05.06.2019, 20:41

Шымкент қаласы әкімдігі "Ашық əкімдік" форматында жұмыс істей бастады

Шымкент қаласы әкімдігі халыққа қолайлы мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну мақсатында «Ашық әкімдік» форматында жұмыс істеуді қолға алды. Бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асып отыр.

Әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Халықпен қызмет» орталығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы қызмет ете бастады. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелері бойынша кеңес беріп, қызмет көрсетеді. Келушілер үшін күту залы мен тегін wi-fi, банкоматтар мен төлем терминалдары, сондай-ақ «e-gov» порталына арнайы қосылған терминалдар орнатылған.

Сонымен қатар мұнда қала әкімі мен орынбасарлары тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс істеуі үшін «open space» залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек оның орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтын болады.

Н.Назарбаев даңғылы №10 мекенжайда орналасқан аталмыш орталық мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

«SN.kz»-ақпарат.