Алматыда көліктеріне газ қойдырған бір топ жүргізуші жарылып кетеміз бе жандарын шүберекке түйіп жүр. Орнатқан жабдықтарынан көгілдір отынның иісі мүңкиді дейді тұтынушылар. Жарнамасы жақсы мекеменің уәдесіне сенген жүргізушілер енді ақшаларын қайтара алмай, не газ сасыған машиналарына міне алмай қор болғандарын айтты, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Қымбат көліктерге газ орнататын мекеменің қожайыны шағым айтқан жүргізушілерді сыртқа шығарып, есікті іштен іліп алды. Ал көліктерін экологиялық таза, әрі арзан көгілдір отынға көшіреміз деп қуанған азаматтар енді бұл мекеменің есігін күзетумен күндерін өткізіп жүр.
- Мүлдем көңілім толмайды. «Біздің кінәміз жоқ, қазіргі газдың сапасы осындай, газды жасап жатқан біз емес деп қайтарады. Менің көлігіме 7 адам отырады. Менен басқа 7 клиенттің өміріне, дансаулығына зақым келеді.
- 600 мың теңгеге орнаттым. Сосын, 300 мың, 420 мың, 120 мың теңгеге тағы шығындандым. Бәрібір газ шығарады. Күніге «ертең кел, арғы күні кел» деп шығарып салады.
Оның айтуынша, әуел баста қозғалтқышы бензинге лайықталып шығарылған көліктерге газ қондырғысын орнатудың қажеті жоқ. Қауіптілігі жоғары. Ал, егер тәуекелге барып орнатқан болсаңыз, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек.
«Газ қондырғысын орнататын компанияның сертификаты болу керек. Кепілдік талоны да қажет. Яғни, құжаттың барлығы түгел болады. Жабдықты орнатқаннан кейін клиент компания берген қағаздармен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тех паспортқа газдың орнатылғаны туралы белгі қояды», - дейді Владимир КОТОВ.
Басы дауға қалған газ орнататын компания өкілдері барлық мәселені көгілдір отынның сапасынан деп, өздеріне күйе жағудан аулақ. Ал, аузы күйген бір топ жүргізуші әрмен қарай шағымданып, құзырлы органдарға арыз жазбақ.
- 230 мың теңгеге орнаттым. Алғашында көлігім дұрыс жүрмейтін. Енді қазір газ саситын болды. Үйдің ауласына қойсаң бүкіл аула газ сасып кетеді. Мына орнатқан компанияға аптасына 2-3 рет келемін, жолатпайды. Аз ақшаға орнатқанымыз жоқ...
- Егер жұмыстарын адал істесе, арттары қуыс болмаса неге шығып, бізбен сөйлеспейді, неге түсіндіріп айтпайды бізге? Менің шыдамым шегіне жетті, күш қолдануым керек пе сонда?! – деп ашынды көліктеріне газ қондырғысын орнатқан алматылық жүргізушілер.
Жүздеген мың теңгеге проблема сатып алдық деген жиырма шақты адам компания мамандары жұмыстарын атүсті қарайтынын айтады. Күн сайын шағым айтса да нәтиже шығара алмаған жүргізушілер «мамандар өзімізді кекетіп-мұқатып, аппаратты жөндеу үшін қосымша ақша төлеуді талап етеді» деп ашынды.
«Ақпан айының басында "ROMAAUTUGAS" ЖШС-не газ аппаратын орнатқамыз. 10 күнен соң менде проблема басталды. Көліктің салонында үнемі газдың иісі шығып тұрады. Бірнеше рет келдік орнатқан орынға. Проблема бізден емес, сапасыз газдан деді. Кейбір бөлшектерін ауыстырды. Бәрібір дұрыс болмады. Қазіргі сәтте мен олардан газ орнатқан соң берілетін паспорты, талапқа сай құжаттамаларын талап етіп, арыз тастап кеттім», - дейді Айнұр Смағұлова есімді алматылық жүргізуші.
Бір машинаға аппарат орнату үшін 120 мыңнан 250 мың теңге аралығында ақы алған мекеме адамдары көлік иелеріне түбіртек те бермеген. Тек 50 мың шақырым шапқылауға кепіл береміз деп шығарып салған. «Көліктеріне орнатқан газдың қызығын емес, қиындығын көруге компанияның қатысы жоқ, керісінше сапасыз газ сатқандар кінәлі» дейді өзін мекеме директоры деп таныстырған қыз.
«Аппаратта шланг болады, көріп тұрғандарыңыздай, олар жыртылып кеткен. Өйткені, газдың құрамындағы қоқыс бітеп тастаған. Мәселенің бәрі газдың сапасында болып тұр. Бірақ, әлі экспертиза жасалған жоқ. Эксперт шақырттық, солар тексереді», - дейді мекеме директоры.
Бес жылдан бері көліктерге газ орнатуды кәсіп қылған мекеме директоры шағым айтқан жандардың саны 150 жүргізушіге жетті дейді.
Ал, тәуелсіз сарапшылар көгілдір отынның сапасы иістің шығу-шықпауына әсер етпейді дейді. Жүргізушілер ондай проблема туындаған кезде газ құю бекетін ауыстырып көреді. Егер барлығынан иіс шығатын болса, онда ол газдың сапасынан емес деген сөз. Сондықтан, көлігін көгілдір отынмен жүргізем деген жүргізушілерге мамандар газдың емес, орнатылып жатқан құрылғының сапасына мән беру керек дейді.
«Сапасыз газдан қозғалтқыш дұрыс жұмыс істемейді дегенге мен сенбеймін. Газ жабдығын орнатқан компания өзінің құрылғысына жауапты болады. Одан ешқандай иістің шықпауына, дұрыс жұмыс істеуіне тікелей кепілдік беру қажет. Егер газдың иісі шығатын болса, онда менің ойымша, әлгі құрылғыны тексеру керек», - дейді Владимир КОТОВ есімді тәуелсіз сарапшы.