14.05.2019, 04:00

Сот Украинаның жаңа президенті Зеленскийге айыппұл салды

Киевтің Оболонск аудандық соты президент сайлауында жеңіске жеткен Владимир Зеленскийді "сайлау заңын бұзды" деп, 850 гривен (шамамен 45 доллар) айыппұл салды. Сот шешіміне қарағанда, Зеленский 21 сәуірде, президент сайлауының екінші кезеңі өткен күні, сайлау учаскесінде журналистерге дауыс беру парақшасын көрсеткен. Заңға сәйкес, бұл дауыс беруді құпия сақтау тәртібін бұзады деп хабарлайды Азаттық.

Полиция Зеленскийге қатысты хаттаманы сол күні толтырған. Кандидат сол кезде заң бұзғанын мойындаған. Бірақ Зеленский 13 мамырдағы сотқа келмеді.

Бұған дейін Зеленский штабы айыппұл салынса, бірден төлеп тастайтындарын мәлімдеген.

21 сәуірде Украина президенті болып сайланған Владимир Зеленскийдің инаугурациясы әлі өткен жоқ. Жоғарғы рада инаугурация мерзімін 14 мамыр күні анықтамақ. Зеленскийдің өзі ұлықтау рәсімін 19 мамырға белгілеуді талап етеді.

Сарапшылардың сөзінше, инаугурация 27 мамырдан кейін өтсе, Зеленский Жоғарғы раданы тарата алмайды. Заң бойынша, жаңа президентті ұлықтау рәсімі Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысынан кейін бір айдың ішінде ұйымдастырылуы керек.