Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев бұл пікірін 17 наурызда Бішкекте өткен Ақсы оқиғасында құрбан болғандарды еске алу шарасында айтқан деп жазады Азаттық.
“Өмір бойы отбасылық авторитарлық режиммен күресе жүріп, ішін көрмей, сыртын ғана көріп, осындай адамды билікке алып келгенім үшін кешірім сұраймын” деді Атамбаев.
Атамбаев қазіргі билікті "отбасымен басқару жолына түсті" деп айыптап, одан бас тартуға шақырған. Экс-президент билік бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің ізін қайталап, өзін сынаған азаматтарды қудалап жатыр деп айтқан.
"Қазір тіпті балаларға да тиісетін болды. Бұл билік одан да қорқынышты - олар қорқыту үшін бәрін түрмеге отырғызып жатыр" деген Атамбаев.
Дәл осы күні Ақсы ауданындағы еске алу шарасында сөйлеген Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков "биліктегі тамыр-таныстықпен күрескен азамат ретінде" ешқашан "отбасымен басқару жүйесіне" жол бермейтінін айтып, өзіне дейінгілерді сынаған.
"Бір кездері мемлекетті қылмыстық топ басқарған кездер болды. Оған қоғамның өзі де көз жеткізіп келеді. Біз халықтың арман-мұратын жақсы білеміз. Халық бекерден-бекер "Тура биде туған жоқ, турасыз биде иман жоқ" деп айтпаған. Менен бастап биліктің үш тармағы мұны ұмытпауы керек. Отбасылық кланмен күрескендердің алдыңғы қатарында болған азамат ретінде айтарым, ешқашан отбасымен басқаруға жол бермеймін" деп айтқан.
Қырғызстанда бұрынғы президент Атамбаев пен қазіргі президент Жээнбеков арасындағы жағдайдың нашарлап кеткені жиі айтылады. 2018 жылдың аяғында Атамбаев жергілікті сайттардың біріне берген сұхбатында президент біреулер арқылы "өзіне ықпал етуге тырысып отыр" деп айыптаған.
Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы президент сайлауында сайлаушылардың 54 пайызын жинап, жеңіске жеткен. Оны президенттікке Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы ұсынған. Сол кезде президент болып тұрған Алмазбек Атамбаев оны ерекше қолдаған.
2002 жылы наурыздың 17-інде билікке наразылық білдіріп, бейбіт шеруге шыққандарға милиция қару қолданған. Оқиға салдарынан алты азамат қаза тапқан, ондаған адам зардап шеккен.