$ 449.58  486.94  4.86

Түркия Қытайдан қамаудағы мұсылмандарды босатуды талап етті

Ресми Анкара Қытайдан Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарын" жабуды талап етті деп жазады Азаттық. Түркия сыртқы істер министрлігінің 9 ақпанда жариялаған мәлімдемесінде Шыңжаңдағы лагерьлерді "азаптау орталығы" деп атаған.

Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Хами Аксой "миллионнан астам ұйғыр азаптау орталықтарында қамалғаны қазір құпия емес. Қамауға алынбағандарға қысым көп. 21 ғасырда лагерь ашу, Қытай билігінің ұйғырларды қудалауы - адамзатқа жасалған қылмыс" деген.

Түркия Шыңжаңдағы жағдайға БҰҰ жедел араласуы керек деп санайды.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы 2017 жылдың көктемінде айталы бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.

Қазақстандағы қазақтар да Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

Былтыр желтоқсанның соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де бар. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары