Қазақстан Cыртқы істер министрлігі Павлодар облысында тұратын, балаларын Қытай билігі қайтармай отырған екі отбасының мәселесіне қатысты пікірін айтты. Азаттықтың бұл мәселеге қатысты сауалына жауап берген министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, ведомство екі отбасының арыздары бойынша тиісті жұмыс істеп жатыр.
"Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен Қытайдың Астанадағы елшілігіне нота жіберілген. Қазір Қытай тарабы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл қысқа мерзімде шешілетін мәселе емес, сондықтан біраз уақыт алады. Бізге келіп түскен арыздар мен өтініштер бойынша Қытай тарапымен тығыз жұмыс атқарып жатырмыз" деді Смадияров.
Павлодар облысына Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан (бұдан ары Шыңжаң) бір жарым жыл бұрын көшіп келген екі отбасы - Кенжегүл Баймұхамбет және Тұрсынай Төлеген балаларын Қазақстанға әкеле алмай отыр. Екі отбасының 5, 8 және 9 жастағы бес баласы қазір әжелерінің қолында, Шыңжаңда қалған. Аналарының сөзінше, Қытай балаларды шетелге шығаруға рұқсат бермеген.
Кенжегүл Баймұхамбет пен Тұрсынай Төлегеннің өздері және күйеулері Қазақстан азаматтығын алған. Олар балаларын Қазақстанға оралтуды сұрап Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне арызданған. Министрлік "Қытай тарапымен бұл мәселе бойынша хат алмастық, олар ішкі заңдарына сәйкес мәселені шешуге уәде берді" деп жауап берген.
Қытайдағы этникалық азшылыққа қысым көрсетіліп жатқаны соңғы бір жарым жыл көлемінде жиі айтыла бастады. Аз ұлттар өкілдері балаларының құқығы да халықаралық ұйымдардың назарына ілігіп, алаңдаушылық тудырған. Қытай елде "саяси-тәрбие лагерьлерінің" бар екенін мойындаса да, этникалық азшылыққа қысым жоқ деп келеді.