Қырғызстан халқы жаңа президентін сайлауға кірісіп кетті. Саяси науқан бүгін жергілікті уақытпен таңғы 08:00-де басталып, кешкі 20:00-де аяқталады. Мұнан кейін дауыстарды санау жұмыстары басталады.
Бүгін елде сайлаудың ресми түрде басталғанын таңертең Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Шайлдабеков арнайы брифинг барысында мәлімдеді.
Қырғызстан ОСК басшысы сайлаушылардан заңсыздықтар тіркелген жағдайда міндетті түрде ресми өкілдерге хабарлауын сұрап отыр. Елде барлығы 2,9 миллион адам дауыс беруге құқылы. Олардың қаншауы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасайтыны белгісіз.
Айта кетейік, президенттік сайлауға қатысуға әуел баста 50 адам ниет білдірген болатын. Алайда, үміткер ретінде тек 13-і ғана тіркелді. Үгіт-насихат жұмыстары барысында тағы екі кандидат саяси жарысқа одан әрі қатыспайтынын мәлімдеп, қазір сайлау 11 үміткер арасында жүріп жатыр. Сарапшылар екі көшбасшының мүмкіндігі көп екенін айтуда. Олардың бірі бұрынғы премьер-министр Сооранбай Жиенбеков болса, екіншісі "Республика" партиясының төрағасы Өмірбек Бабанов.