24.06.2019, 23:42

Шымкент қаласынан Айгүл Қапбарова Сенат депутаты болып сайланды

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау өтті. Бұған дейін Парламент Сенатының депутаты сайланбалы лауазымын атқарған Дархан Аманкелдіұлы Сатыбалды ҚР Президентінің 2019 жылғы 18 наурыздағы Жарлығымен Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалған-ды. Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 19 наурызында Д.Сатыбалдының Сенат депутаты ретіндегі өкілеттілігін тоқтату қаулысын қабылдаған болатын.

Шымкентте өткен бүгінгі Сенат депутатының сайлауында қалалық мәслихаттың 27 депутаты үміткер ретінде тіркелген 3 кандидаттың арасынан өз таңдауын жасады. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкент қаласынан Сенатқа депутаттыққа ұсынылған үміткерлер қатарында «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры-бас редакторы Айгүл Қапбарова (қала мәслихатының ұсынуымен), сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен №45 мектеп-гимназияның директоры Рамиля Искандерова және «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Әлішер Сатвалдиев болды.

Сайлау қорытындысы бойынша Айгүл Қапбарова 23 дауыспен жеңіске жетті. Сайлау барысында барлық заң рәсімдері сақталды. Заң талаптарына сəйкес, Орталық сайлау комиссиясы 7 күннен соң шешімін шығарып, депутатқа тиісті мандатын береді.

Айта кетсек, Айгүл Қапбарова 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астананың 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, «Шымкент қаласына қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Айгүл Жарылқасынқызы еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпанияның редактор-тілшісі болып бастаған. Одан кейін 2003-2011 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Саясат бөлімінің меңгерушісі, 2011-2012 жылдары «Шымкент Медиа» МКК директоры-бас редакторы болып істеді. 2012 жылдың наурыз айынан бүгінге дейін «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директор-бас редакторы қызметін атқарды.

«SN.kz»-ақпарат.