Мемлекет басшысы кездесуде Қазақстанның Қатармен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және екіжақты байланыстарды нығайтуға ниетті екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
«Бұл кездесуімізге өте қуаныштымын. Біздің елдеріміз арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндіктері көп. Қатардың инвестициялық әлеуетін жақсы білеміз. Біздің мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылдарын кеңейтуге, соның ішінде Қатар елінен инвестиция тарту бойынша тиісті тетіктерді іске қосуға ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануымен тағы да құттықтап, елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді.
«Біз сіздің еліңізге инвестиция салуға ниеттіміз. Бұған Қазақстан да мүдделі. Біздің ынтымақтастығымызды арттыру бағытында бірлескен техникалық комиссия құрылса, елдеріміздің өзара қарым-қатынасына оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деп атап өтті Тамим бен Хамад Әл Тани.
Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне Футболдан әлем чемпионатын абыроймен өткізуге тілектестік білдірді.