Қазақ халқының тарихын толықтай қалпына келтіру керек. Мемлекет басшысы «Хабар» және «КТК» телеарналарында көрсетілген «С Назарбаевым о главном» деректі фильмінде осылай деді.
Оның айтуынша, Қазақстан халқы тамырының тереңде екенін біліп, тарихты түгелдей толық жинақтау керек. «Біз сондаймыз, біз мұндаймыз деп көрсету үшін емес. Жоқ, жай ғана білу үшін, өз тарихымызды білу үшін, тамырымыздың тереңде екенін балаларымыз білуі үшін. Барлық халық секілді», — деді Назарбаев.
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу туралы ескерткен Президент бұл оқиғаны «күштілеп тойлауға» шақырды.
«Біз мұны күштілеп тойлауымыз керек және біздің халқымыздың бір сәтте аяғы аспаннан салбырап түсе салмағанын, дамығанын, бұл жерде біздің бабаларымыздың болғанын, олардың бұл жерді қорғағанын, қан төгіп, қазір біз жасағанды армандағанын көрсетуіміз керек», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Назарбаев қазақ халқының түгелдей тарихының жаулап алу емес, қорғау екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қазақ халқының өзі үшін, жерінің тұтастығы үшін, халықтың сақталуы үшін болған күрес. «Қазақтар үнемі қорғанған. Ешқашан шабуыл жасамаған. Сондықтан осы тарихты қайта қалпына келтіру керек және балаларымызға да тамырымыздың тереңде екенін айту керек», — деп қайталады Президент.
Сондай-ақ елбасы тамырымыздың ғұндар мен сақтардан бастау алатынын, бұған дейін тарихымыз туралы шындықтың айтылмағанын айтты. «Бұрын бұның бәрін айтуға қорықты. Енді ешкімнен қорқудың қажеті жоқ. Және бұған ешкім ренжімеу керек», – деді.