15.10.2017, 06:25

Алмазбек Атамбаев президенттіктен кейін немен айналысатынын айтты

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сайлаудан кейін немен айналысатынын мәлімдеді. Бүгін сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасаған мемлекет басшысы журналистермен кездесіп, сауалдарына жауап берді.

Атамбаевтың елдегі осы сайлаудан кейін қызметінен кететіні белгілі. Ол үлкен саяси қызметке қайта оралмайтынын айтып отыр.

"Саясат пен шығармашылық қатар жүретін ұғым, егер саяси қызметте жүрмесең бір-біріне кедергі келтірмейді. Бірақ, мен қандай да бір мемлекеттік қызметке барғалы жатқан жоқпын. Президент, премьер-министр болмаймын, уайымдамаңздар. Мен бұған дейін 30 жыл бойы саясатпен айналыстым, қызметім өлең жазумен, проза жазумен, ән шығарумен айналысуыма кедергісін келтірген жоқ. Бірақ, сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады", - деді Атамбаев журналистермен болған әңгімесінде.

Ол сондай-ақ, Қырғызстанның өзге президенттері секілді елден қашып кетпейтінін айтты.

"Мен өз әрекеттерімнен ұялмаймын, қорықпаймын. Әр ісіме, әр сөзіме жауап бере аламын. Сондықтан мен Қырғызстанда қаламын, ешқайда кетпеймін. Тығылмаймын, халық алдында да, құдай алдында да жауап беруге дайынмын", - деді Қырғыз елінің президенті.

Еске салайық, бүгін Қырғызстанда президенттік сайлау өтіп жатыр.