30.04.2019, 21:16

Шымкентте Қазақстан халқы бірлігі күніне орай салтанатты шара өтті

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік бағдарлама «Қазақстан – бейбітшілік мекені» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Салтанатты шараны қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ашып берді.

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Бірлік, достық және өзара сыйластық болған кезде ғана біздің ұрпақтарымыз мол байлық пен бақ-берекеге кенеледі». Этносаралық саясаттың қазақстандық үлгісі бүгінде жемісті нәтижесін беруде. Қазақстанның қуатты елге айналуында елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің үлесі зор. Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқының Ассамблеясы елдің ішкі бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Шымкент қаласының халқын 100-ден астам этнос өкілі құрайды. Осы этнос өкілдерінің Қазақстан халқына айтар алғысы ерекше деп ойлаймын. Егер біз дамыған, мәдени қалада тұрғымыз келсе, қасымыздағы көршімізбен сәлеміміз түзу болуы керек! – деді қала әкімі өз құттықтауында.

Жиналған көпшілік мұнан соң «Қаракөз» би ансамблінің Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің айшықты билерінен құралған хореографиялық композицияны тамашалады. Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай, «Асадаль» би ансамблінің өнерпаздары мың бұралып өнер көрсетті. Бұдан кейін сазды да сыршыл әндерімен жүректерді жаулаған дуэт Қанат Үмбетов пен Әлия Әбікен, «Made in KZ» тобы көпшілікке әннен шашу шашты. Концерт соңында қаладағы этномәдени бірлестіктер, қалалық мәдениет және өнер ұжымдарының хоры «Атамекен» әнін бірлесе шырқады.

«SN.kz»-ақпарат.

Тегтер: Шымкент мамыр