22.08.2017, 11:28

«Нұр Отанда» Елбасы туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жыл сайын көптеген еңбектің жазылатыны баршаға мәлім. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Әсіресе, кешегі шілде айында Астана күні қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлының елеулі еңбектеріне арналған жинақтардың тұсаукесерлеріне куә болдық. Отандық авторларды айтпағанда Мемлекет басшысы туралы кітаптарды соңғы уақытта алыс-жақын шетелдің ғалымдары да жазып жүр. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесі, ядролық қарудан саналы түрде бас тартуы талай еңбектің жазылуына арқау болып отыр.

Кезекті кітаптың тұсаукесері күні кеше Астанадағы «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өтті. «Құрыш тұлға» атты жаңа тарихи-танымдық кітап Елбасының өмірінен сыр шертеді.

Партия бастамасымен жарық көрген туынды Елбасының қайраткер ретінде қалыптасқан Теміртау, Қарағанды кезеңін қамтиды. Кітап авторы – белгілі публицист, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, бұған дейін «Елбасының алтын бесігі» атты еңбегімен танымал Айтбай Сәулебек.

Автор жаңа туындысында сирек кездесетін мұрағат қорларынан алынып, ақиқат-шындыққа негізделген тың деректерді, куәгер-тұлғалардың жүрекжарды сөздерін, бұрын жарыққа шықпаған түрлі құжаттарды ұсынады. Кітап  деректемелік негізде жазылған. Ол «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жолында», «Өрлеу», «Шыңдалу», «Партком хатшысы» және «Самғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Аталмыш әсем безендірілген еңбекте Елбасының сирек кездесетін суреттері де берілген.

Автор жаңа туындысында сирек кездесетін мұрағат қорларынан алынып, ақиқат-шындыққа негізделген тың деректерді, куәгер-тұлғалардың жүрекжарды сөздерін, бұрын жарыққа шықпаған түрлі құжаттарды ұсынады. Кітап  деректемелік негізде жазылған. Ол «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жолында», «Өрлеу», «Шыңдалу», «Партком хатшысы» және «Самғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Аталмыш әсем безендірілген еңбекте Елбасының сирек кездесетін суреттері де берілген.

Кітаптың алғысөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жазған. Елбасының Қазақстан тарихындағы ерекше рөлін айшықтап, тәуелсіз еліміз қол жеткізген табыстарына терең талдау жасаған М.Құл-Мұхаммед алғысөзін: «Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұтатын қазақстандықтар бұл кітапты қызыға-құмарта оқитыны анық», – деп аяқтайды.

«Құрыш тұлғаны» жазу үшін автор Мәскеу, Омбы, Алматы, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларындағы Елбасымен бірге еңбек еткен, оқыған әріптес-достарымен кездескен. Олардың бірқатары – Қабидолла Сарекенов, Төлеутай Сүлейменов, Қуаныш Омашев, Ермек Төлеубаев, Тоқтархан Ысқақов – іс-шараға қатысып жаңа туындының басты ерекшеліктері мен тарихи құндылығы туралы айтты. Сондай-ақ, олар кітаптың қалың оқырман қауымның көңілінен шығатынына сенім білдірді.

Осы ретте айта кету керек, жуырда Астанада ресейлік жазушы-құжатшы әрі тарихшы Николай Зеньковичтің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» еңбегі таныстырылған болатын. Кітаптың өзге еңбектерден ерекшелігі – ол мектептің үлкен сыныбында оқитын балаларға арналған. Автордың айтуынша, ол Нұрсұлтан Назарбаевты соңғы жиырма жылдан бері зерттеп келеді екен. Ең алғашқы қызығушылығы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін пайда болған. Оның Елбасы туралы алғашқы кітабы былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Имя, ставшее эпохой» деген атаумен жарыққа шықты.