түрде шешудің жарқын мысалын көрсетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты әріптес ретінде де өз миссияларыңызды атқарып келесіздер. Қазақстан Сирия қақтығысын реттеу үшін мүдделі тараптардың басқосуына жағдай жасады, – деді Ф.-В.Штайнмайер.

Германия Президенті Қытайдың Жаңа Жібек жолын дамыту бастамасын да атап өтті.

– Тарихи тұрғыда инфрақұрылымдық жоба ғана емес, халықтар арасында мәдени көпір рөлін атқарған бұл бастама қазіргі уақытта инвестициялық тартымдылық тұрғысынан ғана қарастырылмай, Шығыс пен Батыстың іс жүзінде тіл табысуына септігін тигізеді деп үміттенеміз. Қазақстан Қытай мен Батыстың арасында орналасқандықтан, оның бұл үдерістегі рөлі зор болатынына сенімдімін, – деді Ф.-В.Штайнмайер.

Айта кетейік, бүгін Н.Назарбаев пен Франк-Вальтер Штанмайер Ақордада екіжақты кездесу өткізген болатын. Кездесуде Елбасы Ф.-В.Штайнмайердің Германия Президенті ретінде Қазақстанға алғашқы сапармен келіп отырғанын атап өтіп, оған «ЭКСПО-2017» көрмесін аралап көруге қызығушылық танытқаны үшін ризашылық білдірді.

– Мен Сізді еліңіздің Президенті лауазымына сайлануыңызбен құттықтаудың осындай мүмкіндігі туындағанына қуаныштымын. Сіз дүние жүзіне белгілі әрі көпшілік құрметтейтін саясаткерсіз. Германия халқы өзіңіздей беделді Президентке ие болды. Біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Сізбен ынтымақтастықта болып, жүздесу әрдайым көңіл қуантады. Сіз сыртқы істер министрі лауазымында болған кезде біз ауқымды түрлі мәселелерді талқылаған едік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Қазақстан Президенті Германия әлемдегі ең ірі экономикасы бар ел екенін айтып, елдеріміз жақсы әріптес болып отырғанына тоқталды. 

– Қазір ынтымақтастығымыздың жаңа бағдарламалары бар. Қазақстан осы қарым-қатынастарды барлық бағыттар бойынша дамытуға мүдделі. Сіздің сапарыңыз аясында Іскерлік кеңес өтуде. Елдеріміздің бизнес-құрылымдары арасында 20-ға жуық келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Ф.-В.Штайнмайер Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін бүкіл Германия делегациясы атынан алғыс айтты.

– Сізге қонақжайлық танытып, Германияға және жеке өзіме қатысты айтқан жылы лебізіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Президент ретінде сайланғаннан кейін мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Осы сапарымның өзіндік ерекшелігі де бар. Биыл біздің мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25 жыл толып отыр, – деді Ф.-В.Штайнмайер.   

Германия Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастық оң қарқын алып отырғанына назар аударды.

– Ширек ғасырда экономикадағы, мәдениеттегі және саясаттағы өзара қарым-қатынасымыз нығайып, тереңдей түсті. Осы іскерлік қатынастардың артқанының бірден-бір көрсеткіші ретінде Германия ұйымдары мен компанияларының «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне белсенді түрде атсалысуын айтуға болады. Осы орайда, көрмедегі Германия күнінің менің сапарыммен тұспа-тұс келгеніне өте қуаныштымын, – деді Ф.-В.Штайнмайер.

Германия Президенті болашақтың энергетикалық мәселесіне арналған халықаралық көрме тақырыбының өзектілігін де атап өтті. 

Ертең қос елдің басшылары ЭКСПО-2017 көрмесінің кешеніне барып, бірқатар елдің павильондарын аралап көреді деп жоспарлануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары