16.10.2017, 03:21

Қырғызстандағы президенттік сайлауда Сооронбай Жээнбеков 54% дауыспен жеңіп шықты

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, Бішкек уақытымен 22.00-де президент сайлауында 1 млн 692 мың сайлаушы дауыс берген. Яғни сайлауға дауыс берушілердің 50 пайызы қатысқан деп жазады centralasian.org.

914 мыңнан астам сайлаушы Социал-Демократиялық партия атынан үміткер Сооронбай Жээнбековке дауыс берген, бұл 54 пайызды құрайды. Жээнбеков - қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың одақтасы. Жаңадан қабылданған Конституцияға сәйкес, қазіргі президент екінші мерзімге қайта сайлана алмайды.

Жээнбековтің басты оппоненті «Республика - Ата Жұрт» парламенттік фракция атынан үміткер Өмірбек Бабановқа сайлаушылардың 564 мыңдайы, яғни 33,3 пайызы дауыс берген.

Жээнбеков Ош облысында 72 пайыз дауыс алса, Бабанов Талас облысынан 85 пайыз дауыс жинаған.

«Бүтін Қырғызстан» партиясының лидері Адахан Мадумаров үшінші орында. Ол сайлаушылардың 6,3 пайызы, яғни 108 мың дауыс жинаған. «Ак-Шумкар» партиясының лидері Темир Сариев 42,7 мың дауыспен төртінші орында. Алғашқы бестікке кірген үміткердің бірі Таалатбек Масадыков. Ол үшін 10 мың адам дауыс берген.

Қырғызстандағы президент сайлауында 11 үміткер қатысты. Оның біреуі әйел.