АҚШ Қытай мен Ресейде орналасқан екі IT компанияға Пхеньянның зымыран және ядролық қару жасау бағдарламаларын қолдағаны үшін санкция салды. АҚШ Қаржы министрлігінің 13 қыркүйекте хабарлауынша, жаңа санкциялар Қытайдың Yanbian Silverstar Network Technology Co компаниясы мен оның солтүстіккореялық атқарушы директоры Чон Сон Хваға және осы компанияның Ресейдегі еншілес Volasys Silver Star фирмасына салынды деп жазады Азаттық.
Министрлік мәлімдемесінде қытайлық фирманың Солтүстік Кореяның биліктегі партиясының баллистикалық зымырандар бағдарламасын қадағалайтын оқ-дәрі өнеркәсібі департаментімен байланысты екені айтылады.
Ведомство Volasys Silver Star-ды қытайлық фирманың Солтүстік Кореядағы қызметкерлері «штаттан тыс жұмыс орнын айғақтау талабын айналып өту және солтүстіккореялық жұмысшылардың шынайы азаматтығын клиенттерден жасыру үшін» құрған деп топшылайды.
Вашингтон биыл маусымда Пхеньянмен тікелей диалог бастаған. Алайда, АҚШ Пхеньянның ядролық қару мен баллистикалық зымыран жасау бағдарламаларын тоқтату мақсатында халықаралық қауымдастық салған санкция режимін сақтау үшін Солтүстік Кореяға қысым жасауын тоқтатқан жоқ.