Кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жететін мемлекет басшысы жеңіл өнеркәсіп фабрикаларына көңіл бөледі деп ойлаймын. «Rum-N» шұлық фабрикасының директоры Иван Бридихин осылай деп пікір білдірді. Ол «Жасампаз» консорциумының қызметкерлерінің де Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімін ерекше бағалайтынын айтты.
«Бүгінде біздің елде болған жағдайды ескере отырып, мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау туралы шешімі ең дұрыс шешім деп ойлаймын. Біз бұл мәселені белсенді талқылап жатырмыз. Бұндай мәселелерде дәл осылай белсенді болу керек», – дейді кәсіпкер.
Иван Бридихин 22 жылдан бері жеңіл өнеркәсіпте қызмет етіп келеді. Осы уақытқа дейін оған мемлекет те қарайласып, қаржылай қолдап келген. Соның нәтижесінде аяққа тұрған кәсіпкер Қазақстанның одан әрі дамуы үшін тұрақтылық керек деп есептейді.
«9 сәуір күні кезектен тыс президент сайлауы жайлы естігенде бұл шешім өте дұрыс дестік. Егер осындай шешуші сәтте біз мемлекетті қолдасақ, кейін мемлекет те бізге қарайласып, қол ұшын созатын болады.
Егер елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көшбасшы боп қаламын деп шешсе, біз қолдаймыз. Себебі, оның кез келген шешімі біз үшін маңызды. Ал қандай да бір президенттікке үміткер адамды ұсынса, біз соған дауыс береміз. «Жасампаз» консорциумындағы әріптестеріммен де сөйлестім. Олар да сайлауда белсенділік танытатындарын айтты. Ойымыз бір жерден шықты», – дейді ол.
Иван Бридихин алдағы уақытта ел сайлайтын президент жеңіл өнеркәсіпке жіті көңіл бөледі деп үміттенеді.
«23 сәуір күні «Нұр Отан» партиясының президенттікке кімді ұсынатыны белгілі болады. Жаңа мемлекет басшысы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолымен жүріп, жеңіл өнеркәсіпке қолдау көрсетіп отырады деп ойлаймын», – дейді ол.
Кәсіпкер Бридихин «Жасампаз» консорциумында 3 жылдан бері қызмет атқарып келеді екен. «Мемлекеттік тапсырыстармен 5 жылдық келісімшартқа отырдық» деген ол алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмыс жалғастыратынан үмітті екенін айтады.