26.10.2015, 04:05

Мемлекеттік қызметкердің барлық әлеуеті есепке алынады

Фото: today.kz

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы ғимаратында ҚР Президентінің 5 институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын бұқара халық арасында түсіндіру мақсатында құрылған қалалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев ашып, жүргізіп отырды. Мұнда кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы кеңінен талқыланды.

- «100 нақты қадам» мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі дамыта түсуді көздейді. Еңбекке ынталандыру қай салада болсын маңызды екені мәлім. Бұл орайда, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру бағдарламаның 5, 6-қадамында көрсетілген. Жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – тұрмыстық жағдайдың дұрыс болуы десек, «100 нақты қадамда» бұл жағы да ескерілген. Ендігі жерде ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер міндетті түрде берілетін болады. Мұның өзі қызметкердің алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болатын жәйттар, - деп атап өтті Досалы Амангелдиев.

Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметкерлер корпус­ының тиімді жұмыс істеуі олардың білім деңгейіне де байланысты. «100 нақты қадам» бойынша алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер тұрақты түрде әр үш жыл сайын бір рет кәсіби шеберлігін арттыратын болады.

- Елбасы ұсынып отырған реформада мансаптық өсу мәселесі де өз орнын тапқан. Мәселен, «Б» корпусының ең жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жүзеге асатын болады. Мұның өзі меритократия қағидатының жүзеге асуы үшін алғышарт болып табылады. Ол кезде қызметкердің жеке басының үлгісі, қызметтегі жетістігі, қысқасы, барлық әлеуеті есепке алынатын болады, - деді ол.

Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасының маңыздылығына тоқталған қалалық ақпараттық насихаттық топ мүшелері, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің мемлекет және құқық кафедрасының доценті Ғаппар Маймақов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерік Сарыбаев өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.