Елбасы ұсынған 5 институттық реформа негізінде кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, экономикалық өсім үшін негіз болатын заң үстемдігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге қол жеткізу мен болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет құру қажеттігі қамтылған болатын.
Бұл ретте елімізде әртүрлі сала мамандары өз тарапынан атқарылып жатқан ауқымды шаралар жөнінде кезең-кезеңімен БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп тұрады. Осының аясында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекетіміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бес реформа ішінен көрініс тапқан экономика саласындағы индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу барысында қолға алынып жатқан жұмыстар жайында кеңінен әңгімеледі.
Бұл бағыттағы жұмыс Президент жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның аясында жасалуда, деді министр өз сөзінде. Оның айтуы бойынша, көлік пен логистика, инвестиция тарту, экспорт, энергия үнемдеу және геология мен жер қойнауын пайдалану мәселелеріне басымдық берілуі тиіс. Министрдің атап өткеніндей, әлемдік экономикалық ахуал біздің елге салқынын тигізіп отырғандығы жасырын емес. Бұл ретте металл мен мұнай бағасының төмендеуін тілге тиек еткен Ә.Исекешев осыған орай құрылымдық реформалардың қажеттігін түсіндірді. Кадрларды даярлау, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, бизнесті ашу рәсімдерін жеделдету мәселелеріне мән берілу тиіс екендігін атап айтты.
Бұл мәселелердің шешілуі елімізді дамыған елдердің стандарттарына сай өңірдегі ең мықты экономикалық орталыққа айналдыратындығы, елге инвесторлардың келуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететіндігі сөз болды. «Әсіресе, бұл жағдайлар ауыл аймақтарда шағын және орта бизнесті молырақ ашуға септігін тигізеді. Реформа арқылы Қазақстанды өңірлік қаржы орталығы ретінде Еуропа мен Азия арасындағы көлік пен логистикалық дәлізге айналдыру міндеті тұр», деді министр осы міндеттерді жүзеге асыру отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндікті арттыратындығын атап айтты.
Сонымен қатар, Ә.Исекешев реформалар аясындағы нақты қадамдарға тоқтала отырып, реформалардың қандай тапсырмалар жүктейтініне назар аударды. Реформалар аясында интеграциялық үдерістердің тереңдей түсетіндігін, экономикалық байланыстың ұлғаятындығын, кедендік саясат пен тәртіптің оңтайландырылатындығын айтты.
Экономиканың басым секторларында «зәкірлік инвесторлармен» – халықаралық стратегиялық серіктестермен («Эйр Астана», «Теңізшевройл», ҚТЖ локомотивтерін шығару жөніндегі зауыт үлгісі бойынша) бірлескен кәсіпорындар құру барысында атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталған министр инвесторлармен елімізде жоғары технологиялар және экспортқа лайықталған секторларда туризм және энергия үнемдеу саласында бірлескен жобалар жасалатын болады, деді. Одан бөлек жер қоймасын пайдалану саласының ашықтығын арттыру бойынша келісімшарттарды жасаудың оңайлатылған әдісін енгізу тәсілдері қаралуда екендігін жеткізді.
Мысалы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен «Эйр Астана» ҰӘК ірі халықаралық операторлар ретінде дамытылып, автокөлік және теміржолдардың сапасы жақсаратындығын көлденең тартты. Шетелдік 18 компания Қазақстанға қайта инвестиция салуға мүдделі екендігін жеткізді. «Бізде қысқа мерзімді инвесторлар жұмыс жасап жатыр. Мақсатымыз – сол компаниялардың біздің экономикаға қайта инвестициялауына қол жеткізу. Мысалы, егер Лотте компаниясы Рахат компаниясын сатып алса, біз ол инвестормен жұмыс жасап, тапқан пайдасын өз елдеріне алып кетпеу үшін, біздің елде өзге де фабрикаларды салуына жағдай жасаймыз», деп атап өтті Ә.Исекешев.
Сонымен қатар, биылғы жылы туризм саласының өскендігіне назар аударған министр мысал ретінде Алакөлде шамамен 80-ге жуық шипажайда және демалыс базасына жақын орналасқан жалдамалы үйлерде бос орын жоқ екендігін айтты. Каспий, Бурабай мен Балқашта да дәл осындай жағдай қалыптасып келе жатқандығын, саланы одан әрі дамыту үшін туризм бағдарламасын түзету қажеттігін, бұл мәселеде Түркия тәжірибесіне мән берілетіндігін айтты.
59-қадамға нақтылай тоқталған Ә.Исекешев мойындалған халықаралық энергосервистік шарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторлар тарту жөніндегі бірқатар мәліметтермен бөлісті. Энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру мемлекеттің стратегиялық тапсырмалары қатарына кіреді. Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 2020 жылдарға қарай 25 пайызға, ал 2050 жыдарға дейін 50 пайызға төмендетуді алға қойған болатын. Аталған тапсырма біздің энергия тиімділік саясатындағы басты бағдар болады, деді ол.
Министрдің айтуы бойынша, бүгінгі таңда біздің ел 850 тауар түрін экспортқа шығаруда. Оның 160-ы бойынша Қазақстан «ТОП-50» экспорттаушы мемлекет қатарына енді. Нақты айтқанда, біздің мемлекет 50 үздік экспорттаушылар тізбесінде 49-орынды иеленген. Қазақстан сары фосфор мен уран жеткізуде бірінші орында. Сары фосфор бойынша Қазақстан әлемдік экспорттың 40 пайызына ие болса, уран бойынша 46 пайызын иемденеді. Бұл ретте экспорт әлеуетін тек осы аталған тауарлар бойынша арттырып қоймай, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жағдай жасап, еліміздің жоғары сапалы тауар жеткізуші ел ретінде имиджін көтеруді мақсат етіп қою қажет.
Министр басқа да бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
Сонымен қатар, Елбасының ұсынған 5 институттық реформасына, сондай-ақ, тарихтың жаңа толқынында ұлт бірлігін нығайта түсуге және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеуге қатысты мәселелерді апта соңында Астанада өткен жиында депутаттар, отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, саясаттанушылар және әлеуметтанушылар кеңінен талқылады деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
«Қазақстан саясаттанушыларының конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп өткізген саясаттанушылардың халықаралық форумы «Қазақстан жолы – болашағы бір ұлт» тақырыбында ұйымдастырылған. Форумды Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев ашып берді. Ал Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов жиынды жүргізіп отырды.
Юрий Солозобов, саясаттанушы, Ресей Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда жүргізіп келе жатқан салиқалы саясатына лайықты бағаны халықтың өзі берді. Үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде өткен президенттік сайлауда Қазақстан халқының дауыс беру белсенділігі ең жоғары деңгейде болды. Нақтылай айтқанда, қазақстандықтардың 98 пайызға жуығы Президенттің саясатын қолдап-қуаттап дауыс берді. Мен сайлауды байқаушы ретінде бұл фактіге куәгер бола аламын. Президент сайлауы барша Қазақстан халқының сенім мандатына айналды. Бұл қазіргі буын ғана емес, сонымен қатар, болашақ ұрпақ арасында да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған бағыт, алға қойған ауқымды міндет кеңінен қолдауға ие болғанын айқындайды. Біз Қазақстанда өте маңызды, мақсатты, өміршең саяси және экономикалық реформалар іске асып жатқандығын көріп жүрміз. Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жарқын көрінісі екенін білеміз. Сондықтан да халық ол кісіні әрдайым қолдап келеді. Қысқарта айтқанда, Қазақстан Президенті өз елін дамытып, алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатында тың бастамаларды, ауқымды міндеттерді күн тәртібіне шығарып отыр. Ал мұның барлығы өз кезегінде жемісін бермей қоймайды.
Хуман Садри, АҚШ-тың Ақпарат және саяси талдау орталығының президенті:
– Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көрінуіне мүмкіндіктер көп. Менің ойымша, қай мемлекет болса да оның қуатын арттыру үшін бірнеше фактор қажет. Солардың арасындағы ең маңыздысы – экономикалық ресурстар. Ал мұндай ресурс Қазақстанда жеткілікті. Бұған қоса, сіздердің елдеріңізде адами ресурстар да бар. Қазақстан жастары білімді. Барша әлемде қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер кеңінен танылып келе жатыр. Бұл Қазақстан Президентінің осы бағыттағы жұмыстарының жарқын көрінісі. Мұны мен Қазақстанның өзгелерден артықшылығы деп білемін. Тағы бір ерекше айтып өтер жайт, Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында мүмкіндігі жоғары, жетекші орындағы мемлекет. Елдегі тұрақтылық, орнықты даму Қазақстанды Орталық Азиядағы ғана емес, дүниежүзіндегі беделін өсіре түседі. Бұл орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айтпай өту орынсыз болар. Мемлекет басшысының уақыт талабына сай тамаша шешімдер қабылдауы кісі қызықтырады. Әсіресе, соңғы кезде күн тәртібіне шығарылған мемлекеттік бағдарламалардың, талайлар тамсана айтып жүрген бес институттық реформаның қолға алынуы Қазақстанды биік белестерге жетелейді.
Арун Моханти, Дж.Неру атындағы университеттің Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының төрағасы (Үндістан):
– Қазақстан алдағы 30 жылда әлемнің дамыған 30 ірі мемлекетінің бірі болуға ниет білдіріп отыр. Меніңше, бұл межеге жетуге елде алғышарттар іргесі қаланып, нақты жоспарлар түзіліп қойған. Сол жоспарлардың бір бөлігі ретінде тұрмысы орта санаттағы адамдардың қатарын көбейту міндетін айтар едім. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сайлауалды науқаны кезінде халыққа түсінікті етіп айтып берген болатын. Қоғамда орта санаттағы азаматтардың көп болуы елдегі тұрақтылыққа кепіл болатын факторлардың бірі екені анық. Мәселен, Еуропа елдерінде тұрақтылық факторы – орта санаттағылар. Бұл топтағылар еуропалық және өзге де дамыған елдерде халықтың шамамен 60-70 пайызын құрайды. Президент осыны жақсы біліп отыр. Сондықтан да ол кісі бұл мәселеге баса назар аударуда. Жалпы, алдағы 10-15 жылда Қазақстанда халықтың шамамен 70 пайызы орта санаттағылар болатынына сенемін. Президент әлеуметтік инфрақұрылымды заман талабына сай құру керектігіне қатты көңіл аударып отыр. Дәлірегі, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға қомақты қаржы салынып, тиісті жұмыстар атқарылмақ. Осы сәтті пайдалана отырып айта кетейін, Қазақстан – инвестиция тарту ісінде тәжірибесі мол мемлекет. Бұл туралы көп айтуға болады. Қазақстан Президенті инвесторлар үшін елде жағымды ахуал қалыптастыруға көп жұмыс істеді. Енді соның игілігін халық көруде. Айта кетейін, «Жібек жолы» жобасы аясында Қазақстанға құйылатын инвестициялар алдағы 10-15 жылда 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Тиберио Грациани, Жоғары геосаяси зерттеулер және аралас ғылымдар институтының президенті (Италия):
– Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар Орталық Азияға үлгі бола алады деп есептеймін. Сондай-ақ, ел дамуының кепілі ретінде қарастырылып отырған бастамалардан Қазақстанның әлемдегі өзіндік рөлін айқын көруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті ғаламдық экономикалық дағдарысқа қарсы күресуде нәтижелі жұмыстар атқарып, оңтайлы шешімдер қабылдауда. Дағдарысты еңсеруде сіздердің мемлекеттеріңіздің тәжірибесі өте көп. Сондықтан да Қазақстан бұл мәселеде соншалықты қинала қоймайды. Негізінен, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын әлемдік дағдарысты еңсерудің ұтымды шарасы деп қарастыруға болады. Бұған қоса, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күн тәртібіне дер кезінде шығарған бес институттық реформасы Қазақстанның әлеуетін күшейтіп, ел дамуының бұған дейін қалыптасқан алғышарттарын одан әрі жетілдіре түседі. Ал қазақстандықтардың өз Президенттерінің бастамаларына бірауыздан қолдау білдіруі аталмыш реформаның өз деңгейінде жүзеге асатынын аңғартады.
Малек Мартин, Австрия Ұлттық қорғаныс академиясының аға ғылыми қызметкері:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты Қазақстанды тұрақтылықпен қамтамасыз етіп отыр. Мұны қазір әлем мойындайды. Қазіргі таңда әлемде «ыстық нүктелер» көп. Ал Қазақстан өзінің тыныштығымен, ынтымағымен үлгі көрсетуде. Еңсесі биік, мәртебесі жоғары деп есептелініп жүрген елдердің өзі дағдарыс қыспағынан шыға алмай, халқы қиналып отырған осы шақта Қазақстанның жаһандағы озық 30 елдің сапынан көрінуге талпынуы кімді де болса қызықтырмай қоймайды. Бұдан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жемісті саясатын көремін. Баршамыздың есімізде болар, Кеңес Одағы тарап, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде бұл елдің болашағына күмәнмен қарап, орынсыз пікірлер айтқандар көптеп кездесті. Бірақ, олардың бұл ұшқары ойлары теріске шықты. Мемлекет басшысының өлшеусіз еңбегі арқасында елдеріңіз санаулы жылдар ішінде адам танымастай өзгерді. Басқасын былай қойғанда, Астананың қазіргі келбетіне қарап көз тоймайды. Әсіресе, қазақстандықтардың ауызбіршілікте ғұмыр кешуі көңіл тоғайтады.
Данияр Әшімбаев, сарапшы-саясаттанушы:
– Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің елімізді жаңа белестерге жетелейтін басты бағыттардың бірі. Мемлекетімізде жарқын болашаққа бет түзеу үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының өзіндік рөлі зор екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысының саяси шешімдері қашанда әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталып келеді. Осы арада айта кетейін, Президент бірқатар аспектілерді атап, болашақ үшін өте қызықты бағыттарды нақтылап берді. Бұл өз кезегінде еліміздің орнықты дамуына жол ашады деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасы ел үшін маңызды. Оны жүзеге асыруға бүкіл қазақстандықтар атсалысуы қажет. Өйткені, ол біздің болашағымызға тікелей қатысты.
Эдуард Полетаев, саясаттанушы, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасы дер кезінде жарияланды деп есептеймін. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі саяси ахуал қиын жағдайда тұр. Бұл тұрғыда көптеген мысалдар келтіруге болады. Жаһандық экономикалық дағдарыстың ауыртпалығы талай мемлекетке оңай тимей отыр. Осындай кезеңде Қазақстан өз алдына жаңа міндеттер, тың жоспарлар түзуі қажет болды. Елбасы бұл мәселеде өте сәтті қадам жасады. Енді мемлекеттің бұдан әрі қарай орнықты дамуын сақтау үшін халықтың ынтымақты болғаны маңызды.
Қазақстан халқы өз болашағы үшін аса маңызды да тарихи мәні зор таңдауын жасады. Таңдау деген – халықтың еркі, қалауы. Ал демократиялық қоғамда халықтың таңдауынан, халықтың еркінен жоғары қандай құндылық болуы мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев – заманның да, халықтың да, уақыттың да таңдауы түскен тұлға!
Сайлауалды бағдарламасында Елбасымыз 5 институттық реформа жасау қажеттігін негізгі бағдар етіп алды. Бұлар өте маңызды реформалар, жаңаруға бастар жаңа қадамдар деп ойлаймын. Мен үнемі бір нәрсеге көз жеткізіп келемін. Ол – Елбасымыздың қоғам алдына қандай бағдарлама, қандай ірі мақсаттар қойса да соны уақтылы орындап келе жатқаны. Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде бес институттық реформа жасау қажеттігін айтып, ел Президенті жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құру тапсырылды. Ал енді кеше ғана сайлау өтті, Елбасымыз сайлана салысымен Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құрылып, жұмысқа кірісіп те кетті. Уақыт оздырылмай жоғарыда айтылған реформалар қолға алынып жатыр.
Абай атамыздың бір жақсы сөзі бар, «Істі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан танисың» деген, яғни бұл бір іс қолға алынғанда қандай стратегиялық мақсат қойылғаны, оған деген күш-жігердің, ниеттің қаншалықты болғанынан-ақ танылады дегенге саяды. Сол айтылғанындай, аз күн ішінде-ақ жоспарға алынған осы реформаларды жүзеге асыру үшін көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Президент жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссияның құрылуы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған реформаларды жүзеге асыруға қарай жасалатын жүз қадам туралы нақты шешімдер осының айқын дәлелі бола алады. Сондықтан мен бұл реформалардың толықтай жүзеге асатынына сенемін. Тек әр азамат соған тамшыдай болса да үлесін қосса, бұл біздің еліміздің ортақ жеңісі болар еді. Енді осы бес институттық реформаның еліміз үшін маңыздылығына тоқталсам, алдымен айта кететін нәрсе – мемлекеттің іргесін нығайтып, жаңаруларға жетелейтін бұл реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс екендігі. Алғашқы реформа – баршаға ортақ заманауи мемлекет құру. Мұндағы негізгі бағдар заманауи, кәсіби, автономды мемлекеттік аппарат құруға негізделеді.
Бұл жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның ықпалымен команда құру дегенге жол берілмейді. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның сүйеуімен команда құрудың жемқорлық, кадрлық әлеуеттің төмендеуі тәрізді факторларға әкелетіні белгілі. Осы реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің корпусын кәсіби және автономды дәрежеге жеткізу. Мемлекеттік қызметкерлер корпусының, әсіресе, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің автономды болуы дегеніміз, сайлау, министрлер мен әкімдердің және басқа да жетекшілердің ауысуы кезінде мұның олардың жұмысына әсер етпеуі болып саналады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуінде олардың кәсіптік дәрежелерден өтіп, кәсіби біліктілігін нақты тәжірибеде жинақтауына көңіл бөлу де осы реформаның мазмұнына кіреді. Бізде, жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметкерлер арасында бұрын бизнесте болған адамдар бар. Мұндайда мүдделі болу деген мәселенің де бой көрсететіні жасырын емес. Болашақта біз ондай адамдарды мемлекеттік қызмет саласында азайтуымыз керек.
Сонымен қатар, менің ойымша, мемлекеттік қызметте кәсіби орындаушылар ғана емес, мемлекетшіл азаматтар көбірек болғаны дұрыс. Мемлекетіміздің болашағын, өткені мен келешегін болжай алатын стратег мемлекетшіл адамдар мемлекеттік қызметте көбейетін болса, мемлекеттік аппараттың да әлеуеті арта түседі. Реформаларды жүзеге асыру үшін бізде қаражат та, кадр да бар. Қазақстанның Алтын-валюта қоры, 2015 жылдың ақпан айындағы көрсеткіш бойынша, 100,783 млрд. АҚШ долларын құрады. Қаржы мәселесін Ұлттық қор арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Ал кадр мәселесіне келсек, биыл Назарбаев Университетті 400-дің үстінде бакалавр, 100-ден астам магистрант бітірмекші. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясы бойынша біздің жастарымыз әлемдегі дамыған мемлекеттердің танымал оқу орындарында білім алуда. Олардың көпшілігі қазір елге келіп, мемлекеттік аппаратта жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған түлектердің саны 7929-ды құрап отыр. Оқып жүргендері 4000-ға жуық. Бұған Ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарымыздың өз қаражатына шетелдерде оқып жатқан азаматтарымызды қосыңыз. Сонымен қатар, республикамыздағы облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері де бар. Оларда оқып жатқан балалар келешектегі біздің зор үмітімізді ақтайтын нағыз мемлекетшіл азаматтар болып қалыптасады деген сенімдемін. Қысқасы, біздің кадрлық әлеуетімізді жоғарылатуға барлық жағынан мүмкіндік мол. Екінші – институттық реформаға келер болсақ, бұл қоғамдағы заңның үстемдігін арттыру болып табылады. Заңдар азаматтық қоғамдағы басты құндылықтарды қалыптастырушы бірден-бір абсолютті маңызды сипатқа ие күш болуы тиіс. Осы екінші реформаның мазмұнына сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай дәрежеде жұмыс жасауына қол жеткізу елдің әділ заңға деген сенімін арттыру енеді. Мұның ең басты артықшылығы әлеуметтік әділетсіздіктерге жол бермеу екендігін айтып өткім келеді. Демократиялық қоғамдағы ең басты құндылық адамның құқығы мен еркіндігі болса, оны жүзеге асырушы бірден-бір тетік – осы әділ заң мен құқық сақшылары. Сондықтан да бұл реформаның еліміздің әрбір азаматына берері мол. Мұның еліміздегі құқықтың мәдениетті, құқықтық сананы дамыған мемлекеттердегідей дәрежеге көтеріп, мемлекетімізді әрі қарай демократияландыра түсудегі маңызы зор дер едім. Құқықтық мемлекетте адам заңға сенуі тиіс. Сондықтан заңдардың үстемдігінің артуы – адам құқықтарының негізгі орынға шығуы деген сөз.
Құқықтың мемлекет теориясына ерекше үлес қосқан француз ойшылы Жан Жак Руссо: «Еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін заңдар деп аталатын қасиетті қамытқа мойынсұнып өмір сүретін қоғамда ғұмыр кешу адам өмірінің жарты бақыты», деп тектен-тек айтпаса керек. Бұл реформа демократиялық қоғамның жоғары талаптарына қарай көшетінімізді білдіреді. Қазір біз сапалы заңдар қабылдап жатырмыз. Мен ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының мүшесімін. Біз осы ұйымға мүше ТМД елдерінің өзге де депутаттарымен жылда кездесіп тұрамыз. Сонда салыстыра қарағанда, әріптестеріміз біздің қабылдап жатқан заңдардың сапасы мен ерекшеліктеріне үнемі қызығушылықпен қарайтынына куә болып жүрмін. Менің заңның үстемдігін арттыру реформасына байланысты айтарым, мұнда заңдардың орындалуы мәселесіне тыңғылықты көңіл аудару керек. Заңдардың орындалуын ашық байқап отырған қоғамда заңдарға деген сенім мен құрмет пайда болады. Үшінші реформа – орнықты экономиканы бағдар еткен индустрияландыру мен экономикалық өсу. Елбасымыз айтып өткендей, «кәсіби мемлекеттік қызмет пен заңдардың үстемдігі экономикалық реформалар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызбақ». Мұнда өнім өңдеу секторын дамытып, оны экономикалық өсудің тетігіне айналдыру қолға алынбақ. Индустрияландыру еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға да жағдай туғызатын болады. Бұған бізде барлық мүмкіндіктер бар. Нақты нәтижеге қол жеткізуді көздеген инфрақұрылымдық бағдарламалар, болашаққа бастайтын нұрлы жолымыз да бұған айтарлықтай септігін тигізеді деген пікірдемін. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы қажеттігін Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты өз Жолдауында да айқын атап көрсеткен болатын. Қазір елімізде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда.
Оның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдары жүргізілді. Сол бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің алты саласы таңдап алынған-ды. Олар: металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібі. Бағдарламаның екінші кезеңінде 2015-2017 жылдарға арналған оңтайландырылған республикалық бюджетте еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы туралы мемлекеттік бағдарламаға 230,2 миллиард теңге көзделген. Оның ішінде 2015 жылға 102 миллиард теңге қарастырылса, 2016 жылға – 52 миллиард, ал 2017 жылға 45 миллиард теңге бөлінетін болады. Егер бірінші кезеңді қарастырып көретін болсақ, Елбасы айтқандай, бағдарлама жүзеге асырылған бес жылдың ішінде бізде 400 бұрын-соңды Қазақстанда болмаған жаңа өнімдер шығарылуда. Бұған салынған қаражаттың 70 пайызы шетелдік инвестиция екендігін де реті келгенде айта кету керек. Бұл капитал Қазақстан экономикасын нығайтуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған. Елімізде 770 кәсіпорын ашылғанын да тілге тиек ете кеткен жөн. Бұл ретте 75 мың адам бұрын-соңды болмаған мамандықтар бойынша жаңа жұмыс орындарына орналасты. Енді елімізде жүргізілмекші осы институттық реформалардың идеологиялық қырына тоқтала кетер болсақ, Елбасымыз үнемі айтып жүрген елдік мұратқа айналған ортақ идея – «Мәңгілік Ел» идеясы. Осы идея елімізді біріктіруші идеологиялық санаға айналуы керек деп ойлаймын. Қолға алынған реформалардың төртіншісі болашағы біртұтас ұлт мәселесіне арналған.
«Мәңгілік Ел» идеясы да осы мұраттармен үндес. Біздің еліміз – 140-қа тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті, береке-бірлігі бұзылмай өмір сүріп жатқан бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қоғамдық санамыздағы басты идеологияға айналып келе жатқан жаңаша сана деу керек. Осы төртінші реформаның ең негізгі мазмұны – «Мәңгілік Ел» идеясының аясында біріктіруші құндылықтарды негіз еткен қоғамдық жаңаша идеологиялық сана қалыптастыру жатыр. Елді біріктіруші құндылықтар – әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру, білім алу, еңбексүйгіштік, зайырлылық және төзімділік, адамшылық, имандылық дер едім. Осы тұста Елбасымыздың айтқан кеткен жақсы сөзі бар: «Елді біріктіруші ортақ құндылықтарды этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюға қол жеткізуіміз керек», деген. Азаматтық қоғам қашанда этностық мінез-құлық модельдеріне емес, ортақ адамзаттық құндылықтарға негізделе құрылуы тиіс. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген Абай атамыздың данышпан ой тұжырымы осы төртінші реформаның мазмұнын бізге дәл ашып береді деп ойлаймын. Төртінші реформа – болашағы біртұтас ұлт. Бұл жерде жаңадан ұлт қалыптастыру деген ой жоқ. Бұл жердегі басты идея еліміздегі ұлттарды біріктіретін ортақ, біртұтас болашақ жайында айтылып тұр. Яғни, біз тарихымызда сан ғасырлық дүрбелеңді кешірген халықпыз. Біздің жерімізге уақыттың жазуымен басқа ұлттар келіп, араласып өмір сүріп кетті.
Ол да өзіміз сияқты адамның баласы. Қазақ халқының ұлылығы сонда, солардың барлығын жатырқамай ағайыншылдығын, адамшылық, бауырмалдық қасиетін танытты. Олар бізбен тағдырлас болып кетті. Ешкім де өз тарихын сұрап алған жоқ. Олай болса енді бізді біртұтас болашақ қана күтеді. Сондықтан Елбасымыз ұсынып отырған қоғамдық біріктіруге бағытталған болашағы біртұтас ел болып қалу – аса маңызды шаруа. Қазақ мемлекетінің негізін құраушы – қазақ халқы. Оған ешкім күмән келтіріп, дау тудырып жатқан жоқ. Енді осы мемлекетті түзуші қазақ ұлтының айналасында елімізде тұрып жатқан басқа ұлттар бірігіп, ортақ болашақ туралы ойласа, мүдде де, біртұтастықты көздеген идеологиялық санамыз да күшейе түсер еді. Қазақта «Жолы бөлек жоспарын бірге жасамайды» деген тағылымды сөз бар.
Ал жаңарудың төртінші реформасы саналатын болашағы біртұтас ұлт деген ұғым жолымыздың да, жоспарымыздың да бір екенін аңғартып тұрса мұны көре алмаған тұз жаласын дегеннен басқа не айтасың. Сондықтан елді біріктіруде мұның маңызы өте зор. Президент айтқандай, мұны жүзеге асыруда «қазақтарға мемлекетті құраушы ұлт ретінде ерекше жауапкершілік жүктеледі». Біз қазақ халқы мемлекетті құраушы ұлт ретінде «біртұтас болашақ» деген идеяның аясында басқа ұлт өкілдерін өз айналамызға топтастырып, бірлікке шақырсақ, олар да жолымыз бір екенін танып, жоспарын бірге құрмақ. Жалпы, «Мәңгілік Елді» жасайтын ол – біздің жастарымыз. Біздің қоғамдағы 50-60 жас арасындағылар бұрынғы ескі жүйені көрген, сол идеологиямен тәрбие алып қалған адамдар. Жаңарудың бастау негізі – жастарда. Бізде қанша жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алып, елге келіп жатыр. «Өнерді үйрен де жирен» деген бар. Олар шетелдердің артықшылықтары мен кемшін тұстарын көзімен көріп, санасына түйіп келген мамандар. Сонымен қатар, жастар жағы имандылыққа жақын. Олардың санасы, жаны таза.
Олар ескі идеологияны көрмегендер. Сондықтан «Мәңгілік Ел» идеясын жастарға арналған жаңа идеология деп білуіміз керек. Бесінші реформа ашық, транспарентті мемлекет құру. Мұндағы басты идея мемлекеттік ұйымдар мен қарапайым халықты жақындастыру. Мемлекеттік ұйымдар мен құрылымдардың жұмысы елге түсінікті болуы, айқын болуына қол жеткізу реформаның басты мазмұнына кіреді. Халыққа есеп беруші, халықтың алдында тікелей жауапты мемлекет қалыптастыру. Барлық мемлекеттік істер, қызметтер кім үшін, әрине, халық үшін. Мұны шынымен жүзеге асырсақ, елдегі әрбір азамат қоғамдағы істерге белсене араласып, сол мемлекетті жасаудағы өзінің рөлін сезінбек. Сондықтан Елбасымыз осы тұста азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет қаржысын бөлуге қатысуын, қоғамның өзін өзі реттеуін енгізуді, билік өкілеттіліктерін азаматтық қоғам институттарына бере отырып, мемлекеттік органдардың араласу аймағын қысқарту, мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту туралы айтуының маңызы зор. Мұның бәрі бірте-бірте жергілікті өзін-өзі басқару институттарының күшеюіне әкеледі. Ал бұл – аса дамыған демократиялық мемлекеттерге тән көрініс.
Ал Қызылор қаласындағы «Сыр медиа» жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Майра Барақбаева БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында Елбасының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасы сөз болды.
Елбасының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасының 46, 48-қадамында «Құрылысқа рұқсат алудың 3 сатылы қағидасы» мен «Құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу» жайында айтылады. Сонымен қатар, 49-қадамында «Кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына Еуродақтар жүйесін енгізу» төңірегінде баяндалады. Дүниежүзілік Банктің«Doing Business» рейтингісіне сәйкес құрылыс бастауға рұқсат беру индикаторы бойынша, өткен жылы мемлекетіміз 152- орынды иеленсе, биыл 154-орынға тұрақтады. Осыған орай алдағы жылы «Doing Business» рейтингісіндегі құрылысқа рұқсат беру индикаторы бойынша мемлекетіміздің ұстанымын жақсарту жоспарлануда.
Бес институттық реформаға сәйкес, рұқсат алуды оңтайландыру және құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы қағидаты енгізілді. Жалпы бұрын құрылысқа рұқсат алу тәртібі 25 рәсімнен тұрып, кемінде 183 күнді талап ететін. Ал қазір қолданыстағы заңнама талаптарына енгізілген өзгертулермен толықтыруларға сәйкес бұл тәртіп 7 рәсімнен тұрып, құрылысқа рұқсат алу 16 күннің ішінде жүзеге асырылады.
Ресурстық әдіспен құрылыстың сметалық құнын анықтау тәртібі 3 кезеңмен жүргізілетін болады. Осы кезеңдер бойынша ресурстық әдіспен құрылыстың сметалық құны анықталып, құрылыста баға қалыптастырудың жаңа әдісі енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа материалдармен, жабдықтармен және технологиямен сметалық-нормативтік базаны жедел жаңарту қамтамасыз етіледі.
2015 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда Еурокодтар жүйесіне негізделген жаңа нормативтік база қалыптастырылды. Нормативтік база бойынша, кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына жаңа нормативті базаларды енгізу жұмыстарын толықтай 2021 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Шымкенттегі сәулетті «Rixos» қонақ үйінің мәжіліс залында осындай тақырыппен Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Қазақстан саясаттанушылары конгресінің қатысуымен өңірлік сарапшылар форумы өтті.
Алға озып айтар болсақ, форум кейбір жиындардағыдай жадағай баяндама, жаттанды сөзден аулақ тың пікірлермен өрбіп, жұртшылықтың көкейіндегі күмәнді сұрақтарға мүмкіндігінше жауап беруімен есте қалды.
Негізгі ұйымдастырушы Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, модератор Ерлан Қариннің «біз кейбір мәселелерде ашық кетіп, кейбір жағдайларда бір-бірімізден аулақтау жүруге тырысатындығымызбен мемлекеттік мүдде, ұлттық құндылық мәселелеріне келгенде бір қолдың саласындай бірігеміз», деуі біздегі орта буын саясаткерлер мен сарапшылардың идея баяндылығын байқатқан. Ерлан Қарин Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде «Бес институттық реформа» туралы айтқан мемлекеттік саясат бағдарламасынан өрбітіп, елімізде өткен президенттік бес сайлау науқанының тұсындағы негізгі өзекті мәселелерді саралап берді.
1991 жылғы сайлауда тәуелсіздікке қол жеткізумен қатар, Қазақстанның билік құрылымдарын құру, мемлекеттік бағытын айқындау тұспа-тұс келсе, кейінгі сайлауларда да елімізді бүгінгідей қуатты мемлекет қатарына жеткізген мәселелер кезең-кезеңімен талданған.
Ол әлемдік дағдарыс, геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы қарсаңында өткелі отырған биылғы сайлаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Бұрын мұндай форумдар Алматы, Астана секілді ірі орталықтарда ғана өтіп келсе, енді облыс орталықтарына ауысқанын, билік пен қоғам арасында алтын көпірге айналып келе жатқанын айтты.
Форумда облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали мемлекеттік саясат, бес институттық реформа жөніндегі ойларын ортаға салды. Ұлттық стратегиялық институттың директоры Бөріхан Нұрмұхамедов «Президенттік сайлаудың маңыздылығы» туралы пікірлерін АҚШ және Еуропа елдеріндегі сайлау үдерістерімен шендестіре жеткізді.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков «Бес институттық реформаны іске асырудың аймақтық ерекшеліктері», «Абай-ақпарат» қорының вице-президенті, саясаттанушы Айдос Сарым «Бес институттық реформа: мемлекет дамуының жаңа кезеңі» тақырыптарында сөз сөйледі. Саясаттанушылар Ерлан Сайыров «Мемлекеттік саясатты жүргізуде ұлттық интеллигенцияның рөлі», Берік Әбдіғалиұлы «Болашағы біртұтас ұлт: мүмкіндіктер мен қиындықтар», Ғаппар Маймақов «Ел бірлігін нығайтудағы президенттік сайлаудың маңызы» жайында тың ойларын ортаға салды.
Ерлан Қаринның айтуынша, «Кей жағдайда пікір алуандығы, әртараптылығы байқалғанымен, ұлттық мүдде, мемлекеттік мәселеге келгенде ойы, іс-қимылы бір жерден түйісетін «саясат сарбаздарының» бірегейі Айдос Сарымның оқшаулау ойлары қалғыған сананы оятатындай, қазақ ұлтының пайдасына жұмыс жасайтын, төрт құбыланы түгендеуге ықпал ететіндей маңызға ие екендігімен ерекшеленді. Форумға қатысушылар айтылған пікірлерден үлкен олжа тауып қайтты.
Бөріхан Нұрмұхамедов, Ұлттық стратегиялық институттың директоры:
– Бүгінгі өткізіліп отырған дөңгелек үстелде көптеген мәселелер көтерілді, кейбір өткір тақырыптарға жауап таба алдық. Елбасы бүгінгі геосаяси жағдайға байланысты «бүтіндей алғанда бой көрсетіп отырған жаһандық сын-қатерлерге қалыптан тыс және күшті жауап беру керек» деген болатын. Тұтастай алғанда, Қазақстан Орталық Азияда жетекші мемлекеттердің біріне айналып, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кірудің алғышарттарын жасап жатыр. Біздің міндет осы мақсатты жүзеге асыруда билік пен қоғам арасындағы жарасымдылықты орнықтыру, бір мақсатқа қызметке ықпал ету болып табылады.
Ерлан Сайыров, саясаттанушы:
– Елбасы осыдан оншақты жыл бұрынғы еңбектерінде бүгінде әлемде бой көрсетіп жатқан күрделі мәселелердің орын алатындығын сездірген болатын. Қазақстанда дүркін-дүркін қолға алынған реформалар елімізді осы тығырықтан шығаруда үлкен рөл атқарды. Бірақ, біз бұған тоқмейілсімей, мемлекетіміздің жаңа биіктерді бағындыруына Қазақстан азаматтары ретінде атсалысуымыз керек. Бүгінгі форумға елімізге, шет елге белгілі сарапшы, әлеуметтанушы, саясаткерлер келіп, осындай ортақ проблеманы бірлесе еңсерудің жолдарын талқылады.
Бұл – өте құптарлық жайт.
Жарқын Жұмаділов, «saigez.kz» интернет баспасының бас редакторы:
– Елбасы мемлекеттік мәселе деңгейінде көтерген бес институттық реформаны қатардағы жәй реформа емес, іргетасы мықты, қабырғалары берік, шатыры бар, мақсат-мүддесі биік реформа деп түсінуіміз керек. Мемлекет басшысы реформалардың шешу тетігін көпшіліктің алқауына салды, талдауды ұсынды. Былайша айтқанда, мемлекеттік басқару сапасын жаңа деңгейге көтерудің жолдары ұсынылып отыр. Оны рет-ретімен жүзеге асыра алсақ, азаматтық қоғамның рөлі күшейіп, мемлекеттік басқару органдарының жауапкершілігі азаяды, жүгі жеңілдейді.
Қорыта айтқанда, бұл реформа мемлекеттік құрылымдар жұмысының халыққа түсінікті болуы, олардың ел алдында жиі есеп беріп, шешім қабылдаудың айқындылығына қол жеткізу және елдің шағымдана алу жүйесін де жетілдіру, яғни елдің үні мен талап-тілегінің де ескерусіз қалмауын жүзеге асыру. Міне, бұл бес институттық реформаның мән-мазмұны да осында. Ол негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру, дамыған 30 елдің қатарына енуге нақты нәтижелі көрсеткіштер арқылы қол жеткізу мақсатынан тыс емес, соған сай жасалатын реформалар деп білемін. Және Елбасымыз айтып өткендей, «ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертпек».