09.04.2015, 18:00

Иранға қарсы Сауд Арабиясының жақтастары кім?

Сурет, finance.obozrevatel.com

Таяу Шығыстағы АҚШ-тың  соңғы әрекеттері Эр-Риядты қатты алаңдатуда. Ең басты наразылық Вашингтон Лозанада Иранның ядролық мәселелері бойынша жылылық танытып, Иранмен ауыз жаласа бастағаны. Бұл дегеніміз- Сауд Арабиясына қатысты  үрейлі қоңырау. Таяу Шығыста Сауд Арабиясы АҚШ-тың №1 сателлиті болып келіп еді, енді Вашингтон көңілін Иранға аудара бастаған сияқты. Иранның АҚШ-қа, Еуропа елдеріне бет бұруы Таяу, Орта шығыс, Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия елдерінің геосаяси ланшафтысының толық өзгеруіне әкеліп соқтырады. Қазірдің өзінде Иран тікелей Ирак, Сирия, Йемен, Ливан елдерінде басымдылық танытып отыр.

Саудтар мен Иранның текетіресінің тамыры тереңде жатыр. Сауд Арабиясы сүниттердің орталығы болса (Мекке, Медина), Иран шииттердің көш басшысы болып саналады. Көп ғасырлар бойы Сауд Арабиясы мен Иран ит пен мысықтай болып келеді.  Картаны қарасақ, Сауд Арабиясының көршілері араб елдері болса да, сол елдерді мекендеген арабтардың басым көпшілігі сектанттық шиизм дінін ұстанады (Бахрейн, Ирак, Иемен т.б.). Соңғы кездері Иран араб елдерінде тұратын шииттерге әскери көмектерін жиілетіп, Сауд Арабиясына ауыз сала бастады. Мұның дәлелі, Иемендегі хуситтердің көтерілісі тікелей Иранның қолдауымен жүзеге асырылып жатқандығы. Иранмен текетіресте Батыс Эр-Риядтты,  көшенің тастанды тілімен айтқанда, «лақтырып кеткенін» сауд патшалығы енді түсініп жатқан сияқты. Сауд Арабиясы жағдайының мүшкіл екенін түсініп, Иранмен ашық текетіреске түсе бастады. Эр-Рияд Иранға қарсы төтеп беру үшін бірнеше шаралар жүргізуде:

1. Араб елдерінен әскери коалиция құра бастады (10 араб мемлекеттері кіреді);

2. Эр-Рияд араб елдерінен басқа сүнит мемлекеттерін де өз қатарына тартуда (Түркия, Пакистан, Әзербайжан).

«Арабтарға жатпайтын Түркия, Пакистан, Әзербайжан Эр-Риядпен бірге Иранға қарсы соғысуы мүмкін бе?» деген мәселені талқылап көрсек.

Түркия Сауд Арабиясына екі жағдайға байланысты көмектесіп қалуы мүмкін:

Біріншіден, Түркия сүниттік мемлекет болғаннан кейін, сүниттердің арасында беделділігін арттыру мақсатында;

Екіншіден, Иран мен Түркия бір-бірімен  ғасырлар бойы бақталас, жау болып келе жатқан мемлекеттер;

Бірақ соңғы нәтиже 8 сәуірде өткен Реджеп Эрдоган мен Хасан Руханидің кездесулеріне байланысты болады. Хасан Рухани өзінің газы мен мұнайымен Реджеп Эрдоганның аузын майлайтын болса, әрине экономиканы бірінші орынға қоятын болса, Түркия бұл қақтығысқа  араласпай, тек бақылаушы болып қана отыруы мүмкін.

Пакистан міндетті түрде Сауд Арабиясына көмектеседі:

Біріншіден, Пакистанда 20 % шииттер тұрады, әрине Сауд Арабиясының басына туған күн   ерте ме, кеш пе, Пакистанның да басына тууы мүмкін;

Екіншіден Ауғанстанға ықпалын асырып отырған Пакистанның бақталасы бұл -Иран;

Үшіншіден, Пакистанның №1 кредиторы, әрине Эр-Рияд (Наваз Шарифтың өзінің, балаларының  бизнесі,  байлығы Эр-Риядтта шоғырланған,  «Женьмин жибао»);

Әзербайжан да міндетті түрде Сауд Арабиясына көмектеседі:

Біріншіден, шиизмнің қаупі Әзербайжанда тууы мүмкін, Ильхам Алиев сүнит болса да, 60% халқы шиизм дінін ұстанады;

Екіншіден, Әлемдегі энерго ресурстардың бағасының түсуіне байланысты, бірталай әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға қиындықтар туғызып отырғанына байланысты, Бакуге Эр-Риядттың миллиардтаған қаржылары артық болмас еді.

Ильхам Алиевтің көршісі Иранға бармай, 5 сәуірде Эр-Риядқа барғанына қарағанда, Баку өзінің жақтасын тапқан сияқты.

Думан Көпбаев,

саясаттанушы