Сарыағаш ауданының әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаның талаптары, оны жүзеге асыру жайлы мәселелерді талқылады. Жиынға қатысушыларды, әсіресе, жалақының қызмет нәтижесіне қарай төленуі мәселесі көбірек қызықтырды.
- Мұның мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартары сөзсіз, деп есептейді сарыағаштық емлекеттік қызметшілер.
Мемлекет басшысы атап өткен бес реформаның алғашқы бағыты білікті кадр даярлау мәселесіне арналған. Кадрлық әлеуетті жоғарылату, кәсібилендіру үшін 15 қадамның талаптарын жүзеге асыруға тура келеді.
Мемлекеттік қызметке 25 жылын арнаған Әбдіәзиз Кабулов «Мемлекеттік қызметке қабылдау ең төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деген қағиданың өміршеңдігіне сенеді.
- Елбасымыз кадр мәселесіне ерекше көңіл бөліп, реформаның бір бағытын арнап отыр. «Кадр бәрін шешеді» Сондықтан, кадр – шын мәнінде елдің қадірін арттыратын басты тұлға болуы керек, - деп есептейді сарыағаштық Әбдіәзиз Кабулов.
Аға буынның сөзін аудан жастары да қуаттайды. Тіпті олар ауыл азаматтарына Елбасы ұсынған Ұлт жоспарын жеткізуге асық. Себебі, «100 нақты қадамда» еңбекке ынталандырудың тиімді тәсілдері жан-жақты қарастырылған.
Сарыағаш аудандық «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрғали Отаровтың мәлімдеуінше, Елбасымыздың 100 нақты қадамында көптеген мәселер қаралып отыр. Бұл жастарға үлкен сенім, серпін береді.
- Бүгінде жастардың білім алуына, ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысуына көптеген мүмкіндіктер жасалып отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер тұрақты түрде әр үш жыл сайын бір рет кәсіби шеберлігін арттыратын болады. Елбасы ұсынып отырған реформада мансаптық өсу мәселесі де өз орнын тапқан. Мұның барлығы елдегі мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту үшін жасалған шаруа екені анық, - дейді Нұрғали Отаров.