$ 443.35  475.54  4.82

Ұлты бірдің ұғымы бір деп кім айтады?!

Төрткүл дүние астаң-кестең төңкеріліп, әлдінің әлсізге күш көрсетуі белең алып, әлемдік ықпалдастықтың жаңа бөлінісі жүріп жатыр бүгінде. Жарты ғасырдан бері жалғасып келе жатқан Таяу Шығыстағы қақтығысты айтпаған күннің өзінде, беріде бес-алты жылдың бедерінде Араб әлемі сойқан соғыстың ортасында қалды емес пе? Былтырдан бері ықпалдастықтың эпицентрі бұрынғы кеңестік кеңістік ортасына да көшкендей. Украинадағы соғыс осының айғағы.

Украинадағы соғыс демекші,  Қырымдағы  жағдай орыстармен мидай араласып кеткен украиндардың таным-түсінігі мүлдем өзгеріп, түпқазығынан, бастау бұлағынан ажырап қалғандығын айдай әлемге әйгілеп бергені. Біз Ресейдегі украин жұртының өкілдері туралы айтып отырмыз. Олар атажұртында қантөгіс болып жатқанда оған қарсы қайрат қыла алмақ түгілі, «мыналарың бассыздық емес пе?!» деп араларынан сауал тастаған Тарас Шевченконың бір ізбасары шықсашы. Шықпады, шыға алмады. Қорқынышты-ақ.

Тарастың бір ізбасары демекші,  айдарлы халықтан тарағандар Ресейде де аз емес. Қарақұрым демесек те, алдыңғы үштікке енетіні айқын.  2010 жылғы санақ бойынша 1 927 988 адам. Ресейге барып нәпақасын айырып жүргендерді қосқанда 3 милионды дөңгелектейді екен. Тіршіліктің қамыты әбден қажытты ма, әлде ұлттық мүдде, мемлекеттілік мәселесіне мүлдем бейғамдық таныта ма, әйтеуір ресейлік украиндар тарапынан құмыққан үнді де есіте алмадық...

Әйтпесе, ресейліктердің басым бөлігінің түп-тамыры украиндарға барып тіреледі екен. Тегі «ко», «юк» жалғауымен аяқталатындардың қатары Ресейде қомақты көрінеді. Орыстанып кеткен украиндардың қалың шоғыры Оңтүстік Федаральдық округінде, оңтүстік-батыс Сібірде және Қиыр Шығыстың оңтүстік бөлігінде алаңсыз өмір сүріп жатыр. Өйткені, әу бастағы алтын тінінен ажырап әлдеқашан орыс болмысына еніп кеткен.

Ресейде бар болғаны бірнеше украин тілінде мектеп бар екен: Мәскеуде, Башқұртстанда, Белгород облысы мен Краснодар өлкесінде. Украин тіліндегі әдебиеттерді оқитындарға қызмет ететін жалғыз кітапхана бар Мәскеуде, бары осы. Әлгі мәдени ассимляция деген көкеңіздің әрекеті бұл. Орыс мәдениетінің ұйығына біртіндеп батырып, ақыр аяғында жұтып қоятын. Ресейлік украиндардың ұйыққа дендеп енгендігі соншалық, өз ұрпағына ана тілінде білім беруге құлықсыз. Ақыр аяғы атажұртындағы трагедияға да бей-жай қарайтын күйге жеткені осының дәлелі емес пе?!

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Нестеренконың Ресейде тұратын украиндардың гуманитарлық құқықтарына қатысты мәселеге берген жауабында «Ресей Федерациясының аумағында украиндардың саны әжептәуір екеніне қарамастан, толыққанды мектеп ашуға байланысты ата-аналар және қоғамдық ұйымдар тарапынан  федералдық және аймақтық білім басқару органдарына іс жүзінде өтініш болған емес. Бұл жағдайды, сірә, шығысславяндық тілдердің және мәдениетінің жақындығымен, ортақ тарихпен және біртұтас православтық христиан дінімен түсіндіруге болатындай». Құдайдың құдіретін қарасаңшы, жауап беріп отырған ресми өкілдің тегі де «ко»-мен аяқталады екен. Бұл да сол орыс арасына біржола сіңіп кеткен айдарлылардың ұрпағы болғаны ғой?

Алайда, тегінен жалғыз ғана «ко» деген жұрнақ қалған жұрттың рухани жағынан жұтылып, біржола орыс болып кеткендігі байқалады. Атажұртына әскер кіргізіп, басқыншылық жасап жатқан тұста жетім лақ құрлы жанұшыра дауыс шығара алмағасын, бар болмысы орыстанып кетті деп қалай айтпассың. Әлде әбден жүректері шайлығып, зәрезап болып қалған ба? Не десек те, санасы езгіге түскен елдің болар-болмас жұрнағы қалғанын сезесің. Төлқұжатында «ұлты» деген графада «украин» деп жазылғанымен, атажұртындағы қасіретке бей-жай қарайтындығы, «күл болмаса, бүл болсын» кейпін танытқандығы – айдаладағы біздің зәре-құтымызды қашырды.

Зәренің ұшқаны сол – тарыдай шашылған алаш ұрпағының басына сын түскенде қалай болатынын ойлағанымыздан. Бауырмалдық жағынан жаһанда қазаққа тең келетін халық жоқ деп жыртылып жүргенде, қара басып қайрат көрсете алмаса, масқараның көкесі сол емес пе?! Алда-жалда солтүстіктегі көршіміз Қазақ еліне тізе батырар болса, сондағы миллионға жуық алаштың ұрпағы үн қата  алар ма? Әлде «біз Ресейдің азаматымыз» деп «аттанға»  «аттан» қоса ма?!

Рухани тұтастықтың, байланыстың әлсіреуі бір атадан тараған ұрпақтың таным-түсінігі де ала-құла қалыптасуына әкеледі екен. Ресейдегі айдарлылардың ұрпағының үнсіздігі, жалтақтығы осыны мегзейді.

Алмас Жәдігер

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары