$ 494.87  520.65  4.91

Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясы өтті

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясы өтті. № 3 округтен сайланған депутат Бахадыр Салимов төрағалық еткен сессия отырысында бірінші мәселе бойынша Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына кандидат ұсыну мәселесі қаралды.

«Нұр Отан» партиясының фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов бұл мәселе бойынша «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директор-бас редакторы Айгүл Қапбарованың кандидатурасын ұсынды. Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер болып ұсынылған А.Қапбарованы лайықты екенін атап өтіп, алдағы жауапты кезеңге сәттілік тіледі. – Айгүл Жарылқасынқызы – тәжірибесі толысқан, бұл лауазымға жан-жақты дайын кандидат. Қаланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Жоғарғы заң шығарушы органда да өз біліктілігін көрсетеді деп ойлаймын, - деді қала әкімі.

Айгүл Жарылқасынқызы еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпаниясының редактор-тілшісі болып бастаған. Одан кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Бүгінде «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директор-бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

Сондай-ақ, жиында Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау мәселесі талқыланды. Бұл лауазымға Айтуар Еркінбекұлы Балықбаев мүше болып тағайындалды. Үшінші мәселе бойынша қала мәслихатының «Жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» шешіміне толықтырулар енгізілді.

«SN.kz» - ақпарат»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары