Астанада өткен «Еуразиялық экономикалық перспектива» форумында Еуразиялық экономикалық алқа төрағасы Виктор Христенко одақ шеңберінде ортақ валюта болмайды деп мәлімдеді.
Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.
«Бұл сұрақ белгіленген ауқымды бағдарламалар іске асқан соң, бір-ақ қозғалуы мүмкін. Оның өзінде тек 2025 жылға қарай. Әрине, ұлттық валюталардың құнсыздануы қаржы саясатына өзгеріс енгізуге итермелейді. Бұл бағытта Орталық банк, қаржы, экономика министрліктері қоян қолтық жұмыс істеуі керек. Мұндай шаралар экономикалық қиындықты еңсеруге сеп болады, деп ойлаймын», дейді Еуразия экономикалық комиссиясының алқа төрағасы.
Сонымен қатар, аталмыш форумда парламент мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов одақ елдері Қытаймен экономикалық, индустриалды және инвестициялық байланысты дамытуы қажеттігін айта келе, бұл процесс жаңа өндіріс орындарын ашуға, шағын-орта бизнесті дамытуға жол ашады, деді.
Айта кетейік, келесі жылдың басында Еуразиялық экономикалық одақ Қытаймен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту жөнінде келіссөздер жасасады деп күтілуде.