15.09.2015, 11:41

EXPO-ға бөлінген миллиардтар депутаттың жағасын ұстатты

egemen.kz

Жаңа бюджеттен EXPO-2017 көрмесін өткізуге бөлінетін миллиардтар депутаттың жағасын ұстатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының таныстырылымы өтті.

Заң жобасын талқылау барысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов үш жылға арналған бюджетте EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге 306 миллиард теңгенің қарастырылғанын хабарлады.

Бұған Парламенттің төменгі палата депутаттары өз наразылықтарын білдіріп, қаржы мекемесінің ұсынған есептеуінің дұрыстығына күмән келтірді.

"EXPO көрмесі 2017 жылы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғимараттар мен имараттардың құрылысын 2016 жылдың аяғына дейін аяқтау керек болады. Онда сіздер неге тағы 35 миллиард теңгені ЭКСПО көрмесіне деп отырсыздар? Бұл сонда ұрланған ақшаның орнын толтыру деген сөз бе? Егер көрме өтіп кетсе, оған тағы 35 миллиард теңге бөлудің не қажеті бар?", - деді қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа депутат Қалмұратов.

"Халықаралық көрме өте ауқымды жоба. Ол бір жылдық жоба емес. Сіз өзіңіз айттыңыз - келесі жылдың бюджетінде 173 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы негізгі құрылысты аяқтауға жұмсалады. Ал 2017-2018 жылдар ұйымдастыру жұмыстарына (көрмені). Нысандардың құрылысын аяқтау - істің жартысы ғана, құрылысты аяқтаудың одан кейін де жұмыстары бар. Қажет болса, ұлттық экономика өкілдері бар, біз барлығын тарқатып, жұмыс тобында кеңінен жауап бере аламыз", - деді министр Сұлтанов.

Еске сала кетейік, EXPO-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастырумен және дайындық жұмыстарымен айналысқан компанияның бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір Талғат Ермегияев үй қамауында отыр. Оған төрт миллиард теңгені сыйақы ретінде заңсыз алды деген айып тағылды.