Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамотасын қабылдады. Рәсім барысында Қазақстан Президентіне бірқатар елдердің Төтенше және өкілетті елшілері – Корея Республикасынан Чо Ёнг Чон, Иордания Хашимиттік Корольдігінен – Ахмед Идрис Инаб, Испания Корольдігінен – Педро Хосе Санс Серрано, Палестина Мемлекетінен – Мунтасер Абу Зейд, Латвия Республикасынан Юрис Погребнякс Сенім грамотасын тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметі екіжақты қарым-қатынастар мен елдеріміздің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді деп үміттенетінін айтты.
«Бүгінгі кездесуіміз бүкіл Қазақстанда айрықша оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен тойланып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мемлекеттік құрылым қазақ ұлтын ұйыстыру ісінде айрықша рөл атқарды. Біз жаңа тарихи кезеңде мемлекеттіліктің байырғы дәстүрлерін жаңғырттық», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Осылай дей келе, Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарының ішінде заманауи мемлекеттіліктің берік іргетасы – қарқынды дамыған нарықтық экономика және тұрақты саяси жүйе құрылғанын айтты.
«Биыл Ұлт жоспарының 100 қадамы арқылы нақтыланған бес институттық реформа бастау алды. Қазақстанның айтарлықтай транзиттік-көлік әлеуеті бар. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында біз республикада инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Жібек жолын жаңғырту арқылы халықаралық көлік дәліздері қалыптасуда. Британ құқығына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуда, онда қосымша құн салығын қайтару, жұмыс күшін тарту және басқа да ерекше жеңілдіктер қарастырылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Рәсім барысында Мемлекет басшысы 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме өтетініне тоқталды. Бұған қоса, елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосуды көздейтін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын да айту керек. Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрі дипломаттар өкілдік етіп отырған мемлекеттермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатынын айтты.
Қазақстан Президенті, сонымен қатар, ХХІ ғасырда жаһандық жаңа архитектура қалыптастыру ісі жаһандық қауіп-қатер ұлғайған тұста жүргізіліп жатқанын, бұлармен күресу барлық мемлекеттің күш-жігерін жұмылдыруды талап ететініне назар аударды және Қазақстан халықаралық байланыстар аясын белсенді түрде кеңейту және тереңдету бағытын жалғастыра беретінін атап өтті.
«Біз өзара сенімді қалпына келтіруге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерді қолдаймыз. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі әлем елдерімен сауда жасауға мүмкіндік береді. Біз, сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қосылу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынды. Еліміздің кандидатурасы сіздердің мемлекеттеріңіз тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында терроризмге, кедейшілікке қарсы күреске, ядролық қаруды таратпауды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныс жасағанын айтты, Азиядағы сенімді серіктес – Корея Республикасымен достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынына назар аударды.
«Біздің ынтымақтастығымыз биік деңгейге көтерілді. Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе Астанаға 2014 жылы мемлекеттік сапармен келді. Сол кезде біз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделі екенімізді растадық. Қазақстан экономикасына салған Корея инвестициясының жалпы көлемі 4 миллиард доллардан асты. Корея компанияларының қатысуымен бірлескен 24 жоба іске асырылуда. Астана мен Сеулдің халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымдары ұқсас. Сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту халықтарымызға пайда әкелетініне сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Бұл жөнінде Президент: «Екіжақты қарым-қатынастар ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша жүйелі дамып келеді. Жоғары деңгейде сенімді диалог орныққан. Біз Иорданияға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп, елімізде өткізілген барлық халықаралық шараларға тұрақты қатысып келе жатқаны үшін алғыс айтамыз. Король ІІ Абдаллаға биылғы маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 5-съезінің жұмысына қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Біз түрлі салаларда ынтымақтастықты жолға қоюға, екі ел халқының игілігі үшін бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз бен Испания Корольдігін дәстүрлі достық қарым-қатынастарға құрылған ынтымақтастық байланыстыратынына тоқтала келе, жоғары деңгейдегі Қазақстан-Испания қарым-қатынастары саяси диалогымыздың белсенділігі мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы арқылы ерекшеленіп отырғанын жеткізді.
«Біз Испанияға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Испания Үкіметінің төрағасы Мариано Рахойдың 2013 жылғы ресми сапары елдеріміздің ынтымақтастығына тың серпін берді. Қазақстанда Испанияның көптеген компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Осы бағытты жалғастыру маңызды», – деді бұл туралы Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті, сонымен қатар, Палестинаның Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін айтты. «Біз Палестинамен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге зор маңыз береміз. Палестина-Израиль қақтығысының оң шешілмеуіне байланысты біздің ынтымақтастығымыздың әлеуеті әзірше жүзеге аспай отыр. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап бұл проблеманы халықаралық құқық негізінде реттеуді жақтап келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстанның Латвия Республикасымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін айта келе Латвияны Балтық өңіріндегі маңызды сауда-экономикалық серіктесі ретінде қарастыратынын жеткізді.
«Көлік-транзит, машина жасау және ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, білім беру мен туризм салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар аясын кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Астанада жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі.
Бұл күні Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілер де сөз алып, тараптар арасындағы байланыстар жайына тоқталды. Мәселен, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Енг Чон тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жылдам әрі қарқынды дамуға қол жеткізгенін, ал республика азаматтары болашақтарына сенімді екенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, Корея басшылығы екі елдің арасында ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін көріп отырғанын және оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыруға ниетті екенін айтты.
«Менің Қазақстанға келгеніме 6 айға жуықтады. Осы уақыт аралығында мен Алматы, Өскемен, Атырау, Қарағанды қалаларында болдым. Саяси, іскер топ өкілдерімен, мемлекеттік қызметкерлермен, студенттермен кездесу өткіздім. Осындай кездесулер барысында мен Қазақстанның жыл өткен сайын қарқынды түрде дамып келе жатқанына көз жеткіздім. Сондықтан, Қазақстанда қызметте жүрген кезімде өзіме жүктелген дипломатиялық міндеттерді атқаруға күш салатын боламын», – деді Чо Енг Чон.
Иордания Хашимиттік Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб Қазақстанда өз елінің атынан өкілдік ету зор мәртебе екенін айта келіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.
«Қазақстан мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің арасындағы әріптестік байланыстар 1990-жылдардың басынан бері жалғасып келеді. Иордания бүгінде Қазақстанның барлық халықаралық, соның ішінде өңірлік және жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдарын қолдайды. Елдеріміздің арасында экономика, сауда және мәдени салалар бойынша екіжақты келісімдердің қомақты негізі қалыптасқан. Мәдени салаларда да жақсы қарым-қатынас орнатылған. Болашақта біз Қазақстан аумағында, мысалы, фармацевтика саласында Иордания зауыттары салынады деп ойлаймыз», – деді Ахмед Идрис Инаб өз сөзінде.
Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Педро Хосе Санс, Серрано өз елінің бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанына назар аударды.
«Мұндай қарым-қатынас екіжақты және көпжақты бағытта нығая түседі деп ойлаймыз»,– деді ол. Педро Хосе Санс сондай-ақ, Испанияның биыл жыл аяғына дейін қол қойылатын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімді қолдайтынын жеткізді.
Палестина Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Монтасер Абу Зейд Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің араб-израиль қақтығысына байланысты барлық қарарға нақты ұстаным танытқаны үшін алғысын білдірді.
«Бүгінде Қазақстан сіздің басшылығыңызбен Таяу Шығыстағы ахуалды бейбіт реттеу үдерісінде маңызды рөл атқарып отыр», – деді Монтасер Абу Зейд.
Латвия Республикасының елшісі Юрис Погребнякс Қазақстан Латвияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап көрсетті.
«Бүгінде көлік, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, қалдықтарды қайта өңдеу, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, құрылыс сияқты салаларда екіжақты ынтымақтастық үшін зор мүмкіндіктер бар. Қазақстан Латвия үшін маңызды транзиттік серіктес болып саналады. Біз үшін Қазақстан мен Қытайдың шекарасындағы Қорғас «құрғақ портының» мүмкіндіктері зор қызығушылық тудырады», – деді Юрис Погребнякс.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі сенім грамоталарын тапсыру рәсімі елшілердің дипломаттық өмірбаяндарының жаңа беттерін ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті дипломаттарды республикамыздағы соңғы уақыттағы негізгі оқиғалармен таныстырды.
- Өткен жылғы желтоқсанда мен Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағытын жарияладым. Біз алдымызға әлемнің барынша дамыған отыз елінің қатарына кіру жөнінде ауқымды міндет қойдық. Әңгіме Қазақстан экономикасын түбегейлі жаңарту және индустрияландырудың жаңа дәуіріне қадам басу туралы болып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын иелену үшін дауыс беру кезінде Астананың жеңіп шығуы елеулі оқиға болып саналады, - деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті дипломаттар өкілдік етіп отырған мемлекеттер ерекше қуатты болып табылатын бәсекелестік салалардағы минералдық ресурстарды «шикізат орнына жаңа инновациялық технологиялар» формуласы арқылы игеру үшін мүмкіндік беруге еліміздің дайын екенін атап өтті.
- Сіздердің елдеріңіздің жетекші компанияларын бірлескен кәсіпорын ашып, біздің еліміздің нарығын игеруге шақырамын. Бұл үшін біз барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Оған еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал мен орнықты экономикалық өсім толық мүмкіндік береді. Мысалы, 2012 жыл қорытындысы бойынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 6 процентке артып, 200 миллиард долларға жуықтайды, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда ақпан және сәуір айларында Иран жөніндегі халықаралық делдалдар «алтылығы» келіссөзінің екі раунды өткенін еске салды.
- Енді бірнеше күннен соң Қазақстанда Стамбұл процесі аясында Ауғанстан жөніндегі конференция болады. Астана экономикалық форумы барған сайын бедел алып келеді. Оның кезекті сессиясы таяуда біздің елордамызда өтеді. Онда бес мыңнан астам қатысушының басы қосылатын болады. Оған сіздердің елдеріңіздің де өкілдері қатысады деп сенемін. Қазақстанның тұрақты және орнықты дамуы біздің елді тиімді саяси әрі сыртқы экономикалық серіктеске айналдыруда. Сіздердің қызметтеріңіз екіжақты қарым-қатынастардың тереңдей түсуіне және оның аясын кеңейтуге қуатты серпін береді деп санаймын, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлыбританиямен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.
- Сіздердің елдеріңіз Қазақстан экономикасына салынған 20 миллиардқа жуық АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестиция көлемі жөнінен үшінші орын алады. Қазақстанда 600-ден астам британдық компания жұмыс істейді. Олардың арасында «Би-Джи Групп», «Шелл», «Эйч-Эс-Би-Си», «Эр-Би-Эс» және өзге де бизнес алпауыттары бар. Осы ретте 2 миллиардтай АҚШ долларын құрайтын өзара сауда көлемі экономикаларымыздың әлеуетіне әзірге сай болмай тұр. Екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңадан тың серпін беруіміз қажет. Келісімдерімізге орай, біз Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстанға алғашқы ресми сапарын күтудеміз. Сапардың нақты мерзімі таяу арада белгілі болады деп үміттенеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті біздің еліміздің Швейцария Конфедерациясымен көпжақты серіктестік аясын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
- Өткен жыл қорытындысы бойынша Швейцария Қазақстанның сегізінші сауда серіктесіне айналды. Біздің елдеріміздің жаһандық деңгейдегі көптеген халықаралық мәселелер жөніндегі көзқарасы ұқсас. Бұл жайт көпжақты құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастыққа берік негіз қалайды. Осы сәтті пайдаланып, Швейцарияның 2014 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа сайлануымен құттықтаймын. Бұл маңызды әрі жауапты міндетті атқаруда өз тәжірибемізді бөлісіп, қолдау көрсетуге әзірміз, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Швеция Корольдігі арасында ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.
– Біздердің арамызда саяси диалог жолға қойылған, ведомствоаралық байланыстар мен парламенттік ынтымақтастық дамуда. Былтырғы желтоқсанда мен Швецияда Қазақстан Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл елдеріміздің өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік туғызады деп санаймын. Үкіметаралық деңгейдегі іскерлік қатынастарды жандандыру жөніндегі жұмыстарды күшейту маңызды. Бұл салада Қазақстан-Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі іскерлік кеңесі үлкен рөл атқарады деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
– Екіжақты тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Бизнес-байланыстар орныға түсуде. Бірлескен кәсіпорындар саны өсіп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Біз Әмірліктерге және шейх Халифе бен Заид Әл-Нахайянға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп, елімізде өткізілетін жоғары деңгейдегі барлық халықаралық іс-шараға тұрақты түрде қатысатыны үшін ризамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті біздің республикамыз Таиланд Корольдігін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сыртқы саяси және сауда-экономикалық тұрғыдағы перспективалық серіктес ретінде қарастыратынына тоқталды.
– Сіздердің елдеріңіз Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) танымал көшбасшысы болып саналады. Таиландтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметіне қатысуының зор мәні бар. Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы Өңірлік форумының қауіпсіздік жөніндегі мүшесі болуға ұмтылысына қолдау көрсетеді деп үміттенеміз. Биылғы тамыз айына жоспарланған Премьер-министр Йинглак Чинаваттың Қазақстанға сапары мемлекеттеріміз арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға мүмкіндік туғызады деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған елшілерді Астанадағы жауапты дипломатиялық жұмыстарының басталуымен тағы да құттықтады.
– Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастық әлеуетінің аясын барынша кеңейтуге бағытталады деп санаймын. Сіздерге және Сіздердің жақын-жуықтарыңызға қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер деген игі тілегімді білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсімнен кейін өткен брифинг барысында Таиландтың Төтенше және өкілетті елшісі Ч.Жулламон өз елінің Орталық Азиядағы алғашқы елшілігі Қазақстанда ашылып отырғанын атап өтті.
- Мен Таиланд пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды жақсарту үшін бар мүмкіндігімді жұмсаймын. Біздің елдеріміз түрлі салада, атап айтқанда, сауда мен туризм бойынша ынтымақтаса алады. Еліміздің Премьер-Министрі тамыз айында Қазақстанға сапармен келуді жоспарлап отыр. Мен бұл туралы Қазақстан Президентіне хабарлап та қойдым және ол біздің Премьер-Министрге деген ең ізгі тілегін білдірді. Қазір біздің елдеріміз барған сайын жақындаса түсуде. Астаналарымызда елшіліктер ашылды. Сондай-ақ, Астана мен Бангкок арасында тікелей әуе қатынасы ашылады. Бұл екі ел туриcтерінің санын барынша арттыруға мүмкіндік туғызатын болады, - деді Ч.Жулламон.
Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі К.Браун Қазақстан Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқанын айтты.
- Ұлыбритания Қазақстанмен жылы шырайлы екіжақты қарым-қатынастар орнатқан. Ұлы Мәртебелі Патшайым үкіметі Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамушы мемлекеттің бірі ретінде қарастырады. Біз елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деңгейге дейін дамытуға мүдделіміз, - деді К.Браун.
Өз сөзінде Швецияның Төтенше және өкілетті елшісі М.Вэнгборг Швецияда Қазақстан Елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет ететініне тоқталды.
Швейцарияның Төтенше және өкілетті елшісі М.Рейна Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қысқа мерзім ішінде бүкіл әлем бойынша экономикасы жедел даму үстіндегі елге айналғанын айтты. Дипломат Қазақстанның даналықпен жүргізілген сыртқы саясаты арқасында көршілерімен және ірі халықаралық саясат жүрігізушілермен жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтті.
– Қазақстан Президенті айтқандай, елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас жақсы және оларды кеңейтудің перспективалары зор. Мысалы, Қазақстанда сауда-экономикалық салада 40-қа жуық швейцариялық компания жұмыс істейді, оларда 27 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Бұдан бөлек, мен әлі Қазақстанның бар әсемдігіне қанығып үлгерген жоқпын, бірақ қазірдің өзінде Қазақстанның заманауи елордасының көркем келбеті мен архитектуралық көрнекі орындарын өзім тамашалап көрдім. Сондай-ақ, Бурабай курортына бардым және оның «Қазақстанның Швейцариясы» деп аталатынын білдім, - деді М.Рейна.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі С.Матар Әл-Кетби Қазақстан мен БАӘ арасындағы өзара қарым-қатынастардың оң сипатта екенін, оны біздің халықтарымыз арасындағы терең де тығыз байланысқа негізделген деп бағалауға болатынын атап өтті.
– Сонымен бірге, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қарым-қатынастарының кең ауқымдағы тек саяси және экономикалық саланы ғана емес, сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимылдың барлық қырын қамтиды. Мен біздің елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу үшін барлық күш-жігерімді салатын боламын, - деді С.Матар Әл-Кетби.