Түркиялық ақпарат құралдары Түркияның әскери ұшақтары бүгін Сириямен шекарада елдің әуе кеңістігін бұзған «бөтен әскери ұшақты» атып түсіргенін хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.
Түркия қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, түркиялық F16 жойғыш ұшағы бөтен ұшақты атып түсірмес бұрын оған шекара бұзғаны жайлы ескерту берген. Ұшақ Түркиямен шекараға жақын Сирия аумағына құлаған. Түркиялық ақпарат құралдары ұшақтың екі ұшқышы парашютпен секіріп кеткенін айтады.
Ресей қорғаныс министрлігі бүгін Сирия территориясында «Су-24» әскери ұшағының апатқа ұшырағанын, алдын ала болжам бойынша ұшақты «жерден атып түсіргенін» растады. Бірақ қорғаныс министрлігі Ресей ұшағының Түркия әуе кеңістігін бұзғанын жоққа шығарды.
Ресейдің әскери-әуе күштері қыркүйектің соңынан бастап Сирия президенті Башар Асадты қолдап осы елдегі оппозициялық қарулы жасақтар мен ИМ содырларына әуеден шабуыл жасап келген.
Өткен айда Түркияның әскери ұшақтары ел аумағын бұзып кірді деп белгісіз ұшқышсыз басқарылатын аппаратты атып түсірген.