Тренинг алдында «Аманат» азаматтық платформасының ресми таныстырылымында қоғамдық ұйымның бағыты бойынша мақсаттары мен міндеттері түсіндірілді. Онда дауыс беру процедурасы қандай, басқа аймақта жүрсеңіз қалай дауыс беру қажет, сайлаушылар тізімінен өзіңді қалай тексеруге болады, егер сіздің сайлаушы құқығыңыз бұзылса, қайда хабарласу керек дейтін сұрақтарға жауап берілді.
Кездесуде «Аманат» азаматтық тұғырнамасының Шымкент қаласындағы штабының жетекшісі Ербол Дайрашұлы штаб мүшелерін таныстырып, алдағы жұмыс барысын пысықтады. Сондай-ақ «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі Мұсағали Дуамбеков мобильді капитандарға оқу тренингін өткізді. Семинар соңында барлық қатысушыларға «Аманат» сарапшылары дайындаған «Сайлаушылар естелігі» табыс етілді.
Естеріңізге сала кетсек, Шымкентте «Аманат» азаматтық алаңы құрылған болатын. Бұл әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық белсенділер кірді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 45 ҮЕҰ бар. 9 маусым күні өтетін Президент сайлауы кезінде Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
«SN.kz» - ақпарат»