Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Литва Республикасына ресми іс-сапармен барып, екі жақты тиімді ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды bnews.kz.
Аталмыш кездесу қалалық әкімшілік ғимаратында Вильнюстің мэрі Ремигиюс Шимашюспен болды.Онда Ә.Жақсыбеков Қазақстан астанасы үшін жүзеге асыру тәжірибесі жағынан тартымды болып көрінген Литваның кейбір бизнес жобаларымен танысып үлгерді.
Вильнюс қаласының мэрі Миландағы қазақстандық ЭКСПО павильонының танымалдығын ерекше атап өтіп, туризм саласы бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталды.
Ә.Жақсыбеков алда өтетін ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада жүргізіліп жатқан ірі құрылыс жобалары мен дайындықтар туралы баяндап, Вильнюс әкімшілігі 2017 жылы Астанада өтетін маңызды шараға ақпараттық қолдау жасайтынына сенім білдірді. Бұл тарапта Астана қаласындағы Вильнюс мәдениет күндері мен көрме өтетін уақытта ұйымдастырылатын арнайы чартерлік рейстер де өз септігін тигізе алады.
Р. Шимашюстің тарапынан Астана-Вильнюс арасындағы тұрақты әуе бағытын ашу ұсынысы айтылды.
«Құрылымдық ынтымақтастық біздің азаматтарымыз үшін екі ел арасындағы мәдениет пен өнерді жақын тануға септігін тигізетініне сенімім мол. Икемді әрекет етсек бұл өз кезегінде екі астананың экономикасын дамытуға қозғаушы күш бола алады», - деді Ә.Жақсыбеков.