Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы “Қазақмыс” компаниясының тау-кен байыту комбинатында жұмысшылар арасында болған жаппай төбелеске байланысты Қазақстан үкіметінде шұғыл жиын өтті.
Сырты істер министрлігі баспасөз қызметі Қытай және Қазақстан азаматтары арасындағы қақтығысқа байланысты үкіметтегі шұғыл жиынға барлық органдар өкілдері қатысқанын, оларға жағдайды толық тексеру тапсырылғанын хабарлады.
СІМ хабарламасында екі жақтан да кінәлілер анықталып, заң бойынша жауапқа тартылатыны айтылған.
Бұған дейін шілденің 8-і күні Аягөз ауданында “Қазақмыс” компаниясының тау-кен байыту комбинатында жұмысшылар арасында жаппай төбелес болып, 31 адам зардап шеккені хабарланған. 21 адам Аягөз бен Өскемендегі ауруханаға жеткізілген.
Полицияның мәліметінше, ауруханаға жеткізілгендер арасында қазақстандық жұмысшылар және Қытай азаматтары бар. “Комбинат асханасында тамақтану кезінде жұмысшылардың бірінің тамақ сапасына көңілі толмай, аспаздың денесіне жарақат салуы жұмысшылар арасындағы төбелеске себеп болған” делінген ресми ақпаратта.