Жыл сайын елімізде ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірқатар кітаптар жарық көріп жататыны белгілі. Әсіресе, Президенттің тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына қосқан үлесі жайында еңбектер жазылып келеді. Солардың бірінің тұсауы бүгін Алматыда кесілді. «Назарбаев моделі» атты кітапты танымал саясаткерлер М.Қасымбеков, Б.Темірболат, Т.Шаймергенов жазып шыққан.
Аталған кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік маңызды саяси шешімдер қабылдау кезіндегі ұстанымы мен жұмыс үдерісі туралы ерекше әдістемемен жазылған.
– Кітап – ұжымдық жұмыс. Оның басты ерекешлігі «кейс әдістемесімен» жазылуында. Яғни, кітап Қазақстандағы нақты саяси шешімдер мен өзгерістерге жүгіне отырып, оның себептерін талдауға арналған. Мысалы, астанамыздың ауысуы, ядролық қарудан бас тартуымыз секілді күрделі мәселелер бойынша саяси шешім қабылдау кезіндегі Президенттің ұстанымы, көзқарасы мен оның жұмыс тәсілі суреттеледі. Меніңше, бұл - кітап ғалымдар мен студенттер үшін маңызды, - дейді ҚР Президенті кеңсесі басшысының орынбасары, саяси ғылымдарының кандидаты Бақытжан Темірболат.
Оның айтуынша, кітапта жас мемлекеттік табыстарын қамтамасыз етіп, қазақстандық күре жолдың негізін қалаған ҚР Тұңғыш Президентінің басқару шешімдерінің алгоритімдері нақты оқиғалармен және мысалдармен ашылады.
– Кітапта оқиғаларды талдау барысында заманауи басқару мектебінде көпшілікке танымал «кейс әдістемесі» бірінші рет кеңінен қолданылған, – дейді Бақытжан Темірболат.
Сонымен қатар, бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Әлем таныған Көшбасшы» атты кітап көрмесі ашылды. Онда Н.Назарбаевтың әлемнің бірнеше тілінде жарық көрген кітаптары қойылды.
– Назарбаев моделі» мемлекеттік дамуына «жетістікке жетпеген бір жыл жоқ!» деп сипаттауға болатындай серпін берді. Бүгінде қомақты жетістіктерге қол жеткізген Қазақстан өзінің келешек мақсаттары мен міндеттерін тағы да бір сатыға жоғары көтерді. Оған қол жеткізуде уақыт сынынан өткен «Назарбаев моделі» ең жақсы сүйеніш бола алады, – дейді кітап авторы.
Айта кетейік, Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасы ҚР Тұңғыш президенті күні және Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Алматыда көшпелі қор көрмесімен ашылған болатын. Онда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке архиві, жеке кітапханасы және Музей қорының жәдігерлері қойылған. Ал аталмыш кітаптың тұсауы осы жоба аясында кесіліп отыр.
Ақбота Мұсабекқызы