05.10.2015, 12:11

Орталық Азияға Ауғанстан тарапынан төнер қауіп қандай?

www.azattyq.org

Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан Құндыз қаласына ауған әскері қайта-қайта бақылау орнатып қадағалап отырғанымен ондағы шабуыл толастамай отыр, тіпті сарапшылар аталмыш жағдай бүкіл Орталық Азияға әсер етуі ықтимал деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды qazaquni.kz.

Ұлыбританияның Financial Times газеті «Талибан» күштерінің қыркүйектің 28-і күні Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласын басып алуын «Президент Ашраф Ганидің қоршауда қалған билігіне тиген алапат соққы» деп атаған және бұл «аймақ үшін үлкен зардаптарға ұласуы мүмкін» екенін жазады.

Айта кетейік, Талибандықтардың Ауғанстанның Құндыз қаласын басып алуы «Ауғанстан жақтан төнетін қауіпсіздікті сейілтуге тырысып, 2001 жылдан бері көп қан төгіп, қыруар ақша жұмсаған АҚШ пен НАТО үшін үлкен сәтсіздікке айналды», - деп көрсетілген басылымда.

Ең алдымен, «бұл дағдарыс Орталық Азия мен батыс Қытай үшін көбірек қауіпті. Екі аймақпен де шектесетін Құндыз – талибандықтарға қаланы басып алуға көмектескен Орталық Азиядан шыққан содырлар паналайтын орынға айналуы мүмкін. Орталық Азия елдерінің жоғары лауазымды басшылары содырлар мен олардың жақтастары – [аймақтағы] тұрақтылыққа төнген ең үлкен қатер екенін айтып жатыр» деп жазады Ұлыбританиялық басылым Financial Times.

 «Олардың түпкі мақсаты – Орталық Азияны басып алып, халифат құру» деп жазылған мақалада. Құндыз қаласы Қытай мен Орталық Азиядағы жағдайды ушықтыру үшін содырларды, жарылғыш заттар мен ақша жөнелтетін ұтымды базаға айналуы мүмкін. Бұл дағдарыс Тәжікстанда жеті мың сарбазы тұрған Ресей мен көрші Қытайды да шарпуы мүмкін. «Терроризм мен аймақтық жанжалдың ұлғаю қаупі күшейіп барады» деп жазады Financial Times газеті.