«NewTimes.kz» сайты қазақстандық депутаттарды «мемлекет берген қызметтік үйлерінен айыру керек пе?» деген сауалнама жасады. Сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басым көпшілігі депутаттар мен шенеуніктерді қызметтік пәтерлерінен айыру тиіс деп есептейді екен. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан әр екінші дауыс берушінің пікірі осыған сайған.
Сайт авторларының айтуынша, қазақстандық депутаттар мемлекет бөліп берген Астанадағы жылы үйлерін тастап, кезекті еңбек демаласына тараған. Десе де әлем елдері жаһандық дағдарыстың салқынын сезіп, әлемдік экономика ауыр кезеңнің алдында тұр дейді. Елбасының өзі – мемлекет қаржысын оңды-солды шашуды тоқтату керектігін, алдымызда келе жатқан экономикалық дағдарыстың салдары ауыр тиетінін ескерткенімен, негізгі салмақ қара халықтың иығына түсетіні белгілі.
Ал, сайт авторлары «осындай алағай да, бұлағай шақта қазақстандық «заңшығарушылар» «салықтөлеушілердің» есебінен үлкен аппартаменттерде тұруы тиіс пе»,- деген сұрақты оқырманға қойған. Сауалнама нәтижесі төмендегідей.
Дауыс берушілердің 49,6 пайызы – дауыс берушілердің есебінен күн көріп жүрген депутаттардікі ұят жағдай деп есептесе, 26,2 пайыз респондент олардың әрқайсысының Астанада жеке мүлкі бар деп есептейді екен. Ең қызығы 12,1 пайыз дауыс берушілер мәжілісмендер мен сенаторларды жалдамалы пәтерлерге көшіруді қолдаған.
6,2 пайыз дауыс беруші ғана депутаттарды жақтап, оларға деген сенімнің жоғалмағанын білдірсе, 3,2 пайыз респондент олардың халық үшін қалтқысыз жұмыс істеп отырғандарына сенеді екен. Айтпақшы, 3 пайыз дауыс берушілер – қазақстандық депутаттар бір ғана жалақыға жұмыс жасайды депті. Ал, сауалнамаға барлығы 821 адам қатысқан.