10.08.2015, 10:46

«Қараша айында саясатта үлкен өзгерістер болады»

forbes.kz

Бауыржан Байбектің «экономиканың локомотиві», «бюджеттің басты доноры»  атанған Алматы қаласына әкім болып тағайындалуы бұйығып жатқан қоғамды біреу келіп бүйірінен түрткендей, қоғамды қыбыр-жыбыр, күбір-сыбырға салғанын байқадық.

Алматы секілді ірі мегаполисті «сара жолға түскен» сары тісті сақалардың басқара бергеніне үйреніп, бұлжымас дағды ретінде қабылдап қалған қалалықтар үшін бұл, шынында да, тосын тағайындау болды. Жаңа әкім жаңа леп әкелетіндей. Олардың тосырқауымен бірге, алып шаһарда кішігірім өзгеріс болатындай, жаңа басшы ескі проблемаларға жаңа көзқараспен қарайтындай жақсылықтан үміттену басым секілді. Ендігі жерде Ахметжан мырзаның Алматыға байланысты ағылшын тіліндегі атақты баяндамасын ешкім де келекелеп күле алмайды – батыс көріп келген «болашақтық» азамат Алматының абыройын ағылшын тілінде бірінші болып өзі-ақ жарнамалай алатын артықшылыққа ие. Ескі әкімнен ең басты ерекшелегі не болмақ? Осы қалада туған перзентке оның проблемалары да кішкентайынан таныс болса керек. Өзі туған қаланың өсіп-өркендеуіне шын жанашырлық  танытып, Алматының атын асқақтату үшін азаматтық күш-жігерін аямайды деген сенім мол. «Қайдан келді?» дейтін емес, «кластастың баласы» болса да, өзіне кінә артып, қыжыртатындарға қазақылығымен, кішіпейіл мінезімен, белсенділігімен жауап берген сияқты. Халыққа жақындығымен көзге түсті. Жас болса да әр тарапта сыналды, саяси амбициясы мықты, өзін жігерлі жас ретінде көрсете алды. Ең бастысы, Бауыржан Байбек – Қазақстанның «өз өнімі». Бұл тағайындаудың көңіл аудару себебі де сол, алғаш рет ірі аймақты басқару сеніп тапсырылған тәуелсіздік тудырған төл «өнімнің» бұрынғы әкімшілік-бюрократиялық жүйе басқарушыларынан айырмашылығы болар ма екен деген мәселе бәрінен де қызықтырақ болып тұр. Саясаттағы салмағы соншалықты ауыр болмағанымен, жеңіл де емес. Алайда Алматыға дәл қазір әкімнің саясаткерлігінен гөрі шаруашылыққа мығым ширақтығы көбірек керек болып тұр. Осы тағайындауға байланысты, еліміздегі саясаттанушылар не дейді, құлақ түрелік.

Досым Сәтпаев: Бауыржан Байбектің Алматыға әкім болып тағайындалуы – өте қызықты эксперимент болғалы тұр. Алматыға бірінші рет шаруашылық ісінде тәжірибесі аз адам әкім болып тағайындалды. Әлеуметтік желілерде мен: «Алматы – «Нұр-Отан» емес, мұнда сөзге емес, іске сенеді», деп әзілдегенмін. Меніңше, үлкен мегаполис үшін қиын кезең болып саналатын күз бен қыс мезгілдеріне қарай сайлануы Байбектің өзі үшін де сынақ болғалы тұр. Сондықтан оған бәлендей кадрлық өзгеріс жасаудың қажеті жоқ. Себебі, Алматы – коммуналдық шаруашылық қызметі үлкен, күрделі инфрақұрылым, нақты проблемалары шаш етектен. Осының бәріне кірігу үшін Байбектің өзіне сынақ мерзімі берілуі керек. Неге десеңіз, Б.Байбек тек өзі үшін ғана емес, бүкіл «болашақтықтар» үшін жауапкершілік арқалағалы тұр. 

Сейдахмет Құттықадам: Бұл тағайындау әлі ешнәрседен хабар бермейді. Білуімізше, қараша айына қарай саясатта үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Ол Парламент сайлауы бола ма, басқа бола ма, әйтеуір күздің соңын ала бере саясатта басқа да айтулы оқиға болуы мүмкін. Міне, тек сол кезде ғана айтуға болады. Қарашада негізгі өзгеріс болса, арғы жағы тек содан кейін ғана белгілі болады.

Әзімбай Ғали: Бауыржан Байбек – «Болашақтан» келген жігіт екен. Бұрынғы әкіміміз Ахметжан Есімов жаман болған жоқ. Қыста жамбасымыздан ызғар өткен жоқ. Сондықтан оған өкпе жоқ. Ахметжан мырзаның ең жақсы жері, артынан өсек ермеді. «Ұрлады, қымқырды, жымқырды» деп, оны ешкім де айыптай алмайды. Үлкен қалада коррупцияға байланысты кішкентай оқиғаның өзі жерде жатпайды. Бұл жағынан есті адам Есімовке кінә арта алмайтын шығар. Осы мәселеде ескі әкім ұятын таза ұстаған сияқты көрінеді. Тек бір ғана айыбы, қазақтың ортасынан шықса да, ауылдық жерде өсті дегенімен, орысқолды болды. Әрине, жаңа әкім жаңа командасымен келеді. Бауыржан мырза «Болашақтағы» өз жігіттерін сүйрейді. Өзінің кадрларын әкеп қояды. Байбектің басты артықшылығы, «Болашақпен» оқығандықтан, ағылшын тілінде ағып тұр. Б.Байбек – жаңа есім болмағанымен, жас кадр. Нағыз карьера жасайтын шағы. Әрине, Б.Байбек іргелі өзгеріс, революция жасай алмайды. Себебі, қазір дағдарыс кезеңі. Алматының ресурсы бай, бүкіл республикаға көмектесетін халі бар, ақшасы жеткілікті. Бірақ жақын аралықта Байбек мырза атышулы жоба жасай  қоймас.Алматының тұрғыны ретінде айтарым, өзім өмір бойы қоғамдық көлікпен қатынайтын азаматтардың қатарынанмын. Сол себепті қарапайым тұрғын ретінде автобус уақытымен жүрсе, құны көтерілмесе, қала халқын қыстан аман алып шықса деймін.

Айгүл Аханбайқызы