16.10.2015, 03:58

Бурабайда ТМД елдерінің басшылары бас қосты

www.azattyq.org

Бурабайда ТМД елдерінің басшылары Кеңес отырысында бас қосты. Жиынды ашқан мемлекет басшысы өз сөзінде шағын құрамда өткен Кеңес отырысында ТМД ахуалы мен даму келешегінің мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты.

Бүгінде әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқаны ешкімге құпия емес. Әңгіме ең алдымен экономика және қауіпсіздік жөнінде болып отыр. Болып жатқан жайттар біздің ұйымның да жаңа жағдайларға бейімделуін талап етеді. ТМД да өсіп, жаңа жағдайларға ыңғайлануы, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы барынша тиімді әрекет ете алуга тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті талқылаудан өткен тақырыптың бірі халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал болғанына назар аударды.

Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға деструктивтік тұрғыдан ықпал ететінін атап өткен жөн. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұлғайтты. Нәтижесінде бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды.  Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет болады. Оған қоса, тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген террористер босқын атымен жасырынып жүруі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері басшылары террорлық қауіпті жоюдың уақтылы әрі тиімді шараларын қабылдауға ортақ ниет танытып отырғанын айтты.

Менің БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Террорға қарсы орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты.

Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек, таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы аяқталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шара барысынша А.Лукашенко Қазақстан Президентіне Беларусьтің мемлекеттік наградасы – «Халықтар достығы» орденін тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бай жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып, ТМД-ның қалыптасуы мен дамуы үшін өте көп жұмыс атқарды, еуразиялық ықпалдастық идеясы да оған тиесілі. Осының бәрі халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, елдеріміздегі адам тұрмысын жақсарта түседі,  – деді Беларусь Президенті.

***

ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырыс қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– ТМД Мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына байланысты мәлімдемесі;

– ТМД Мемлекеттері басшыларының халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы мәлімдемесі;

– ТМД Мемлекеттері басшыларының Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығына байланысты үндеуі;

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдайларды ескерту және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі;

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы;

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2016 – 2020 жылдарға арналған сыртқы шекаралардағы  қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы. 

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты  «Халықтар достығы» орденімен марапаттады.

«Дәл осы залда, дәл осы құрамда мен онымен бірнеше ғана адам марапататталған жоғары мемлекеттік награданы табыс еткім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы «Халықтар достығы» орденімен баяғыда марапатталған. Сондықтан бүгін біздің кеңестің дәл осы құрамында, әріптестеріміз - президенттердің көз алдында осы награданы табыс еткім келеді. Беларусь халқы атынан осынау миссияны орындауға рұқсат етіңіздер», деді А.Лукашенко. Беларусь Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың ТМД-ның қалыптасуы жолында зор еңбек сіңіргенін, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынғанын атап өтті. «Сондықтан да маған осынау маңызды миссияны атқаруға, оны құттықтап, награданы табыс етуге рұқсат етіңіздер», - деді ол. Айта кетейік, жоғары деңгейдегі отырысқа Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Молдова  Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур, Түркіменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Сатлық Сатлыков, Украинаның Қазақстандағы істерінің уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник, ТМД Атқару комитетінің төрағасы - атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысуда. 

Сондай-ақ, кеңейтілген отырысы қорытындысында Президенттер 16 құжатты рәсімдеді.

Атап айтқанда, қол қойылған құжаттар мыналар: «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына орай мәлімдемесі туралы» шешім, «Халықаралық терроризмен күрес туралы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы Мемлекет басшыларының мәлімдемесі туралы» шешім, «Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығымен байланысты Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшыларының үндеу туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы миграциялық процестерді құқықтық қмтамасыз ету туралы» шешім,  Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің территорияларында бірлескен жедел тергеу тобын құру тәртібі және оның қызметі туралы келісім, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы келісім, Төтенше жағдайдарды ескерту және жою саласындағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім, «2020 жылға дейінгі Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы туралы» шешім, «2016-2020 жылдарға арналған сыртқы шекарадағы шекаралық қауіпсіздікті күшейтудегі Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастық бағдарламасы туралы» шешім, «Түркіменстанда «Достастықтың мәдени астанасы» мемлекетаралық бағдарламасын 2016 жылы жүзеге асыру туралы» шешім, «Сыртқы шекарадағы дағдарысты жайттарды реттеу (жою) үшін бағытталатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекаралық және басқа да ведомстволарының топтарын құру туралы» шешім, «2012 жылғы 5 желтоқсандағы сыртқы шекарада дағдарысты жайттар туындағанда және реттегенде (жойғанда) көмек көрсетуде Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық және басқа да ведомстволарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру турады ережені бекіту туралы 2007 жылдың 5 қазандағы хаттаманы жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарының орындалуы туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің лаңкестікке қарсы орталығының басшысы туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына төрағалық туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшыларының кезекті отырысын өткізу туралы» хаттамалық шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс үйлестіру комитетінің төрағасы туралы» шешім.

Отырыс барысында Андрей Новиков ТМД терроризмге қарсы орталықтың басшысы болып қайта сайланды. ТМД Мемлекет басшылары бір ауыздан А.Новиковтың ТМД терроризмге қарсы орталықтың басшысы болып қайта сайлануын қолдады.