30.04.2018, 05:14

Ереванда халық қайта наразылық акциясын өткізуде

Ереванда екі күндік үзілістан кейін халық көшеге қайта шыға бастады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, демонстранттар қаланың басты алты көшесінде шеру өткізіп жатыр.

Халық Ереванның орталық алаңын да жапқан. Оппозиция лидері, наразылық қозғалысын ұйымдастырушы Никол Пашинян халықты қайта көшеге шығуға шақырған.

Арменияның Ұлттық мәжілісі 1 мамырда жаңа премьер-министрді сайлау мәселесін талқылайды.

Арменияда сәуір айының ортасында елдің бұрынғы президенті Серж Саргсянның премьер-министр болуына қарсы халық толқуы басталған. 23 сәуірде Саргсян отставкаға кетті. Бірақ биліктің Республикалық партиясына қарсы наразылық жалғасып жатыр. Билік партиясы премьер-министлікке жаңа кандидат ұсынбайтынын мәлімдеді. Парламенттегі көпшілік коалициядан шығып кеткен "Дашнакцутюн" партиясы мен оппозициялық "Гүлденген Армения" партиясы премьерді сайлауда Никол Пашинянның кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеген.

АҚШ мемлекеттік департаменті митингке шыққан барлық тарапты зорлық-зомбылық көрсетуден аулақ болып, диалогқа шақырған.