$ 498.34  519.72  4.85

Жанданған жарасымдылық жолы

2006 жылы ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және зия­лы қауым өкілдерінің форумы ұйымдастырылған еді. Алғашқы басқосу Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінде өткен. Оған қатысушы ТМД елдерінің өкілдері Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорын ұйымдастыру туралы ұсыныс жасаған. Бұл қор ТМД Үкіметтері басшыларының 2006 жылғы кеңесінде құрылып, бұған Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан, яғни 9 мемлекет енді.

Содан бері қордың ұйым­дас­тыруымен оның жыл сайынғы форумы әрбір елде өткізіліп келеді. Олар Достастық кеңістігіндегі жыл сайынғы көлемді гуманитарлық іс-шаралар болып табылады және онда өткен жылдың қорытындылары шығарылып, ғылым саласы, білім, мәдениет, ақпарат, туризм, спорт, жастармен жұмыс істеу аясындағы өзекті мәселелер мен біріккен іс-шаралардың жоспарлары талқыланады.

Биылғы мерейтойлық Х форум кеше Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда ашылды. Оған Достастық елдерінен 200-ге жуық делегат қатысты. Форумның тақы­рыбы – «Достастықтың гумани­тарлық кеңістігі: ортақ құнды­лықтар мен мәдениеттер үнқаты­суы» деп аталды. Сонымен қатар, форумда «Білім жылы» болып бел­гіленген 2016 жылды қалай бірлесіп өткізу мәселелері талқы­ланды.

Форум жұмысын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Одан әрі форум жұмысы туралы «Мир» телекомпаниясы түсірген шағын деректі фильм көрсетілді. Онда бұрынғы болған форумдардың қай елде, қай уақытта өткені және қарастырған тақырыптары туралы айтылды. Соның ішінде Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры (МГЫҚ) мәдениет, білім, спорт және ғылым салалары бойынша 470 мемлекетаралық жобаны қолдағаны көлденең тартылды. Оған ТМД-ның барлық елдерінен, сонымен қатар, Грузия және Балтық бойы елдерінен барлығы 270 мыңнан артық адам тартылған. Сонымен қатар, қор мемлекетаралық бағдар­ламалардың бастамашысы да болған, мәселен, 2015 жылды «Ардагерлер жылы» деп белгілеу идеясы осы қордан шыққан. Сондай-ақ, осы жылға «ТМД-ның мәдени астанасы» деп Ресейдің Воронеж және Тәжікстанның Куляб қалаларын белгілеу де осы қордың ұсынысымен жүзеге асқан.

Фильм аяқталған соң форум жұмысын А.Мұхамедиұлымен қатар МГЫҚ басқарма төрағасы, Әзербайжанның Ресейдегі елшісі, әйгілі әнші Полад Бюль-Бюльоғлы мен МГЫҚ басқармасының тең төрағасы, Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой бірлесіп жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөзді айту кезегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға берілді.

Өзінің сөзінде Гүлшара Нау­шақызы форумға қатысушыларды құттықтап, одан әрі Президент Н.Назарбаевтың құттықтау сө­зін оқып берді. Биылғы форум да үнқатысулар арқылы ортақ мәдени құндылықтарымызды қолдауға арналып отыр. Өзара үнқатысулар әртүрлі мәдениеттер мен халықтардың ортақ тіл табысуына, іс-әрекеттер жасауына оңтайлы іс-шара болып табылады. ТМД елдері әлемдік өркениет мойындап, жоғары бағалайтын ортақ бай мәдени, айрықша рухани және материалдық құндылықтарға ие. Біздің міндетіміз үнқатысулар арқылы ортақ гуманитарлық жобаларды іске асырып, осы құндылықтарымызды сақтап, бо­ла­шаққа аман апару. Мен форумның біздің елдеріміздің тату көршілік жағдайын ТМД аумағында нығайта түсетініне сенімдімін, делінген екен Елбасының құттықтауында.

Осыдан кейін құттықтау сөз айту Әзербайжан делегациясының басшысы, осы елдің Білім ми­нистрі Мекаил Джаббаровқа беріл­ді. Ол Президент Ильхам Алиев­тің құттықтауын оқып берді. Бү­гінгі күні талқылайтын мәселе­леріңіз біздің ТМД аясын­дағы гуманитарлық ынтымақ­тастығымызды арттыра береріне сенім білдіремін. Біздің ел – гео­графиялық жағынан өркениет­тердің бас қосқан жерінде орналасып, ежелден олардың дамуына ықпал жасап келе жатқан ел. Соның осы замандағы бір айғағы ретінде былтыр Бакуде халықаралық мультикультурализм орталығының ашылғанын айтуға болады. Сіз­дер­дің үнқатысуларыңыз нәсілдік келіспеушілік пен ксенофобия секілді келеңсіз дүниелерді еңсеруге ықпал етуге тиісті. Одан әрі құттықтауда білімнің маңызына тоқталып, оны көтеру ісінде ТМД елдері бір-біріне қолұшын беру қажеттілігі айтылған.

Келесі сөз Арменияның Мә­дениет министрі Асмик Погосянға берілді. Ол Армения Президенті Серж Саргсянның құттықтауын оқып берді. Онда форумның жақсы жұмыс істеп жатқаны ту­ралы айтылған. Форумның онжыл­дық мерейтойы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен сәйкес кел­гендігінің де маңызы бар. Ол өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға ортақ жеңістің маңызын түсіндіре түсуге ықпал ететін болады. Бүгінгі күннің сын-қатерлері форумның күн тәртібіне де елеулі өзгерістер енгізері сөзсіз. Біз қолымызда бар құндылықтардың қадірін біліп, оларды болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізуіміз керек, делініпті құттықтауда.

Осыдан әрі Ресей Президенті Вла­димир Путиннің құттықтау сөзін оның арнайы өкілі, МГЫҚ басқар­масының тең төрағасы Михаил Швыдкой оқып берді. Онда өткен 10 жылда форум бедел­ді үнқатысу алаңына айналып, ТМД кеңістігіндегі гумани­тар­лық мәселелерді талқылау­дың орталығы болып отырғаны айтылған. Ол ғылыми, шығар­машылық әріптестіктер арқылы елдеріміздің бір-біріне жақындаса түсуінің тамаша мүмкіндіктерін тудырып отыр. Биылғы жылды біз форумның ұсынысымен ардагерлер жылы деп белгіледік, сөйтіп, өткен соғыстағы ортақ ерліктерімізді, отан қорғау жолын­дағы патриоттық істерімізді ұрпақ­тарға үлгі еттік. Біздің ортақ ер­лік­теріміз болашақтағы қауіпсіз­дігіміздің де іргетасын қалайды. Мен 10-шы форум да жемісті жұмыс істейтініне сенімдімін, делінген құттықтауда.

Осыдан кейін құттықтау сөз айту кезегі ТМД Атқару коми­те­тінің төрағасы – атқарушы хатшысының орынбасары Қоныс­бек Жүсіпбековке берілді. Ол ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедевтің құттықтау хатын оқып берді. Онда Х форум­ның жұмыстарына табыс тілеп, оның ТМД аумағындағы бола­шақтағы гуманитарлық ынтымақ­тас­тықтарға оң ықпал етеріне сенім білдірілген. Достастық аумағының тұрғындары ұзақ ғасырлық ортақ тарих пен мәдениетке ие болып келеді. Енді оларды сақтап, келесі ұрпақтарға жеткізу міндеті біздің мойнымызда. 2016 жылды ТМД Мемлекет басшыларының кеңесі «Білім жылы» деп атады. Осыған байланысты іс-шаралар жоспары белгіленіп, оларды іске асыру те­тік­тері белгіленді, делінген құттық­тауда.

Осыдан әрі құттықтау сөзді МГЫҚ басқарма төрағасы Полад Бюль-Бюльоғлы айтты. Ол өткен 10 жылда біршама шаралар­дың атқарылғанын тілге тиек етті. Мен алғашқы шағын мерейтойы­мыздың Қазақстан астанасында өтіп отырғандығының үлкен символикалық мәні бар деп санаймын. Өйткені, біз бүгін Еуразия құрлығының дәл ортасындағы елдің астанасында жиналып отырмыз. Халық даналығында «жақсы көршің алыс туыстан артық» деген сөз бар. Біздің ғылым, өнер, білім салаларының үлкен өкілдері бір-біріміздің жақындасуымызға үлкен үлестерін қосып жүр. Кеңес Одағы жылдарында біртекті мәдениет болады деген идеология жүргізілді. Бірақ оның перспективасы жоқ еді, өйткені, әрбір халық өз мәдениетінің сақталуы үшін күрес жүргізді. Бірақ бүгінгі күні ондай оқшаулануға орын жоқ, барынша ашық болып, жұртпен бірге нық қадам бассақ қана ұлттық мәдениетімізді алға жылжыта аламыз, деді атақты әнші.

Осыдан кейін де бірнеше шешенге сөз берілді. Олардың арасында Қырғызстан, Молдова, Беларусь делегацияларының басшылары, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева және т.б. болды.

Форум жұмысы шағын үзілістен кейін одан әрі жалғасып, «Дебюттер достастығы» сыйлығын жеңіп алушыларға оны тапсыру рәсімі болды. Бұл сыйлық ТМД МГЫҚ бастамасымен 2008 жылы тағайындалған еді. Ол ТМД-ның 35 жасқа дейінгі жас мамандарына беріліп отырады. Олардың қатарында ақындар, жазушылар, мұғалімдер, ғалымдар, дәрігерлер, спортшылар және т.б. мамандық иелері бар. Биыл Қазақстаннан оған «Мирас травел» туристік компаниясының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы туризмін дамыту орталығының жетекшісі Олжас Шынтаев ие болды. Сонымен қатар, ол «Түстік желі» бардтық әндер фестивалінің ұйымдастырушысы. Ал ТМД-ның басқа мемлекеттерінен бұл сыйлыққа биыл Шафсия Тайыр­бекова (Әзербайжан), Диана Зардарян (Армения), Сер­гей Вороник (Беларусь), Құн­дыз Бейшеева (Қырғызстан), Алек­сан­дра Малафий (Ресей), Каймиддин Саидов (Тәжікстан) ие болды.

Осыдан кейін форумға қатысу­шы­ларға Ұлттық музейге экскурсия жасау мүмкіндігі тудырылды. Ал кешке қо­нақ­тар «Астана Опе­ра» мемлекеттік опера және балет театрында «Травиата» опера­сын тамашалады. Ал бүгін форум жұмысы секциялық отырыстарда жалғасады.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова ТМД елдері шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің Х форумын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен ашты.

 – Бұл форум жалпы құнды­лықтар мен мәдениеттер диа­логын алға жылжытуға арналған. Диалог, ақпарат алмасу, рухани құндылықтармен танысу, түрлі мәдениеттер мен халықтар ара­сын­да жақындасу мен өзара іс-қи­мыл үшін маңызды жағдай бо­лып табылады, – деп жеткізді Ел­ба­сының лебізін Г.Әбдіха­лы­қова.

Президент өзінің құттық­тауында ТМД елдері бай мәдени мұраға, бірегей рухани және материалдық құндылықтарға ие екенін атап көрсетіп, ұйымға мүше мемлекеттердегі осы құн­дылықтар әлемдік өркениетке елеулі үлес қосып отырғанына тоқ­талыпты. Елбасының осы ойын Мемлекеттік хатшы: «Біздің мақсат диалог арқылы ха­лық­тар­дың жақындасуын жал­ғастыру мен болашақта бір­лескен гумани­тарлық жобаларды ары қарай жүзеге асыруда тұр. Бұл форум ТМД кеңістігінде бейбітшілік құн­дылықтары мен тату көрші­лікті алға жылжытуға өзіндік үлес қосатынына сенім­дімін. Форум­ның барша қатысу­шылары мен қо­нақтарына же­місті жұмыс, конс­труктивті диа­лог пен алға қойылған мақ­сат­тарға жетуді тілеймін» деп оқып берді. 
Форумға Достастық мемле­кеттерінен 200-ге жуық делегат қа­тысты. Олар «Достастықтың гу­манитарлық кеңістігі: ортақ құндылықтар мен мәдениеттер диалогы» деген тақырыпты талқылап, форумның алдағы жұмыс жоспарын саралады. Нә­ти­жесінде 2016 жылы ТМД-да жа­рияланған білім беру жылына бірлесіп дайындалу туралы келі­сімге келді.
Айта кетейік, 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жат­қан шығармашылық және ғы­лыми зиялы қауым өкілдерінің фо­румында ғылым, білім, мә­де­ниет, ақпарат, туризм, спорт, жас­тар­мен жұмыс жасау мәсе­лелері тұрақты талқыланып, біріккен іс-шаралар жоспары жасалып келеді. 
Басқосу барысында «Де­бют­тер достастығы» жүлдесінің лау­реаттарын марапаттау салтанаты өтті. Халықаралық жүлдені 2008 жылы Гуманитарлық ынтымақ­тас­­тық кеңесі мен Тәуелсіз мемле­кет­тер достастығы Мем­лекет­аралық гуманитарлық ын­ты­­­мақ­тастық қоры таға­йын­даған. Содан бері сыйлық 35 жас­қа дейінгі ақындар­ға, мұ­ғалімдер мен ғалымдарға, дә­рігерлерге, спортшылар мен бап­керлерге беріліп келеді. 
Биылғы сыйлыққа туризм саласының мамандары үміткер болды. Байқау қорытындысында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мем­лекеттерінің өкілдерімен қатар Қазақстан азаматы, «Miras Travel» туристік компаниясының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының туризмді дамыту орталығының жетекшісі Олжас Шынтаев лауреат атанды.

Лебіздер легі

Полад БЮЛЬ-БЮЛЬОҒЛЫ,

Ресей Федерациясындағы Әзербайжан Респуб­ли­касының Төтенше және өкілетті елшісі:

– ТМД мемлекеттерінің Шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның Х форумы Астана қаласында өтіп жатқаны үлкен қуаныш, биік мәртебе. 10 жыл деген кейбіреулердің ойынша аса көп уақыт та емес шығар, бірақ біз үшін бұл он жылдың орны бөлек. Себебі, осы басқосулардың негізінде біздің елде халықаралық көлемде, тарихи оқиғалар орын алды. Ол оқиғалар біздің мемлекетіміз үшін, оның қарқынды дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін де естеріңізге сала кетсем деймін. Бізге журналистер қауымынан бұндай жиындардың пайдасы қаншалықты деген сұрақтар жиі қойылады. Бұндай форумдар бір нәрсені өзгертіп, я болмаса қандай да бір мемлекеттің дамуын жылдамдатып жібереді деген сөз емес. Бұл басқосулардың негізгі мақсаты – ой бөлісу, тәжірибе алмасу, жеткен жетістіктермен таныстыру, болашақтағы жоспарларды ортаға салу болып табылады.

Лилия АНАНИЧ,

Беларусь Республикасының Ақпарат министрі:

– Аталмыш форумға атбасын бұрған кез келген мемлекетті маңызды сұрақтар мазалайтыны айдан анық. Осы орайда алқалы жиын гуманитарлық саладағы, ғылым саласы, білім беру, мәдениет, спорт, жастармен жұмыс жасау жағдайындағы өзекті мәселелер мен біріккен іс-шаралардың жоспарларын талқылайды. Осындай орайлы отырыстардың себепкерлігімен халықаралық қатынастар қанат жайып, шығармашылық байланыстар бекіп, ақпарат алмасу, тәжірибе бөлісу одан сайын арта түседі. Бүгінде әлемнің бірқатар жерлерінде тыныштықтың берекесі кеткенін барша біледі. Бұл оқиғалар бізден алыс емес елдерде болып жатыр. Сондықтан да түрлі елдерден келген сарапшылар өзара пікір алмасып, өз бойында толеранттылықты, төзімділікті қалыптастыруы өте маңызды. Осы форум жаңа идеяларды талқылап, оларды алға жылжыту, қарым-қатынастарды тереңдету тұрғысында жақсы алаң болып отыр.

Михаил ШВЫДКОЙ,

Ресей Феде­рациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі:

– Бұл басқосуда жаңа бастамаларға, қызықты жобаларға толы боларына толықтай сенімдімін. Мәдениеттер үнқатысуы жақындасуға, өзара іс-қимылдар мен мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ, қазіргі әлемдегі ортақ проб­лемаларды шешу аясында тиімді шараларды бірлесе іздестіру тұрғысында маңызды орын алады. Гуманитарлық ынтымақтастық халықтар мен мәдениеттер арасында өзара түсіністікті нығайтудың берік негізі болып табылады. Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры қалыптасқан жылдан бері 9 форум өтіп, әр жылда әртүрлі тақырыптар қозғалып, көкейде жүрген көптеген сұрақтардың жауабы табылды. Мен осы Қазақстанға келген әр сапарымда қазақ халқының қонақжай екенін мойындап кетемін. Ай өткен сайын ажарланып, жыл өткен сайын жаңарып келе жатқан Астананы көріп таңғалудан шаршамаймын.

Асмик ПОГОСЯН,

Армения Республикасының Мәдениет министрі:

– Шыныменде біз бүгін қуатты Қазақстанның шуақты Астанасында бас қосып отырмыз. Көзді ашып-жұмғанша он жыл да өте шықты. Бұл он жылдың әр жылы, әр күні біз үшін үлкен маңызға ие. Неге десеңіз, осы форумды бір жүйеге қою үшін атқарылған еңбектің есебі жоқ. Форумның берер пайдасы қаншалықты мол болса, оған қатысып отырған мемлекеттердің қосқан үлесі де соншалықты деп нық сеніммен айта аламыз. Осымен екінші мәрте жиналып отырған Қазақстанның бас қаласы – Астананы осыншалықты өзгереді деп өз басым ойламаппын. ІІ форум болған кезде Астана кішкентай еді. Қаланы қас-қағым сәтте аралап шығуға болатын. Ал қазір зәулім-зәулім ғимараттар көбейіп, сәнді сәулетті сарайлар жарыса бой көтеріп келеді екен. Бұл ел экономикасының еңсесі көтеріліп, қарқынды дамуға қадам басқаны деп түйдім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары