$ 446.49  475.38  4.79

Парламентке ҚХА-дан депутаттар сайлануы өте маңызды қадам болды

Еліміздің Парламенті Мәжілісінің құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат бар.

Олар Қазақстан Республикасының Конституциясына 2007 жылы 21 мамырда енгізілген түзетулердің нәтижесінде мемлекетіміздің жоғары заң шығару органына депутат болып сайлануын үлкен мәртебе санайды. 

Заң шығарушылық қызметте еліміздің дамуына үлес қосып  келе жатқан парламентшілердің бірі - Роман Ким. Ол - «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» РҚБ президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким өз ойларымен бөлісті.

- Роман Ухенович, биыл - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы. Осы жылы қандай іргелі істер атқарылуда? Еліміздің, қоғамның дамуы туралы пікіріңізді ортаға салсаңыз?

- Үстіміздегі жылы еліміз Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын қатар атап өтуде. Бұлар айрықша оқиға деп білемін.

Тәуелсіздік алған кезден бері қарай біздің еліміз демократиялық қоғам құру жолымен сенімді түрде жүріп келеді. Әрине, бұл жолды жеңіл болды деп айтуға болмайды. Бірақ өзге мемлекеттердің ондаған жылдар бойы қол жеткізген жетістіктеріне біз егемен елдің тарихындағы жиырма жылдан сәл астам уақытта жетіп отырмыз.

Қазіргі уақытта республика тарихында бірінші рет көп партиялы Парламент қалыптасты. Өзіңізге белгілі, Парламентте Ассамблеядан сайланған тоғыз депутат бар. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының айрықша мәртебеге ие екенін тағы да дәлелдей түседі.

Өзім Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайландым. Бірінші кезекте, біз, сол сияқты Мәжілістің басқа депутаттары да еліміздің барлық азаматтарының мүддесін қорғаймыз және заң шығарушылық қызметпен айналысамыз. Біз Парламентке тек қана өз этносымыздың емес, көп ұлтты, біртұтас Қазақстан халқының мүддесін қорғау үшін келгенімізді атап өткім келеді.

20 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұзақ жылдарға татитын ауқымды істерді атқарды. Ассамблея халықаралық деңгейде мойындалды және үлкен беделге ие болды. Бүгінгі таңда демократиялық, бейбіт және тұрақты Қазақстанды құруда Ассамблеяның еңбегі айрықша екенін атап өткім келеді.

Көп ұлттың өкілі бақытты өмір сүріп жатқан тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік, тұрақтылық және бірліктің салтанат құрып тұрғаны Ассамблеяның басты және негізгі жетістігі болып табылатыны сөзсіз. Ассамблея жұмысының арқасында ұлтаралық саясатты іске асырудың нақты басымдықтары әзірленді, этномәдени бірлестіктер жұмысын жүргізудегі негізгі бағыттар белгіленді. Сондай-ақ жоғары заң шығару органында Қазақстанның біртұтас халқының мүддесін қорғау үшін Парламентке Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар сайлануының конституциялық бекітілуі өте маңызды қадам болды. Ассамблеяның жыл сайынғы сессияларында маңызды стратегиялық шешімдер қабылданады. Осының бәрі Ассамблеяның шын мәнінде бүкілхалықтық өкілдік институтына айналғандығын көрсетеді.

- Үстіміздегі жылы қандай жұмыстар атқарылуда?

- Ассамблеяның рөлі мен беделі жыл сайын өсіп келе жатыр. Ол бүгінде тек ұлтаралық және конфессияаралық келісім, Қазақстандағы этностардың мәдениетін, тілдерін және салт-дәстүрлерін дамыту мәселелерімен ғана айналысумен шектелмейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде болып жатқан барлық маңызды оқиғалардың алдыңғы қатарында тұрады, «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясат» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға тікелей қатысады, өзі де стратегиялық жаңа бастамалар көтереді. Атап айтқанда, Ассамблеяның ұсынысы бойынша 2015 жылы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілді.

Қазіргі уақытта Ассамблеяның мәртебесі жоғары деңгейге жетіп, ол шын мәнінде жалпыазаматтық және саяси институтқа айналды. Ассамблея этносаралық қарым-қатынастарға, мәдениетті, тілдерді сақтауға қатысты мәселелерімен ғана емес, Қазақстан халқының біртұтастығын нығайтумен айналысатынын түсінуіміз керек. Ассамблеяның жұмысы - бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігін үйлестіру.

Ассамблея «100 нақты қадам» ұлттық жоспарын іске асыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Ассамблеяның қызметі аталған құжаттың барлық бөліміне қатысты. Бес институттық реформаның ішінде, әсіресе, «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бөлігін жеке атап өтер едім. Мысалы, 86-қадамда Қазақстан халқы Ассамблея үшін «Үлкен ел -үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру міндеті көзделген. Бұл ауқымды жоба қазақстандықтардың біртектілігін нығайта түсетіні және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызатыны атап көрсетілген.

Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлт жоспарын» іске асыру - бұл жалпыұлттық міндет, біздің қоғам оны жүзеге асыру мақсатында бірігуі тиіс. Ол үшін елдің әрбір азаматы өзі жұмыс істеп отырған жерінде қолынан келгенінше өз үлесін қосып, нәтижелі еңбек етуі керек. Біз сонда алға қойған мақсатқа қол жеткізеріміз анық. «100 нақты қадам» - бұл елді одан әрі дамытудың өте маңызды іргелі бағдарламасы. Президенттің осы бастамасы дер кезінде және өзекті екендігі сөзсіз. Сондықтан бұл жоспарға біздің қоғам да, сонымен қатар халықаралық қоғамдастық та үлкен қызығушылық танытып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан алдында жаңа міндеттер тұр, ішкі, сол сияқты сыртқы сын-қатарлерге лайықты жауап беру қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін тұрақтылық пен бірлік басты фактор ретінде қала бермек. Сондықтан да уақыт алға басқан сайын Ассамблеяның рөлі өсе беретінін заңдылық деп білеміз.

Корей диаспорасы Қазақстанда бейбіт өмір сүруде. Олар осы елге депортациялаудың нәтижесінде көшіп келгені белгілі. Біздің аталарымызды өткен ғасырдың 30-40 жылдары Кеңес одағы еріксіз көшіріп әкелген. «Қырылса, қырыла берсін» деді ме, қыстың қақаған аязында маң далаға алып барып, сол жерде тұратындарын айтқан. Бұл оқиғаның қалай болғаны «Қазақфильм» түсірген «Жерұйық» тарихи драмасында барынша шынайы суреттелген. Бірақ өздері де қиын жағдайда өмір сүріп жатса да, қазақ халқының қолдауы мен көмегінің арқасында кәрістер тірі қалған. Берекелі қазақ жері біздің де нағыз туған Отанымызға айналды. Біз мұны ешқашанда ұмытпаймыз және қазақтар алдында өтелмейтін қарыздармыз бар деп есептеймін.

Бүгінде бір шаңырақ астындағы көп ұлтты қазақстандық отбасында біз біртұтас, демократиялық, бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыру үстіндеміз. Біз бұл жерде өзіміздің тең дәрежеде екенімізді сезінеміз және барлық арман-мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз, қоғамға пайдасы тиетін іспен айналысуымызға барлық жағдай жасалған.

Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы белсенді жұмыс істеп келеді. Біздің қоғамдық ұйым жалпымемлекеттік міндеттердің орындалуына тікелей атсалысады. Соның ішінде халықаралық жобаларды іске асыруға, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, гуманитарлық мәселелердің шешімін табуына өз үлесін қосады.

Бүгінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ынтымақтастық байланыс орнатылған. Қазақстанның кәрістер диаспорасы екі ел арасындағы көпір ғана емес, екі жақты қатынасты дамытудың шын мәнінде белсенділері болып отыр. Біз бірлескен жобаларға бастама жасаймыз, тұтастай алғанда, барлық сала бойынша жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Корея арасындағы мықты байланыс тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, қарапайым азаматтар да екі елдің қатынасының дами түскенін қолдайды. Өйткені елдер арасындағы ынтымақтастықты орнатуда халықтық дипломатияның да маңызды рөлге ие екендігі белгілі.

Біздер, қазақстандық кәрістер, қос мемлекет арасындағы өзара тиімді қатынастың дамуына ықпал еткенімізді орынды қадам деп есептейміз. Атап айтқанда, оңтүстіккореялық инновациялық технологияның Қазақстанға келуіне біз де мүдделіміз. Бұл ретте, оңтүстіккореялық тарап та қазір Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өту қажет.

Сондай-ақ біз Солтүстік Кореямен де байланыс болғанын қалайтынымызды атап өткім келеді. Біз оларды 120-дан астам этностардың өкілдері бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқан көп ұлтты мемлекет ретінде Қазақстанның тәжірибесімен таныстырамыз.

  - Әңгімеңізге рақмет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары