11.09.2015, 05:43

Елбасы: Ержүрек қазақ халқының алға қойған ізгі мұраты бар

inform.kz

Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысуда, деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі Twitter-дегі парақшасына.

«Бұл той бабалар рухына тағзым етіп, тағдырдың алуан қиындықтарынан өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабалардың Тәуелсіздікпен бірге оралған биік рухы зор патриоттық өрлеу туғызды. Қазақ хандығы сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, беріде Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ, Алтын Орданың заңды мұрагері. Тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні, тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Әр буын өкілі бабалар даңқына даңқ қосып, дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің болашағы жарқын, мерейі үстем. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, ел абыройын биікке көтерді деп айта аламын. Алда қандай сын-қатер күтіп тұрса да бірліктің арқасында болашағымыз бүгінгіден де жарқын. Киелі атамекеніміз – қазақтың Ұлы Даласында бабалар аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ержүрек қазақ халқының алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған.», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетейік, бүгіннен бастап еліміз бойынша қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау басталды.