Қала әкімі «Көшбасшы болу үшін қандай қасиеттер қажет?» деген тақырыпта дәріс оқып, оған 45 мемлекеттік қызметші қатысты.
– Мен профессор немесе ғалым емеспін. Бірақ жылдар бойы ұстаздарым, басшыларымнан алған өмірлік сабағым, мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибелеріммен бөліскім келеді, — деп бастаған Ғабидолла Рахматоллаұлы мемлекеттік қызметте жетістікке жету тәжірибелері туралы кеңінен әңгімеледі.
«Көшбасшы болатын тұлғаның бойында тәртіп, өзін бақылауда ұстау, еңбекқорлық, батылдық, оптимизм, жаңалықтан қорықпау, сенімділік, қол астындағы қызметкерлеріне ашық та әділ болатын қасиеті болуы қажет. Сонда ғана тұлға болатын азаматтың мақсаты айқын, жұмысы алға жылжиды» деді ол.
Асанбай Асқаров секілді көреген басшылар еңбегінің нәтижесінде қалада зообақ, дендросаябақ секілді ірі нысандар салынып, аты тарихта қалғанын еске алған әкім «Қазір салынып жатқан «Shymkent City» – көзсіз батыл шешімнің нәтижесінде дүниеге келген жоба. Ал оны алғаш таныстырғанда кейбір азаматтар түсінбеген еді», - деп атап өтті.
Төрт тілді жетік білетін Ғ.Әбдірахымов Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте бас маман қызметінен бастаған еңбек жолынан бүгінгі үшінші мегаполисті басқарған сатыларына дейінгі тәжірибесімен бөлісті.
«Білімді болу – үлкен қару. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер әрдайым өзін дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана жетістікті бағындыра алады», - деді ол.
– Үш жылдың бедерінде Шымкент қаласы мүлде өзгереді. Стадион, теміржол вокзалы, жаңа шағынаудандар, қаржы орталығы салынып, Қошқар ата өзені жаңа кейіпке енеді. Сол кезде шымшаһардан ешкім кеткісі келмейді. Адал қызмет ете отырып, қаланы дамуына бірлесе атсалысайық! – деген Ғ.Әбдірахымов мемлекеттік қызметшілерді халыққа адал қызмет етуге шақырды.
Айта кетерлігі, Шымкенттегі 53 мемлекеттік органда 2078 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.
«SN.kz»-ақпарат.