$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстан тарихта алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуге кірісті

Бүгіннен бастап Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өкілеттілігін орындауға кіріседі деп жазды Sputniknews.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Төраға Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Төрағалықтың міндеттеріне Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің келісімі бойынша кеңестің атынан, сондай-ақ бейресми консультациялар барысындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша және Қауіпсіздік кеңесі әрдайым қандай да бір құжаттың мәтіні бойынша келісімге қол жеткізген кезде баспасөз алдында мәлімдемелер жасау кіреді.

2 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері қаңтар айына арналған төрағалықтың бағдарламасын қарастырып, қабылдайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі мүшелері болып табылмайтын БҰҰ-ға мүше елдер, баспасөз бен Үкіметтік емес ұйымдар үшін кеңес жұмысының бағдарламасы туралы брифингтер өткізіледі. Қазақстанның бастамасымен кеңестің тұрақты емес мүшелері ретінде екі жылдық мерзімге сайланғанына байланысты Қауіпсіздік кеңесінде алғаш рет Кот-д'Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің туын ресми түрде орнату рәсімі өтеді.

18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастар өтеді.

19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы өтеді. Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп жоспарлануда.

25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде "Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі" тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастар өтеді.

Сонымен қатар дәстүрлі түрде қаңтар айында Қазақстан төрағалығының аясында кеңесте Сирия, Либия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка және Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталастар өтеді. Төрағаның бірқатар қарары мен мәлімдемесі қабылданады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары