25.06.2015, 10:59

ДCҰ-мен арадағы келiссөздер аяқталды

kz.otyrar.kz

ДСҰ тарихында Қазақстан бойынша келiссөздер ең күрделi келiссөздер болды. Бұл туралы ҚР Экономикалық интеграция істері министрi Жанар Айтжанова мәлiм еттi. 

"Бiздiң келiссөздерiмiз 19 жылдан астам мерзiмге созылды. ДСҰ Хатшылығының, бiзбен келiссөз жүргiзген iрi мемлекеттердiң пiкiрi бойынша, ДСҰ құрылғаннан берi 1995 жылдан берi бiздiң келiссөздер ең күрделi келiссөз болып табылды.  Өйткенi бiз Кедендiк одақта, 2012 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақта мүше болып табыламыз. Сондықтан сұрақтарымыздың жартысы ЕАЭО комиссиясының құзырында болып табылады. Барлық мәселелер бойынша ЕАЭО мүше мемлекеттермен ақылдаса отырып, осы шешiмдердi қабылдадық", - деп атап өттi министр.

Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы сауданың ең iрi үлесi ДСҰ мүше мемлекеттерiне тиесiлi. Сондықтан Ж. Айтжанова, елiмiздiң аталмыш ұйымға енуi заңды деп санайды. 

"Бүгiнгi таңда ДСҰ-ға әлемнiң 161 мемлекетi мүше болып отыр. Әлемдiк сауданың 98 пайызы осы мемлекеттердiң үлесiне тиедi. Егер Қазақстан туралы айтатын болсақ, 2014 жылдың соңғы деректерi бойынша, бiздiң сыртқы сауда айналымымыз 119,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Осы сауданың ең iрi үлесi ДСҰ мүше мемлекеттерге келедi. Сыртқы сауданың 40 пайыз үлесiн Еуроодақ елдерi алып отыр. Одан кейiн Ресей - 19 пайыз, Қытай - 18 пайыз, Швейцария - 5 пайыз, Түркия - 3 пайыз болып келедi. Сондықтан бiздiң сыртқы сауда айналымындағы әрiптес мемлекеттердің барлығы ДСҰ мүшелерi болып саналады. ДСҰ-ға өту деген - тек қана сыртқы сауда саясатын ғана емес, өзiнiң экономикалық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп саласындағы саясаттарын осы ДСҰ ережелерi мен құқықтық базасына сай жүргiзедi деген сөз. Ол бiздiң елге келетiн тiкелей шетелдiк инвестицияның көлемiн арттыруға тiкелей себеп болады. Бiз тәуелсiздiк алған бастапқы жылдарда басқа елдермен екi жақты сауда және инвестициялық келiсiмдерге қол қойған болатынбыз. Сол келiсiмдердiң арқасында бүгiнгi күнi бiздiң экономикамызға 200 млрд. долларды құрайтын тiкелей шетелдiк инвестициялары келдi. Ол бiздiң экономикамыздың өркендеуiне тiкелей әсер еттi. Экономикамыздың қазiргi дамуы кезеңiнде бiздiң ең үлкен мақсат - оны әртараптандыру. Бiздiң экспортымыздың 80 пайызы шикiзаттың еншісінде. Сондықтан бiз қазiргi заманғы инвестициялық және сауда келiсiмдерiн жасап жатырмыз", - деп түйдi Ж. Айтжанова. 

Еске сала кетейiк, 22 маусымда Қазақстан Президентi Н. Назарбаев елiмiздiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiру бойынша келiссөздердiң аяқталғандығын мәлiм еткен болатын. 

Енді шетелдiк көлiктерге салынатын импорттық баж салығы Ресейдегi салық деңгейiнен де төмен болады. Бұл туралы да ҚР Экономикалық ықпалдастық министрi Жанар Айтжанова мәлiм еттi. 

"Импорттық баж салығы бойынша, дәл осы көлiктер үшiн төрт жыл бойы Ресейдегi импорттық баж салығынан аз болады. Әрине, техникалық регламенттер мен еуростандарттар қолданылады, 7 жылдан ескi көлiктер олар елiмiзге енбейдi. Жаңа көлiктерге келетiн болсақ, бiздiң мiндеттемелер Ресейге қарағанда әжептәуiр төмен және баж салығы көлiк құнының 15-18 пайыз көлемiнде", - дедi ол. 

Сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-дағы ең басты жеңiсi - жалпы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң 8,5 пайыз көлемiнде субсидиялауды жүргiзу құқығы. 

ҚР Экономикалық интеграция істері министрi Жанар Айтжанованың мәлiметінше, ДСҰ құрылғалы берi мұндай нәтижеге тек Қытай мен Қазақстан қол жеткiзiп отыр. 

"Келiссөздерде бiз ауыл шаруашылығына басымдық бердік. Себебi халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады. Және олардың табысы мен күнкөрiсi ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған iстерге тiкелей байланысты"

"Сары корзинаға" қатысты сауалдар келiссөздерде өте қиын жүрдi. Ол келiссөздердiң мерзiмiн де ұзартып жiбердi. Себебi бiзге ұйымға ену емес, ДСҰ-ға қандай талаптармен кiретiнiмiз маңызды болды. Ең басты жеңiсiмiз - жалпы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң 8,5 пайыз көлемiнде субсидиялауды жүргiзу құқығы. ДСҰ құрылғалы берi мұндай нәтижеге тек Қытай мен Қазақстан қол жеткiзiп отыр. Қытай 2001 жылы ДСҰ-ға мүше болғанын бiлесiздер", - дедi ол. 

Қазақстан ДСҰ-ға енсе де, өнеркәсiптi қолдаудан бас тартпайды. "Өнеркәсiптiк сала бойынша келiссөздер нәтижесiне келетiн болсақ, Мемлекет басшысы 22 маусымда өзiнiң халыққа үндеуiнде айтты, бiз өнеркәсiп саласын қолдаудан бас тартпайтын боламыз. Бiрақ ДСҰ талаптарына сай келмейтiн кейбiр нормалар бойынша, ДСҰ келiсiмiне сәйкестендiрудi және оларды мемлекеттiк қолдаудың балама тетiктерi арқылы қолдайтын боламыз", - дедi ол.

Министрдiң айтуына қарағанда, келiссөздер барысында әсiресе ең сезiмтал салалар бойынша, арнайы экономикалық аумақ аясындағы өнеркәсiптердi қолдау, еркiн қоймаларды және өнеркәсiптiк құрастырумен айналысатын машина жасау салалары бойынша өтпелi кезеңдер берiлдi. "Ол өтпелi кезеңдер ДСҰ талаптарына сәйкес келмейтiн қолдауларды анықтау үшiн толықтай жетедi. Бiз ол қолдаулар туралы бiлемiз. Бiз осы кәсiпорындар үшiн ДСҰ талаптарына сәйкес келетiн балама қолдау шараларын дайындап қойдық", - деп атап өттi Ж. Айтжанова.

ҚР Экономикалық интеграция істері министрi Жанар Айтжанова мәлiмдегендей, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiк ету келiссөздерi барысында Қазақстанның 50-ге тарта заңына өзгерiстер енгiзiлдi. 

"Экономикалық саясатымызды және Қазақстан заңнамасын ДСҰ нормаларына сәйкестендiру жолында Мемлекет басшысының басқаруымен Парламент пен Үкiмет осы жылдарда қыруар жұмыс атқарды. Осылайша, Қазақстанның 50-ге тарта заңы өзгерiске ұшырады. ДСҰ-ға ену үшiн Кедендiк одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың 10 келiсiмiне қажеттi өзгерiстер енгiзiлдi", - деп атап өттi ол. 

Оның айтуынша, келiссөздер Қазақстанның мүддесiне сай және барлық талаптар бойынша тынғылықты жүргiзiлдi.