24.09.2015, 12:39

«Нұрлы жол» еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беруде

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен өткен кеңес барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев елді индустрияландыру және «Нұрлы жол» жобасын жүзеге асырудың жайына тоқтала келіп, шағын және орта бизнес саласында халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды. 

Бүгінгі таңда экономикалық дағдарыс жағдайында одан әрі құлдыраудың алдын алу үшін тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету шараларының өзектілігі арта түсті. Бұл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында атап көрсетілген ШОБ белсенділігін қолдау жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың нәтижесі және елімізде әлеуметтік топ ретінде орта тапты қалыптастырудың бір жолы. Жоғары әлеуметтік тұрақтылығымен ерекшеленетін,  ертеңгі күнге деген сенімдері нық, материалдық қажеттіліктерінің неғұрлым кең ауқымын қамтамасыз етуге қабілетті адамдар тобының азаматтық ұстанымдары да тұрақты. Ресми биліктің мемлекеттің тірегі, әлеуметтік тыныштықтың қорғаушысы ретінде орта таптың қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасауы бүкіл Қазақстан халқының өмір сапасы деңгейін көтеру бағытындағы нақты қадамдардың жалғасы.

Елдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта бизнесті қолдау кешенді сипат алып, бұған дейін осы салада 100 млрд теңге толығымен игерілген болатын. Сондай-ақ ШОБ нысандарының артуына бизнесті 10 жылға 6 пайызбен несиелеу шарттары да үлкен көмек және бұл кәсіпкерлікті ел экономикасының драйверіне айналдыру және оның өсімін ІЖӨ-нің 50%-на дейін ұлғайту мақсатынан туындайды. Алдағы екі жылда ШОБ үшін жалпы сомасы 155 млрд теңге несие желілері қарастырылған. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту арқылы жеке табыстарын өсіруге көңіл бөлінуінің айғағы.

Елімізде тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, қызмет көрсету саласындағы ауқымды жобалардың барлығы құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, тұрғын үй-коммуналдық салаларына қажетті өнімдерге деген сұранысты арттыратыны сөзсіз.

Осы салалардың талап-тілектеріне сай келетін өнімдер мен қызмет көрсету негізінен орта және шағын бизнес нысандары арқылы орындалады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы, адамдардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына берілген зор мүмкіндік. Айталық, тек 2015 жылдың өзінде автомобиль жолдары құрылысына 100 мыңнан астам адам тартылған.

Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Батыс Еуропа - Батыс Қытай, Алматы-Қорғас Алматының үлкен айналма автомобиль жолы нысандарында негізінен отандық құрылыс материалдарын пайдалануға баса назар аударылады. Осы тұрғыда еліміздегі құрылыс саласына ең қажетті өнімдер - цемент, битум, түрлі жабдықтар шығаруға маманданған және соларға қажетті қызметтер көрсетуге бағдарланған шағын кәсіпорындар бұл мүмкіндікті қалт жібермей, сұранысқа сай келетін сапалы өнім ұсынуы отандық мазмұнды арттыруға ғана емес, сонымен бірге осы кәсіпорындардың өздері үшін де үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Қазіргі күні аталмыш жобалардың құрылыс материалдарына деген қажеттілігін негізінен «Асфальтбетон-1» зауыты, Алматы металл құрылғылары ЖШС, Павлодарлық ПНХЗ ЖШС, Бұқтырма цемент компаниясы, Семейцемент кәсіпорындары қамтамасыз етуде, яғни қазақстандық тауар өндірушілердің үлесі 90%.  Осылайша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымы барған сайын кеңейіп келеді. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орнының құрылуы халықтың жұмыспен қамтылуының және табыстарының өсуінің бір кепілі. Мұның бәрі Президенттің «жұмыс орындары ірі компанияларда құрылмайды.

Өйткені, индустриялық жобалар - бұл ірі жобалар, олар төмен шығынмен жоғары еңбек өнімділігіне ұмтылатын болады. Сол себепті оларда көп жұмыс орны құрылады деп күтуге болмайды. Ал осындай жобалардың айналасында шағын және орта бизнес жобалары құрылады, міне, сол жерлерде біз жұмыс істеуге мүмкіндік береміз» деген сөздерінің көріністері.

Айта кетейік, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков аппараттық жиын өткізіп,  онда «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Аталған мәселе бойынша өз баяндамасын білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Бақытгүл Әдекенова жасады.

Жиын барысында бағдарлама іске қосылғаннан бері 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 11,6 %-ға артқаны мәлімделді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 389-дан 509-ға дейін артқан. Қамтылған балалар саны - 52,4 мың. 2014 жылдың соңында 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту - 87%, 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы - 98%-ды көрсеткен. Сонымен қатар кезекте тұрған балалар саны да жетерлік. Олар - 28 567 бала. Жиын барысында аталған мәселенің шешілу жолдары көрсетілді.  Жыл соңына дейін Жезқазған және Балқаш қалаларында екі балабақша салу, ал Қарағандыда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа балабақша салу жоспарланған.

Жиын соңында аймақ басшысы аталған бағдарлама бойынша белсенді жұмыс жасауды жалғастыру қажеттілігін жеткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер тек кезекте тұрғандарға берiледi. Бұл жөнiнде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ибадуллаев мәлiмдедi.

«Әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мақсатында Ұлттық қордан бөлiнген қаражатқа сәйкес бiз мемлекеттiк сатып алулар мен тұрғын үй құрылысы бойынша қажеттi жұмыстарды атқарып жатырмыз. Қазiр құрылыстың бір бөлігі «Бәйтерек девелопмент» компаниясына тапсырылды және компания 12 млрд теңгенің жұмысын жүргiзуде. Салынған барлық жалдамалы тұрғын үй жергiлiктi атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға ғана берiлетiн болады. Себебi, бағдарламаның басты мақсаты пәтер кезегiн азайту болып табылады», - дедi А.Ибадуллаев. 

Оның айтуынша, қандай да бiр тұрғын үй құрылысы аяқталған соң, компания оны жергiлiктi әкiмдiктерге тапсырады. 

«Ал әкiмдiк тұрғын үйдiң тиiстi көлемiн кезекте тұрғандар арасында арнайы тiзiмге сәйкес бөледi де, өз табысын растау үшiн Қазақстан ипотекалық компаниясына жолдайды», - дедi компания төрағасы.

Атырау қаласында тұратын 135 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы холдингі жүргізіп отырған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алмагүл ықшамауданында көп пәтерлі 3 үй пайдалануға берілді.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы – 9 682 шаршы метр. Бұл – жалпы құны 1 080 млн теңге (оның 110 млн теңгесі ҚР Ұлттық қорынан бөлінген) болатын 30, 45 және 60 пәтерлі үйлер. 20 бір бөлмелі, 45 екі бөлмелі және 70 үш бөлмелі пәтерлер ҚТҚЖБ желісі бойынша «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағытымен бағдарламаға қатысушыларға берілді. Бір шаршы метрінің құны – 111 502 теңге.

Биылғы жылдың соңына дейін ҚТҚЖБ желісі бойынша «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағытымен тағы да жалпы құны 1 819 млн теңге, ауданы 16,2 мың шаршы метр болатын 334 пәтерді және «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағытымен 90 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде жалпы құны 733 млн теңге, ауданы 8,3 мың шаршы метр болатын, 120 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілген. «Бәйтерек» холдингі Қазақстанның барлық өңірлерінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында жылумен және сумен қамту жүйелерін жаңарту қарқынын арттыру үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлудің қажет­тілігін ерекше атап өткен еді.

Осыған байланысты инфрақұрылымды жаңарту аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсарту, сонымен қатар, инженерлік желілермен, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру мақсатында қалада ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, биыл Алматы ауда­нының Кенесары – Қошқарбаев, Кенесары – Иманбаев, Мұстафин – Құдай­бердіұлы, Мұстафин – Қобыланды батыр көшелерінде; Сарыарқа ауданының Сей­фуллин көшесінде (Әуезов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін), Желтоқсан көшесінде (Мәскеу көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін), Қарасай батыр көшесінде (Сарыбұлақ көшесінен Қарталы көшесіне дейін), Конституция көшесінде (Сарыбұлақ көшесінен Қарталы көшесіне дейін) жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылады.

Сонымен қатар, «Астана су арнасы» инвестициялық бағдарлама бойынша Сарыбұлақ көшесіне  (Мәскеу көшесінен Тілендиев көшесіне дейін), Тілендиев көшесіне (Сарыбұлақ көшесінен Сарыбұлақ бұлағына дейін), Өндіріс көшесіне (Автоматика кентінен Озерная көшесіне дейін) су құбырын тартуды жоспарлап отыр.

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдау алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылары мен дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның әрбір басқан қадамын жіті бақылап отырған саясаткерлердің талқысына түсті. Әлем назарын өзіне аудартқан Қазақстан Көшбасшысы еліміздің барлық салалары бойынша дамудың және әлемдік дағдарыстан алып шығудың стратегиялық бағытын жария еткен еді. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы орнын айқындай түсті.

Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының қайсысын алып қарасақ та, стратегиялық маңыз­дылығы мен белгілі бір мерзім ішінде нақты міндеттер мен мәселе­лердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Жаңа Жолдау да осындай сипатымен ерекшеленіп, бәрімізді «Нұрлы жолға» жұмылдырып отыр. Жасам­паздыққа жетелеген осы «Нұрлы жол» табыстарымызға ұйытқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығармақ.

Жолдауда Мемлекет басшысы барша адамзат баласының алдында тұрған күрделі мәселелерді саралай келе, өткен жылдардағы дағдарыстың бүгінгі күнге дейінгі салқыны мен ел экономикасына тигізіп отырған залалынан елімізді аман-есен алып өтудің стратегиялық жолын көрсетті. Мемлекеттің алға даму межесін тоқтатпауға арналған тың шешімдер қабылдады.

Бүгінге дейінгі барлық Жолдауда көзделген міндеттерді іске асыруға педагогика саласының қызметкерлері де өз үлестерін қосып келеді. Соның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу мен тәрбие біртұтас іс ретінде оқу үдерісіне кіріктіріліп, Жолдауда көрсетілген міндеттер бойынша жұмыстар атқарылуда. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Кіріктірілген білім беру бағдарламалары бойынша «Қазіргі әлемдегі Қазақстан», «Жаһандық перспективалар және жоба жұмысы» пәндері бойынша жаһандық, аймақтық, мемлекеттік мәселелерді жан-жақты қарастырады. Аталған пәндерден жоба жұмысын жазған кезде қазіргі таңдағы саясат, экономика, әлеумет, мәдениет мәселелеріне тиянақты талдау жасап, өзіндік шешу жолдарын тауып, болашақты болжауға дағдыланады. Мектеп ұстаздары мен оқушылары қалалық, рес­публикалық түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Ең бастысы, қоғамдық ахуалды жақсартуға арналған идеялары үрдіске еніп, елдің көркеюіне үлес қосуда.  Сабақтан тыс уақытта да тиімді «Он күн ата-ананың жұмыс орнында», «Екі апта ауылда», «Туған елге тағзым» және т.б. жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты жаңа бағдарлама Мәңгілік ел идеясының жалғасы сынды. Екеуі де ұлтаралық келісімді, бірлік пен ынтымақты сақтап, тағаттылыққа тәрбиелеу жұмыстарын жетілдіру арқылы Қазақстан халқының тұрмыс-жағдайын жақсартуды көздейді. Осының барлығы елімізді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

«Нұрлы жол» – барша қазақ­стандықтардың өміріне, болашағына қатысты құжат. Ертеңгі бағытын, жүретін соқпағын, даму мұратын алдын ала анық айқындай білген кез келген елдің жетістіктеріне тарихтың өзі куә бола алады.

«Нұрлы жолдағы» мақсат-мұратқа жету үшін атқарылуға тиісті іс-шаралардың бәрі де ең әуелі халқымыздың санасына терең сіңірілуі керек. Сонда әркімнің ел алдындағы, өз ұлты мен болашақ алдындағы жауапкершілігі де арта түседі. Ал жауапкершілікпен атқарылған әр іс өзінің оң нәтижесін бермек.

Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған әлеуметтік саясаттағы маңызды басымдықтардың бірі – Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне қолдау көрсету жөніндегі қосымша шараларды іске асыру. Қазіргі уақытта елордада 228 ҰОС ардагеріне тиесілі мемлекеттік көмек уақтылы көрсетіліп жүр.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев айтқандай, ҰОС ардагерлеріне қоғамдық көлікте тегін жүру, тіс протезін салу, санаториялық-курорттық ем алу, газет-журналдарға жазылу, сурдоаудармаға арналған тиф­ло­қондырғылар, көмірмен қамту және коммуналдық төлемдер секілді әлеуметтік көмекті қала бюджетінен төлеу қолға алынған.

Бұл қызмет түрлері ардагерлерге Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы ұсынылады. Сонымен қатар, осы жылы ардагерлер тұрып жатқан 80 пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

№4 қалалық емхана және ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне арналған Республикалық клини­калық госпиталь астаналық ардагерлерге медициналық қызметтің барлық түрін тегін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау жұмыстарын жалғастыру қажеттілігін атап өткен болатын. Елбасының осы сөзін басшылыққа алған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астанада кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «BASTAU» бизнес-мектебі жобасын іске қосты.

Мектепті ашпастан бұрын, еліміздің сегіз өңірінде жастар арасында зерттеу жүргіздік. Соның қорытындысында олардың көпшілігі өзінің материалдық жағдайының жақсару мүмкіндігін дәл осы кәсіп­керліктен көріп отырғанына көз жеткіздік. Жастар үшін бизнес – белгілі бір әлеуметтік баспалдақ екен. Алайда, бизнесті бастау жолдарын білмеу мен бастапқы капиталдың жоқтығы жастардың қолын байлап отырғаны анықталды. Ашылған мектебімізде біз осы түйткілдерді шешуге көмектесуге тырысамыз.

Шындығын айтсақ, қазірде осыған ұқсас көптеген бизнес мектептер жұмыс жасауда. Алайда, талдау көрсеткендей, оларды аяқтаған соң ондағы түлектердің аз ғана бөлігі бизнеске бет бұрып жатады. Бұның себебі – бұл мектептердегі үш күндік немесе әрі кетсе бір апталық, 10 күндік оқыту бағдарламалары. Бұл уақыт ішінде нені үйреніп үлгеруге болады? Көптеген бизнес нәтижесіздігінің бір себебі осында жатқан шығар.

Ал, «BASTAU» бизнес-мекте­бінің оқыту бағдарламасы үш айға негізделген. Осы кезең ішінде кәсіп­керлік негіздеріне үйренуге, бизнесмен психологиясын сіңіруге мүмкіндік көп. Осы уақыт аралы­ғында бизнесті мемлекеттік қолдау­дың барлық тетіктерімен танысып шығуға, жеке бизнес-жоспарды жазып, сарапшыларымызға көрсетуге болады. Ал, біз оның 3D кескінін жасауға, яғни, оны іске асыруға көмектесеміз. Соның арқасында мектепті бітірген болашақ кәсіпкерде алдына қойған мақсатын жүзеге асы­руға көмектесетін бизнес-жос­пары болады. Бизнес-мектебіміздің артықшылығы да осында.

Мектептің жұмысына толығырақ тоқталсақ, тренингтер мен семинарлардан тұратын оқыту бағдарламасы үш сатыдан тұрады. Әрбір деңгейдегі оқыту бір айға созылып, қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектепті аяқтаған соң түлектерге инвестициялар тартқанға дейін немесе жұмысқа тұрғанша қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, оны бітірген жастар бизнес-қоғамдастықтың бір бөлігіне айнала алады.

Болашақ кәсіпкерлер оқытудың бірінші кезеңінен тегін өтеді. Бұл кезең уәждеме және келіссөздер жүргізу, сондай-ақ, сату және бизнес-логиканы дамытудың қыр-сырына үйретуді көздейді. Екінші кезеңде нарықты талдау жолымен болашақ бизнестің стратегиясын құру мүмкіндігін алады және өз ісін әлеуметтік желілер арқылы өркендетуге үйренеді. Жобаның соңғы сатысында мектепте білім алушылар өз бизнес-жоспарларын қорғап, табысты кәсіпкер-тәлім­герімен жұптасып жұмыс жасайтын болады.

Үш ай өткен соң осында оқығандар бизнес мектепті бітіргені жайлы сертификат алады да, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибелі бизнесмендері оларға өз ісін ашуға, инвестициялар тартуға немесе жұмысқа орналасуға қолдау көр­сететін болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындай отырып, осы ретте алдымен шағын және орта бизнесті жетілдіру бойынша нақты міндеттерді көрсетіп берді.

Мемлекет басшысы ШОБ-ты эко­номикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайы­зына дейін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру қажеттілігін алға тартты. Осыған байланысты 2015-2017 жылдары жалпы сома­сы 155 миллиард теңге несие же­лі­лерін ірі банктер арқылы тиім­ді пайдалануды тапсырды. Бұл де­геніміз, шынымен де отандық кәсіпкерлікке жасалып отырған орасан қолдау болмақ.

Президент пәрменімен келешегі көзделіп жасалған Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар жөнінде, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту бағы­тында атқарылып жатқан шаралар туралы «Астана қаласының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Қайрат ­Елубаев өз ойын ортаға салды:

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді дамыту бойынша айқындаған жаңа эко­но­микалық саясаты – шын мә­нінде Қазақстанның келешегіне бағытталған өте маңызды қадам. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауда көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді елі­міз­дің экономикасын халықаралық қауымдастықпен байланыстыру арқылы өз әлеуетімізді әлемдік жоғары деңгейге көтерудің жолы деп түсінемін. Осы ретте шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау білдіру жөніндегі бастамаларды қызу қолдаймын. Өйткені, Елбасымыз айтқандай, ШОБ ел экономикасының қазығына айналуы тиіс. Осы жерде айта кетсек, мәселен, Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға және несиелеуге бөлінген 100 миллиард теңге толығымен игерілген. Соның арқасында 5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Бизнесті 10 жылға алты пайызбен несиелеу бұрын болмаған еді. Демек, елімізде кәсіпкерлікті жетілдіруге жағдай жасалып отыр. Енді, тек мемлекет тарапынан жасалып отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сол арқылы кәсіпкер өзіне де, еліне де игілігін жасауы керек.

Өз жұмысымыз жайлы айтар болсам, өткен 2014 жылы біздің қауымдастық «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру» бағыты аясында қолданыстағы кәсіпкерлік ұйымдарға сервистік қызмет көрсетті. 100-ден ас­там бизнес-жоспарлар жасауға кө­мек көрсетілді. ХҚК орталық­тарында, ірі сауда және бизнес ор­талықтарында, базарларда көш­пелі кеңес беру шаралары ұйымдастырылды. Кәсіпкерлік өкілдеріне арналған әдістемелер мен құжаттамалар үлгісі де сұра­нысқа ие болады. Бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстарды  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жол­дауы­мен байланыстырып жүргізуді қолға алдық. Ең бас­тысы, кәсіпкерлер тарапынан біздің қызметімізге сұраныс бар. Яғни, шағын және орта бизнес өкілдерінің өз жұмысын оңтайлы жүргізуге деген қызығушылығы жоғары. Бұл дегеніміз кәсіпкерлік са­ласы ел экономикасының түпқа­зығына айнала түскенін білдіреді. Жалпы айтқанда, біздің басты қызметіміз – кәсіпкерге қолдау көр­сету. Өйткені, елдің әлеуетін көрсететін сала болғандықтан кә­сіпкерлікке мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қолдау қажет саналады».

Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына сәйкес Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде Астанада 2015 жылы наурыз айында 86 пәтер таратылады.

Нақтылай айтсақ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан (Бейсеков көшесінің бойы) тұрғын үйден біртіндеп сатып алу құқымен 86 пәтерді жалға беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде:

- ауданы 53,6-дан 57,9 ш.м.-ге дейін екі бөлмелі 13 пәтер;

- ауданы 76,9-дан 80,2 ш.м.-ге дейін 8 үш бөлмелі пәтер;

- ауданы 94,3-тен 96,7 ш.м.-ге дейін 65 пәтер.

Бағдарлама талаптарына сай бұл бағыт бойынша Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған (кезектегілер) мына санаттағы азаматтар ғана үй алуға құқылы:

- көп балалы отбасылар;

- толық емес отбасылар;

- мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;

- жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- оралмандар;

- мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері, бюджеттік ұйым қызметкерлері.

Аталмыш бағыт бойынша қатысушылар екі шағын топқа жасақталады:

1-шағын топ – кемінде үш жыл некеде тұрған, балалары (баласы) бар және ерлі-зайыпталардың екеуі де 35 жасқа толмаған (бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте) Астана әкімдігінде кезекте тұрғандар, сондай-ақ, балаларын (баласын) ата-аналардың біреуі тәрбиелейтін, оның ішінде жесір немесе ажырасқан, жасы 35 жасқа жетпеген толық емес отбасылар;

2-шағын топ – 1-шағын топқа жатпайтын, Астана әкімдігінде кезекте тұрған жоғарыда көрсетілген санаттың барлығы;

Пәтерлер 1 және 2 шағын топтар арасында тең мөлшерде үлестіріледі.

Қатысуға ынта білдіруі көрсетілген әлеуметтік топқа жататын азаматтар e.astana.kz веб-порталына (өтініш берушінің электрондық сандық қолтаңбасын пайдалана отырып) ағымдағы жылдың 23 ақпанынан бастап 1 наурызын қоса аралығында тіркелуге құқылы.

Қытайдағы танымал «Цайцзин» (Қаржы және экономика) журналының «Басты оқиға» айдарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат туралы мақала жарыққа шықты.

Мақалада Н.Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан посткеңестік Орталық Азия елдері ішіндегі экономикалық өсімін сақтап қалған бірінші ел екені жазылған.

Онда: «Қазіргі уақытта бұл аймақтағы экономикалық өсімнің 70 пайызы Қазақстан үлесінде» деп көрсетілген.

ҚР Президенті Жолдауының мән-мағынасын аша түсу мақсатында мақалада Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия институтының Орталық Азия бөлімі басшысының орынбасары Чжан Ниннің пікірі келтірілген.

Онда: «Қазақстан өндіріс саласын, ішкі транспорттық байланысты, логистиканы, электрожүйе және басқа да инфрқұрылымдарды теңестіру қажет. Нәтижесінде, Қазақстан «Қазақстан-2050» стратегиясында қойылған талаптарды орындап, дамыған 30 елдің қатарына ену міндетін жүзеге асыра алады», - дейді Чжан Нин.

Еске сала кетейік, «Цайцзин» журналы - қаржы, экономика саласындағы ірі басылымның бірі, ол 1998 жылдан бері шығып келеді. Редакциясы Бейжің қаласында. Басылымның тиражы 400 мың дана, айына екі рет шығады.

«The Wall Street Journal» журналы «Цайцзинді» Қытайды басты «қаржы сарапшысы» деп бағалаған. 2011 жылы №1 медиа құрылым деп танылған. Басылымның сайтын күніне 200 мың оқырман оқиды.

Өткен аптада ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Елбасының 2014 жылдың қарашасындағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын бағдарлама елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталған.

Бірден айта кетерлігі, Елбасы Жолдауынан туындайтын «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінен экономикалық дағдарыстың алдын алуға, осылай ете отырып, барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын төмендетпеуге бағытталғаны белгілі. Қазіргі таңда мемлекет отандық кәсіпорындардың жұмысқа қабілеттілігін қолдап, жұмыс орындарын сақтау, сонымен бірге, Қазақстан экономикасын құлдыратып алмау үшін қаражат бөліп келеді. Бағдарлама аясында осы бағыттағы жұмыс жалғасады әрі алдағы уақытта оның ауқымы да арта түседі. Айта кетердігі, «Нұрлы жол» бағдарламасы бірқатар басым міндеттерден тұрады. Нақтырақ айтқанда, онда «шұғыла» қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту, бірыңғай электр энергетикасы жүйесін дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту, азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту шаралары қамтылып отыр. 

Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасын бюджеттік қамту толық шешімін тапты. Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, Елбасы бекіткен бағдарламаны іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015 жылы – 796 млрд. теңге, 2016 жылы – 379 млрд. теңге, ал 2017 жылы – 3 млрд. АҚШ доллары эквиваленті көлемінде қаражат бағыттау жоспарлануда. Сонымен қатар, Халықаралық қаржы институттары есебінен индикативті бірлесіп қаржыландыру көлемі 9 млрд. АҚШ доллары шамасын құрайтын болады. Ал ұлттық компаниялар мен даму институттарының меншікті қаражаты есебінен «Нұрлы жол» шараларын қаржыландыру 240,9 млрд. теңгені құрамақ.  Мұндай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2019 жылы 2014 жылға қарағанда ЖІӨ-нің 15,7 пайызға өсу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Ең бастысы әлемдік қаржылық дағдарыс қыспаққа алған тұста жұмыссыздықты өршітпеу де бірінші кезектегі мәселеге айналғалы отыр. Сондықтан да, бағдарламаны іске асыру кезінде 2015-2019 жылдары 395,5 мың адамға арналған жұмыс орнын құру көзделеді. Соның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 86,9 мың адам, уақытша жұмыс орындарымен 308,6 мың адам қамтылады. Тұтастай алғанда, «Нұрлы жол» нәтижесінде 2019 жылы базалық инфрақұрылым сапасы бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде Қаазқстанды 57-орынға дейін жоғарылату межеленіп отыр.  «Нұрлы жол» аясындағы инфрақұрылымды дамытудың 7 бағыты Тұтастай алғанда Елбасы айқындаған «Нұрлы жол» бағдарламасы негізгі екі блоктан тұрады. Оның бірінші парасы – инфрақұрылымды дамыту. Бұл блогтағы жобалар 7 бағыт бойынша өрбімек. Енді соларға тоқталсақ.  Бірінші бағыт – көліктік-логистика инфрақұрылымын дамыту. Бұл ретте автожол саласындағы жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 301,3 млрд. теңге сомасына қаражат бөлінеді. Соның ішінде 2015 жылы – 178 млрд. теңге, 2016 жылы – 123,3 млрд. теңге қарастырылмақ. Сосын Халықаралық қаржы институттарынан тартылатын қарыз есебінен 6,3 млрд. АҚШ долларымен қоса қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Айқындалған қаражат қайда жұмсалады? Айталық, 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» секілді ірі автожол жобалары іске асырылып, республикалық маңызы бар басқа жолдарды реконструкциялау көзделген. Жобалардың инвестициялық фазасы кезеңінде 200 мыңға тарта жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Теміржол саласы мен көліктік логистикаға келсек, ондай жобаларды іске асыруға ұлттық компаниялар қаражаты есебінен қоса қаржыландыру 19 млрд. теңгені құраса, Ұлттық қордан 75,3 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді. Ал жобаларға келсек, 2015-2016 жылдар аралығында «Боржақты – Ерсай» теміржол желісін, Маңғыстау облысына Құрық портындағы паром өткелін және «Алматы-1 – Шу» учаскесін электрлендіре отырып, тұтас рельсті екінші жолдар салу бойынша жобалар қолға алынады. Мамандар сөзінше, теміржол саласындағы осындай жобаларды іске асыру жөнелту порттарында жүктің теңіздік тасымалының құнын азайтуға септігін тигізеді. Сосын Құрық портындағы паром өткеліне теміржол құрамдарын кедергісіз жеткізуге жағдай жасалып, жүктерді алып өту қабілетін 25 млн. тоннадан 80 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берілмек. «Алматы-1 – Шу» бағытында қозғалыстың жандануы учаскедегі поездардың жүру уақытын 2 есеге дерлік қысқартады. Екінші бағыт – индустриялық инфрақұрылымды дамыту. Осы бағыт бойынша 2015 жылы Ұлттық қордан 81 млрд. теңге бөлінеді. Соның ішінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопаркі» Арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым салу үшін – 68,5 млрд. теңге, «Қорғас – Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылымды дамыту үшін – 12,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл ретте «ҰИМТ» Арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым салуды аяқтау шамамен 1,8 триллион теңге көлемінде инвестициялар тартуға және пайдалану кезеңінде шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын, сондай-ақ құрылыс барысында 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағы инфрақұрылымын жүзеге асыру Қорғас арқылы тауар айналымының көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік бермек. Сарапшылардың пікірінше, осы жобаның жолға қойылуы жүк тасымалдауды жылына 4 млн. тоннаға дейін ұлғайтады. Нәтижесінде, 150 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылады және 20 мыңға дейін жұмыс орны құрылатын болады.  Үшінші бағыт – энергетикалық инфрақұрылымды дамыту. Бұл ретте Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлерін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және Солтүстік-Оңтүстік бағытына транзитті күшейту көзделген. Осы мақсатта «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВт транзитін салу» жобасы іске асырылады. Жобаға «KEGOC» АҚ-ның 118,9 млрд. теңгені құрайтын меншікті қаражаты тартылмақшы. Ал мұндай нысанды қосу еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы электр беру желілері арқылы рұқсат етілетін электр қуатының ағынын 2100 МВт-қа (шамамен жылына 14 млрд. кВт/с) жеткізетін болады. Осындай желінің болуы Қазақстанның оңтүстік облыстарына қазіргі деңгейден жылына 4 млрд. кВт/сағат артық тасымалдау үшін электр қуатының қосымша көлемін өндіруге мүмкіндік береді.  Төртінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерін жаңғырту. Осы мақсаттарға 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан 150 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді. Бағдарламаның осы бағытын үздіксіз іске асыру үшін келесі жылдан бастап әр жыл сайын 100 млрд. теңгеден кем болмайтын қаражат қарастырылады. Бюджет қаражатынан бөлек, биылдан бастап Халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз тарту да көзделеді. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша коммуналдық желілерді жаңғырту жобаларының тиісті іске асырылуы 2020 жылға жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуын 65 пайыздан 53 пайызға төмендетуге және желілердегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту және халықтың баспанаға қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Өңірлерді дамыту- 2020» бағдарламасы шеңберінде, жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылады. Тұрғын үй инфрақұрылымын қолдауға бөлінетін Ұлттық қор қаражаты есебінен 2015-2016 жылдары қаржыландырудың жалпы көлемі 150 млрд. теңгені құрайды.  Ал «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ желісі арқылы кейіннен жалға беру үшін тұрғын үй нысандарын салуды немесе сатып алуды барлық көздерден жалпы қаржыландыру 250 млрд. теңгені құрайды. Нәтижесінде 2015 – 2019 жылдары 1,4 млн. шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады. Алтыншы бағыт – білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағытта Ұлттық қор қаражаты есебінен 66 млрд. теңге бөлінеді, оның ішінде 2015 жылы – 33 млрд. теңге, ал 2016 жылы – 33 млрд. теңге қарастырылмақ. Аталған қаражат мектептерді, балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерді салуға және Жоғары оқу орындарында ғылыми зертханаларды құруға жұмсалмақ. Нәтижесінде, орта білім беру жүйесінде Ұлттық қордың қаражаты есебінен апатты мектептердің орнына және үш ауысымда оқытуды жою үшін өңірлерде жалпы білім беретін жаңа мектептер салынып, пайдалануға беріледі. Айта кетерлігі, Ұлттық қордан бөлек, республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен салынатын мектептер санын ескерсек, Қазақстанда 2018 жылға қарай апаттық және үш ауысымда оқытатын мектептер проблемасы толық шешімін табады. Сосын осы салада Білім беруді дамытудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да іске асатыны белгілі. Сондықтан да, екі бағдарламаны қатар іске асырудан біршама жағымды нәтижелер күтіледі. Соның бастысы – алдағы үш жыл ішінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту кемінде 85 пайызға жетеді. Екінші басты нәтиже – Индустрияландыру бағдарламасын мамандармен қамтамасыз ету үшін базалық деп айқындалған 10 жоғары оқу орны жанынан 24 жаңа зертхана құрылады. Барлық зертханалар әлемдік стандарттардың талаптарына сай келетін болады. Жетінші бағыт – кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру. Осы мақсатқа 2015 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру жұмысы қарастырылған. Бұған Ұлттық қордан 100 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінетін болады. Соған қосымша 2015 жылдан 2017 жылдарға дейінгі аралықта шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан 155 млрд. теңге мөлшерінде кредиттік желілер тартылады. Ал шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беру инвестициялық жобаларды іске асыруға, айналым қаражатын толықтыруға және бұрын берілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталатын болады. Жақсы жаңалықтың бірі – түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайыздан, кредиттеу мерзімі 10 жылдан аспайды. Ал кәсіпкерлік субъектілеріне мұндай жеңілдетілген кредит берудің нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, өндірілген өнімнің көлемі ағымдағы деңгейден 150 млрд. теңгеге ұлғаятын болады. Бағдарламаның екінші блогы – 2015 жылғы дағдарысқа қарсы арналған шаралар кешенін қамтып отыр. Бұл жұмыстар да басты 7 бағдар бойынша айқындалған. Атап айтқанда, бірінші бағыт – отандық машина жасауды дамыту. Бұл ретте автомобильдер, тікұшақтар және жолаушылар вагондарын жасау жобаларына 2015 жылы Ұлттық қордан 35 млрд. теңге бөлінеді. Соның ішінде автомобилдерді жасау үшін 20 млрд. теңге, тікұшақтарды жасау үшін 10 млрд. теңге, жолаушылар вагондарын жасау 5 млрд. теңге қарастырылған. Отандық автомобиль және тікұшақ өндірушілерді қолдау ішкі нарықта шетелдік өнімдердің импортын отандық өндіріс өнімдерімен алмастыруды қамтамасыз ететін болады. Жалпы мұндай шаралар әлеуетті ішкі және сыртқы тұтынушыларға тиімді қаржылық жағдайында отандық машина жасау өнімін алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, даму институттары арқылы экспортты қолдау. Бұл үшін экспорттық кредиттеу жолымен 50 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді. Жалпы, ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну экспорттаушыларға әлеуетті сатып алушыларды ынталандыру жолымен өнімді өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Үшіншіден, Агроөнеркәсіп кешенін 2015 жылы қосымша қолдау үшін Ұлттық қор қаражатынан 20 млрд. теңге бағытталады. Бұл ретте, АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру бағыты шеңберінде кредиттер және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға - 0,7 млрд. теңге, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған кредиттер (лизинг) бойынша сыйақы мөлшерлемесін өтеуге - 1,5 млрд. теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыруға бағытталған АӨК-ті қаржылай қолдау қаражатының көлемі 11,5 млрд. теңгеге ұлғайтылатын болады. Бұндай шаралар өңірлік ықпалдастық жағдайында отандық мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы кәсіпорындары өнімдерінің өндірісін арттыруға жағдай жасайды. Ауылдық жерлердегі еңбекке жарамды 12 мыңнан астам адам жұмыс істейтін құс шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс орындарын сақтауға да мүмкіндік береді. Төртіншіден, басталған кредиттік тұрғын үй жобаларын іске асыру және үлестік салымдарды қорғау үшін 2015 жылы Ұлттық қордан 45 млрд. теңге бөлінеді. Осының арқасында тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша халыққа берілетін 240,6 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталатын болады. Кепілдік беру тетігін енгізу тұрғын үй құрылысына қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді және азаматтардың үлестік құрылысқа қатысу тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Бесінші – «Бизнестің жол картасы – 2020» жобалары үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізу шараларына 10 млрд. теңге мөлшерінде Ұлттық қор қаржаты қамтамасыз етіледі. Бағдарлама шеңберінде Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы индустриялық аймақтарға инфрақұрылымдар жүзеге асады. Кәсіпкерлік субъектілерінің неғұрлым ауқымды тобын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Алтыншы – өнім сапасы инфрақұрылымын дамыту. Бұл мақсатта сынақ базасының жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін Ұлттық қордан 5 млрд. теңге бөлінеді. Нәтижесінде жеңіл және химия өнеркәсібіндегі, металлургиядағы, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс, сондай-ақ ветеринария саласындағы қолданыстағы сынақ зертханаларын кеңейту және жете жарақтандыру қамтамасыз етілетін болады. Өнім сапасының инфрақұрылымын дамыту қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және икемді сауда саясатын жүргізу үшін отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бермек. Соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өнім сапасына сәйкестікті растау қажеттігіне байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің шығыстарын оңтайландыру көзделіп отыр.  Жетіншіден, перспективалы учаскелерді геологиялық зерттеу және пайдалы қазбалардың қорларын толықтыру мақсатында жер қойнауына барлау жасау үшін Ұлттық қордан 6 млрд. теңге бөлінеді. Нәтижесінде Қазақстандағы пайдалы қазбалар қорларының, оның ішінде түсті металдар мен алтын қорының болжамды көлемдері анықталады.

Тұтастай алғанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы қысқа мерзімде де, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада да экономиканың өсуіне жағдай жасап, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді, іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырады.

Үкімет үйінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың басшылығымен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясатын іске асыру аясында әйелдер арасынан жоғары білікті мамандар даярлау, ұрпақ тәрбиесі және басқа да мәселелер қозғалды.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбді­қалықова Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев ұсын­ған «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық патриоттық идеясы, бес инс­титуттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мем­лекетіміздің әлемнің ең дамы­ған 30 елінің қатарына кіру жө­ніндегі басты мақсатына қол жет­кізуге бағытталғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол қоғамы­мыздағы әйелдердің рөлін арт­тырудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Отырыста белгілі болғандай, «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде, соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін салу жобасына 1,5 мың әйел қатысып жатқан көрінеді. Бұл – аталған жобаға тартылған барлық жұмысшының 10 пайызы. Ал «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы 12 «Шұғыла» автожол жобаларын (Орталық – Оңтүстік; Орталық – Шығыс; Орталық – Батыс) іске асыруға тартылатын адамдардың 10 пайызын (20 мыңнан астам әйел) әйелдер құрамақ.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы: «Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру бағдарламаларын жаңа зертханалық жабдықтарды пайдалана отырып оқыту қарастырылады. Бұл экономикамыздың қажеттіліктеріне сай келетін жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деді.

Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі таңда әйел азаматшаларды техникалық мамандықтарға оқытудың және оларды «Нұрлы Жол» бағдарламасына белсене қатыс­тырудың маңызы зор екеніне назар аударды.

Отырыс барысында балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мәселелері де талқыланды. Мұның өз кезегінде өскелең ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылатыны атап өтілді.

Бұдан кейін, елімізде 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру бойынша Ақмола облысы әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан шаралар да қаралды. Осы орайда, Мемлекеттік хатшы қоғамдағы отбасы, әйелдер мен балалардың мүдделерін қорғау мәселелеріне қатысты өзекті әлеуметтік түйткілдерді шешуде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың рөлін арттыру қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ, отырыста комиссия мүшесі, танымал әнші Қарақат Әбілдинаның «Балалардың ерте дамуы туралы» жобасы таныстырылды. Аталған жоба ұрпақтың бойында патриотизм сезімін қалыптастыруға және мектеп жасына дейінгі балалардың жан дүниелерінде рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға арналған екен. Сонымен қатар, «Бауыржан» қоғамдық қоры дайындаған «Дара бала» жобасы да жиынға қатысушылар назарына ұсынылды. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында инклюзивті оқытуға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталыпты.

Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова қаралған мәселелер бойынша орталық мем­ле­кеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Жомарт ӘМІРХАНОВ, Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Ел Басының бүгінгі күнгі әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс пен геосаяси ахуал салдарының алдын алу бойынша уақтылы қабылданған шешімі ретінде қарастыруға болады.

Бағдарлама көліктік-логистикалық, индустриалдық, туристік, энергетикалық, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыта оты­рып, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа траекториясына шығуға мүмкіндік береді.

Көлік-коммуникациялық, энер­ге­ти­калық, әлеуметтік және тұрғын үй-ком­му­налдық салаларды дамыту құрылыс мате­риал­дарына, өнеркәсіп өніміне және жаб­дықтарға айтарлықтай сұраныс туын­да­тады, бұл дамыған индустриялық инфра­құрылымның жұмыс істеуін талап етеді. Өз тарапынан индустриялық инф­ра­құрылымды дамыту инвестициялардың өсуі мен экономиканы әртараптандыру, жұ­мыспен қамтуды және кәсіпкерлік бел­сенділікті қамтамасыз ету үшін қосымша түрт­кі болады.

Бағдарламада әлеуметтік инф­рақұры­лымды (мектептер, балабақшалар, ЖОО) да­мытуға ерекше көңіл бөлінген, өйткені адами капиталға инвестициялар экономика мен тұтас елдің орнықты дамуының түйінді фак­торы болып табылады.

Бағдарламаны іске асыру аясында 2015 жы­лы Жамбыл облысына Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық қорынан 5,3 млрд тең­ге бөлініп, келесі шараларды іске асыру қа­растырылған. Тұрғын  үй-коммуналдық  шаруашылығы инф­рақұрылымын және жылу, сумен жаб­дықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту ба­ғыты бойынша 1095,1 млн теңгеге үш жо­ба жүзеге асырылуда:

– Тараз қ. Қойбақов, Гамалея, Асқаров кө­шелері бойынша ТК-710 жылу желілерін жаң­ғырту; – Тараз қ. Абай даңғылынан Байзақ ба­тыр көшесіне дейін ТК-410 контуры бойын­ша, Қазыбек бидің 2-ші көшесі, Абай даңғылы, Әйтеке бидің 1-ші көше­сі­нің шектетілген көшелеріне ТК-411 ішкі орам­дық жылу желілерін жаңғырту; – Сарысу ауданы Жаңатас қаласында «Жа­ңатас Су-Жылу» КММ-нің КВГМ-30 су жылыту қазандығын және қосымша құ­рал-жабдығын ауыстыра отырып, орталық қа­зандығын жаңғырту. Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі ар­қылы тұрғын үй жобалау және салу ба­ғы­ты бойынша 600,0 млн теңгеге «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» акционерлік қоғамының желісі арқылы 542,8 млн теңге есебінен Арай тұрғын үй алқабында екі 65 пәтерлі  тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жә­не 57,2 млн теңге есебінен Арай тұрғын үй алқабында жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастау қарастырылды.

Инженерлік-коммуникациялық ин­фра­құрылымды жобалау, дамыту және (не­­месе) жайластыру бағыты бойынша 466,0 млн теңгеге үш жоба іске асырылуда: 

– Тараз қаласының «Арай» тұрғын үй ке­шенінде 14 га кәріз жүйелерін, сумен, газ­бен қамту жүйелерін, телефондандыру ма­гистралды желілерін салу; 

– Салынып жатқан әлеуметтік нысан­да­рын және «Бәйтерек» – 2 ықшамаудан­да­рын электрмен қамтамасыз ету үшін «Бәй­терек» ПС 110/10 кВ қосалқы станса­сы­нан 2 секциялы ЖЖ мен 2 ілмелі КЛ-10 кВ құрылысы; – Тараз қ. Сулейманов көшесінің соңын­дағы тұрғын үй алқабына жақындату және ма­гистралды ішкі орамдық инженерлік же­лі­лер салу (Су құбырларының сыртқы же­лілері).

Білім саласының инфрақұлымын да­мыту аясында апатты мектептер орнына мек­теп салу, үш ауысымды мектептерді жою үшін мектептер салу, балабақшалар салу бағыттары бойынша 1400,0 млн тең­геге бес нысанның құрылысы жүргізілуде:

– Тараз қаласының Құмшағалы стан­са­сында 300 орындық орта мектеп құры­лы­сы; – Байзақ ауданы Түймекент ауылында 300 орындық орта мектеп құрылысы; – Қордай ауданы Масаншы ауылында 280 орындық балабақша құрылысы; – Тараз қаласының «Салтанат» (4) ық­шам ауданында 280 орындық бала бақша құ­рылысы; – Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 280 орындық балабақша құрылысы.

Мектепке дейінгі білім беру ұйым­да­рын­да мемлекеттік білім беру тапсырысын іс­ке асыру бағыты бойынша 1 021,2 млн тең­ге есебінен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға Байзақ ауданына 3,9 млн теңге, Жамбыл ауданына – 24,0 млн теңге, Меркі ауданына – 21,1 млн тең­ге, Тараз қаласына – 972,2 млн теңге қарас­ты­рылды.

Бизнестің жол картасы – 2020 жобала­рын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аясында индустриалдық аймақтарға және кә­сіпкерлердің жобаларына жетіспейтін инф­­рақұрылым жүргізу бағыты бойынша 11 жобаны іске асыруға 734,8 млн теңге бө­лін­ді.

Аталған жобаларды іске асыру нәти­же­сінде 500-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде.

Сонымен бірге, Тиімді көліктік-логис­ти­калық инфрақұрылым құру бағыты ая­сында Жамбыл облысы аумағында Қа­зақ­стан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі арқылы «Қазақстан темір жо­лы» ұлттық компания» Акционерлік қо­ға­мымен  «Алматы-1– Шу темір жол учас­ке­сінде электрленген екінші жол салу бойын­ша жобаны іске асыру басталды. Жо­баның ұзындығы – 124,5 км. Жобаны іске асыру барысында 1490 жұмыс орны құры­лады деп күтілуде.

Жол азабын тартқан біледі». Кеңес Одағы тарағаннан кейін тұрымтай тұсына, балапан басына кетіп, ел еңсесін жиғанша талай дүние іргесі сөгілді. Оның ішінде қалааралық, аудан мен ауылдардың арасын байланыстырып тұрған жолдардың ойқы-шойқы күйге түсіп, адам аяғын тығып алатындай, көлікпен жүруге мүмкін болмайтындай жағдайға жеткенін ел көрді. Соның салдарынан жұрт жол азабын тартты. Таяқ тастам жерге барудың өзі мұң болды. Дегенмен, ел еңсесін тез тіктеді. Экономикалық құрылым қайта жасақталды. Елге жаңа инвестициялар келе бастады.

Жүйелі жұмыстың арқасында қара жолға да көп мән беріле бастады. Алдымен Астана мен Алматының арасын жалғап жатқан үлкен жол­дың жағдайы түзелді. Онан соң Щучье – Астана күрежолы жасалды. Бұлардан соң тек Қазақстанды ғана қамтып қоймай, Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды тікелей байланыстыратын ғасыр жобасы іске асты. Мұндай әлемдік маңызы бар жобадан Қызылорда облысы да сырт қалған жоқ. Аталған күрежолдың 812 шақырымы Ақмешіт атырабына тиесілі.

Басы ашық мәселе ретінде ай­тайық, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей бастамасымен басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі халықтың игілігі үшін жасалған жоба. Құр­лықтар арасында алтын арқау болатын көлік дәлізі Қазақстанның 5 облысының аумағынан өтеді. Жалпы ұзындығы 2787 шақырымды құрайды. Жоғарыда айттық, бұл жолдың рахатын тек Қазақстан ғана көрмейді. Мәселен, бүгінде Қытайдан Батыс Еуропаға теңіз арқылы жүк жеткізуге тура 40 күн уақыт кетеді екен. Ал «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» күрежолы іске асқаннан кейін Еуропа мем­лекеттеріне жүкті қаражолмен жет­кізуге бар-жоғы 10 күн ғана шығын­­далатын болады. Осыдан-ақ бі­раз дүниенің сырын түсіне беріңіз. Бол­жам бойынша, 2020 жылға қарай жүк айналымының көлемі 2,5 есе көбеймек.

Тағы бір мәлімет. Әлем кәсіп­керлері теңіз арқылы тауар тасымалы үшін жылына 700 миллиард АҚШ долларынан астам шығын шығарады. Егер осы жүк керуенінің белгілі бір бөлігі автокөлік арқылы Қазақстанның үстімен тасымалданатын болса, онда біздің ел зор байлыққа кенелетіні сөзсіз. Енді Қызылорда облысында жасалып жатқан жолдың жай-күйін баян етелік.

Күрежолдың Қызылорда облысынан 812 шақырымы өтетінін айттық. Оның ішінде 246 шақырымы І техникалық, 566 шақырымы ІІ техникалық санатқа жатады. Жолды қайта жаңарту барысында 48 көпір, 336 құбыр, 74 мал өтетін орындар, 14 жол айрығы, 2 теміржол өткелдері салынады. Көлік құралдарының жолда жүру жылдамдық көрсеткіші 120 шақырым-сағатқа өсуіне орай автомобиль жолы 8 ірі елді мекенді айналып өтетін болады. Олар: Арал қаласы (9,3 шақырым), Әйтеке би кенті (1,9 шақырым), Жосалы кенті (12,8 шақырым), Ақжарма ауылы (7,5 шақырым), Шаған ауылы (8,3 шақырым), Қызылорда қаласы (18,1 шақырым), Шиелі кенті (22 шақырым), Жаңақорған кенті (23,1 шақырым). Сонымен қатар, Арал, Қармақшы аудандарында және Қызылорда қаласында жаңа жол-пайдалану учаскелері салынады. Шиелі ауданында осыған дейін пайдаланылып келген жол-пайдалану пунктінің ғимараты қайта жаңартылып, арнайы учаске ретінде жұмыс істемек. Мұның сыртында Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарында жаңадан жол-пайдалану пункттері пайдалануға беріледі.

Жоба құрылысын 5 бас мер­дігер компания атқарып жатыр. Сондай-ақ, қазақстандық 24 қосал­қы мердігерлер жұмыс істеуде. Қызылорда облысына қарасты 812 шақырым жол 15 учаскеге бөлінген. Ондағы жұмыстар жоспар бойынша атқарылып жатыр. Мәселен, италиялық «Салини» компаниясы – 410 шақырым, Әзербайжан мен Түркияның бірлескен кәсіпорыны «Аккорд/Окан» – 107 шақырым, тағы бір италиялық мекеме «Импреза» – 50 шақырым, таза әзербайжандық компания «Азеркорпу» – 28 шақы­рым, «Тодини» (Италия) – 217 шақырым жолды өзара бөліп алған. Осы арада құрылыс жұмыстарына тікелей бақылау жасайтын кон­суль­тант компанияларды да атап өткен жөн секілді. Бұлар: «Исан» (Корея), «Роугтон/ДБЮК» (Ұлы­британия), «Донгсунг» (Ко­рея), «Қаз­жол­жобалау» ЖШС (Қазақстан). Сон­дай-ақ, жобаны басқаруды жүзеге асырушы консультант канадалық «СНК-Лавалин» компаниясы.

Арал мен Жаңақорғанның арасында бірнеше жылдан бері жол құрылысы қарқынды жүрді. Мысалы, Аралдан Жосалы кентіне дейін бүгінде қара жол сайрап жатыр. Әрине, әлі толық пайдалануға бе­рілген жоқ. Дегенмен, осының өзінде көліктер ешқандай кедергісіз жүреді. Ал Жосалы мен Жалағаштың арасында біршама қиындықтар туындады. Негізгі мердігер мойнына жүктелген жұмысты дұрыс атқармады. Ақша желінген фак­тілер кездесті. Жұмысшылар ереуіл­ге шыққан сәттер болды. Бірақ аймаққа Қырымбек Көшербаев әкім болғаннан кейін жауапсыз мердігерді сотқа тартып, сол ар­қылы жұмыстан шеттетті. Ақы­рында, аталған аралықтағы жол құрылысын «Евразкон» компания­сы жүргізе бастады. Қазіргі сәтте қара жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жолдың негізгі бөлігі төселіп бітті. Енді су өткелдері мен көпір құрылыстарына басымдық берілген. Бұйыртса, бұл Жосалы мен Жалағаштың арасында тақтайдай жол жататын болады. Ал Қызылорда қаласын айналып өтетін бөлікте теміржол мен Сырдарияның үстінен өтетін көпір құрылысы аяқталды. Онда осы күннің өзінде көліктер жүріп жатыр. Шиелі мен Жаңақорған аудандарындағы бөлікте ешқандай түйткілді мәселе жоқ.

Құрылыстың басталуы аймақ экономикасының дамуына да жа­ғымды әсерін тигізді. Жаңақорған, Шиелі аудандарында тас зауыттары, Қызылорда қаласында битум зауыты салынып, пайдалануға берілді. Жұмыстың қарқынды жүргізілуіне жергілікті «УАД» және «Дорстрой» мекемелерінің қосып отырған үлесі ерекше. «Дорстрой» мекемесі жанынан «Техмаман» оқу орталығын ашып, жол саласына қажетті мамандарды оқытуда.

Облыс бойынша мердігерлер жергілікті тағам өнімдерін пайдаланып, тұрғылықты тауар өн­дірушілерден жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және т.б. өнім­дер сатып алады. Бұл – орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар санының көбеюіне, жаңадан жұмыс көздерін ашып, бюджетке түсетін салық көлемінің артуына оң ықпалы тиіп жатыр деген сөз.

Жоба құрылысы біткеннен кейін жолдың бойында жаңадан жол жүргіншілеріне халықаралық талаптарға сай келетін қонақүйлер мен кемпингтер, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және тамақтандыру орындары салынып пайдалануға беріледі. Облыс аумағында туризмді дамытуға жол ашылып, облыстың тарихи орындарына алыс және жақын шетелдерден келушілер санының артуына ықпал жасайды.

Осы орайда күрежолды салу­да барынша тәжірибе жинап, өздеріне берілген учаскелердегі құрылысты уақытында аяқтап отыр­ған «Дорстрой» мекемесінің басшысы Мұратбек Тілеулиевті сөзге тартқан едік.

– «Дорстрой» ЖШС 1996 жы­лы іргетасын қалады. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жол құрылысы саласында жұмыс істедім. Қарапайым жұмысшыдан инженерге дейін көтерілдім. Дегенмен, 90-жылдардың басындағы тоқырау кезінде біз істеген мекеме жабылып қалды. Сөйтіп, жұмыссыз қалдық. Содан жігіттер бірігіп өз ісімізді қолға алуды жоспарладық. Соның негізінде осы «Дорстрой» компания­сы өмірге келген еді. Алғашында жұмыстың ірі-ұсағына қарамай істей бердік. Аула, ауыл жолдарын жөндедік. Өйткені, тәжірибе жинау керек еді. Сонымен қатар, өзіміздің біліктілігімізді де дәлелдеу алды­мызда тұрды. Кейіннен мұнай ком­панияларынан ұсыныстар түсе бастады. Кейіннен Қызылорда – Жезқазған автожолының құры­лысын қолға алдық. Солайша, жыл өткен сайын жұмыс ауқымы да арта түсті. Бүгінде біздің ұжымда 600-ге жуық адам жұмыс істейді. 2008 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы басталады деген шақта біз нарықтағы өз орнымызды тауып, тәжірибелі мекемелердің біріне айналған едік. Дегенмен, ма­мандардың жетіспеушілігі бай­қалды. Ойлана келе, мекеменің жанынан «Техмаман» қайта даярлау мектебін ашуды көздедік. Сол бойынша жол-құрылысының мамандарын дайындадық. Осы күнге дейін «Техмаман» 800 адамды қайта оқытып шықты. Олардың барлығы жол құрылысы саласында еңбек етіп жатыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолына қатысты тендерлік жұмыстар 2009 жылы өтті. Әрине, жол құрылысын салуды шетелдік компаниялар жеңіп алды. Содан жұмыс басталғанда олар жергілікті жердегі мекемелерді өздеріне қосалқы мердігерлікке шақыра бастады. Біз италиялық «Салини» АҚ-пен келісімшартқа отырып, жұмысты бастап кеттік. Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының арасындағы 70 ша­қырым жолды жасадық. Бұл жоба несімен құнды? Ең алдымен біз халықаралық дәрежеде тәжірибе жинаймыз. Онан кейін өзіміздің кадр­ларымызды дайындаймыз. Мысалы, жол құрылысына біз жоғары оқу орындарын енді бітірген мамандарды тарттық. Олар осы бір жылдың ішінде 3 жылдық тәжірибе жинады десек, артық айтқандық емес. Техникалық базамызды да ха­лықаралық стандарттарға сәй­кес­тендіріп жасақтадық. Осы ар­қылы біз халықаралық автожол құрылысына тікелей қатысуға мүм­кіндік аламыз. Алдағы уақытта шетелдік компания­лармен иық ті­ресетіндей жағдайға жетеміз деп ой­лаймын. Бұл ел экономикасы үшін де, жекелеген компаниялар үшін де үлкен пайда болмақ,– дейді ол.

«Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» көлік дәлізі Қызылорда об­лысындағы қала мен аудан, ауыл орталықтары арасындағы қатынасқа оң сипатын әкеліп отыр. Жұрт бұрынғыдай жол қиындығын білмейді. Барар жеріне еркін қаты­найтын жағдайға жетті. Ал тас жолдың құрылысы толық аяқ­талғанда, қатынаста ешқандай қиындық болмайды.

Шығыс өңірінде теміржолдың ұзындығы 1 243 шақырымға созылып жатыр. Шойын жолдың бойында 24 теміржол бекеті мен 32 жолаушы платформасы орналасқан. Облыс орталығынан Риддер мен Зырян қалаларына қатынайтын екі ауданаралық теміржол бағытымен де ерекшеленетін өңір үшін темір­жолдың маңызы ерекше. Өйткені, теміржол – тіршілік тамыры. Оның өн бойын өмір ағыны қуалайды.

Осыдан жеті жыл бұрын Кенді Алтай мен Арқа, Жетісу жерлерін жалғаған жаңа жол – жасампаздықтың жарқын үлгі­сіне айналды. Бұл – Шар мен Өскемен қалалары арасындағы шойын жолдың құрылысы еді. Қайламен «Түрксіб» сынды тарихи жол салған аталардың ерлігін ұмытпаған құрылысшылар аталған жолды үш жылдың ішінде салып шыққаны жадымызда. Айталық, «Шар – Өскемен» теміржолының құрылысы 2005 жылы тамыз айында басталды, 2008 жылы толығымен аяқталды. Облыс орталығының іргесіндегі Защита стансасы мен Шар стансасының аралығы – 153 шақырым. Жаңа шойын жолдың іске қосылуының нәтижесінде жолаушы және жүк тасымалына жұмсалатын уақыт айтарлықтай қысқарды. Екі аралықтағы жол қатынасы бес сағатты құрайды. Көптеген жылдар бойы орталық өңірлерден еліміздің шығысына жол жүру үшін Ресей аумағымен айналу қажет болатын. Яғни жолаушылар көрші елмен шекарадағы Локоть стансасын басып өтетін. Бекеттер арасындағы тасымал уақытына 26 сағат жұмсалатын жол жолаушыға ғана емес, жүк тасымалына да өте қолайсыз болды. Шекаралық бекеттегі кідіріс те әжептәуір уақыт жоғалтатын. Міне, 200 шақырымға жуық теміржолдың пайдалануға берілуі осы түйткілдерді шеше білді. Осылайша, Шар – Өскемен теміржол желісі еліміздің шығысы мен орталық өңірлерін жалғай отырып, Ресей аумағы бойынша өтетін транзитті азайтты. Сондай-ақ, Шар мен Өскемен арасындағы бұрынғы бағытты 311 шақырымға дейін қысқартты.

Шойын жолдың экономикалық тиімділігі орасан еді. Кенді Алтайда кен көп. Кен өндіретін кәсіпорын көп. Өндірістік кәсіпорындардың жаңа жолдағы жүк тасымалы уақыт пен қашықтық тұрғысынан пайдаға шығып, бұрынғы шығындарды азай­туға айтарлықтай себін ти­гізді. Жүк тасымалдаушылар үшін көліктік шығындар көлемін төмен­детті.

Бір ерекшелігі, Шар – Өскемен теміржолы еліміздегі концессиялық негізде жүзеге асырылған алғашқы инфрақұрылымдық жоба саналады. Жылына 1 миллионға тарта жолаушы тасымалдайды. Аталған жобаның құны 14 млрд. теңгеден асады. Мемлекет, зейнетақы қорлары және акционерлер қаржысымен мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде бой көтерген бірегей теміржол бағытымен жүретін пойыздар Шар стансасы арқылы Алматыға бет алады. Ресей арқылы бұрынғы айналма жолға кететін уақыт пен қашықтықты үнемдеген жолдың бойында бүгінге дейін бірқатар қосымша нысандар бой көтерді, аздап кіріс көздері пайда бола бастады. Мәселен, Защита стансасында қауіпсіздік техникасы мен диспетчерлік басқару пунктеріндегі пойызды жоспарлау жұмыстары жүргізіледі. Шығыс өңірінің ғажайып сұлу табиғатын тамашалауға мүмкіндік беретін тау­лы, тасты жерлерді қиып салын­ған шойын жолдың бойында Айыртау стансасы бар. Бұл бір жағынан ауыл тұрғындарына вокзал қызметін атқарса, екіншіден, электрлі орталықтандырылған бекет орналасқан жаңа ғимарат. Айыртау мен Екіаша стансаларының арасы – 91 шақырым. Екіаша да жаңадан салынған заманауи станса. Сондай-ақ, «Ұлан» разъезі мен «Шалабай» және «Сарыжал» стансалары да көз тартарлықтай көрікті, таза. Қос рельсті көміп тастамау үшін қыста қардың көшуін тоқтататын бетон шарбақтар салынды. Мұның баршасы күрежолдың бойындағы күнделікті қарым-қатынастың үз­дік­сіз һәм мінсіз болуына қызмет етеді.

Қазіргі кез – қарбалас шақ. Ауыл өмірінің бітпес шаруасы шаш-етектен. Әркім өзінше қам-қарекет үстінде.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауылдарының үстін басып өтетін Самарқан – Қызылорда тас жолы бар. Бұл жолмен бұдан бірер жыл бұрын өткен адам автокөлігін тастай сап қашқысы келетін жол еді. Мемлекеттің қар­жысы есебінен жол жөнделді, түзелді. Елдің қарым-қа­ты­насы артты, еңбегі жана бас­тады. Халық үшін қа­жет­ті осындай мәселеге назар аударғаны үшін жұрт Елбасына, Үкіметке риза. Енді сол жолды шілденің шіліңгір күндерінде бақша өнімдерін артқан (Алқа деп жатады жұрт) түрлі шетелдік алып жүк маши­налары, «КамАЗ»-дар тіркемелерімен ыңырана өтіп, баяғы «Қобыланды» жырындағы тайбурылдың, «Көлденең жатқан көк­тас­ты, сазбалшықтай иле­ді» дегендей илеп жатыр. Дәл осы жағдай біз­ден жоғары Шардара, Арыс аудандарының, тө­мен­­­гі Қызылорда облы­сы­ның Жаңақорған, Шие­лі аудандарының елді мекен­дерінде де орын алып отыр.

Шығыс пен Батысты жалғастыруға бағытталған үлкен жолмен жүрмей жүк көліктерінің бұл жолға ки­лігуі тиімділігі мен ие­сіз­дігінде болар. Оларға әй дей­тін әже, қой дейтін қо­жа жоқ. «Дакумент полный пакет», майда-шүйде ке­дергілерді теңгемен ұрып кете барады.

Арғы жағы Өзбекстанмен, бергі жағы өзіміздің оңтүстік аудандардан бой түзеген автокеруен тізбегі алды Ресейге, аяғы батыс облыстарға толассыз өтіп жатыр. Ақшаға малып, тасты бетонға қарып салған қасқа жол көз алдыңда тозып барады. Өтемін кім төлейді? Әкім-қаралар бұған неге қарамайды?

Елбасымыз айтқандай, ел қазынасына қырағылықпен қарау әрбір қазақстандықтың міндеті.