$ 443.85  474.3  4.8

«Қызылжардың билігі шошқа тағалап жүр ме»: Петропавлда қала күнін тұрғындар «Крест шеруімен» атап өтті

Айтулы шара биыл 25-рет өткізіліп отыр
КазТАГ
КазТАГ

Солтүстік Қазақстан облысы орталығында қала күнін жергілікті тұрғындар «Крест шеруімен» атап өтті деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Бүгін біздің қала өз мерекесін тойлап жатыр, бұл әулие апостолдар Петр мен Павелдің күндері, олар біздің қаланы желеп-жебеп жүреді. Бұл күн біз үшін өте маңызды, себебі кез келген қала Құдайдың екі бірдей шәкіртінің атымен аталмайды. Біз бүгін осы апостолдар Қазақстан жеріне бейбітшілік, өңірімізге даму, тұрғындарымыздың жүрегіне махаббат берсе екен деп жалбарынамыз», - деді Петропавл тұрғындарын құттықтаған жергілікті епископ Владимир.

Айта кету керек, биыл Петропавл қаласына 267 жыл. Жергілікті тұрғындар бұл күні «Крест шеруіне» шығуды дәстүрге айналдырған, яғни соңғы 25 жылдан бері мыңдаған адам көшеге шығып, қолдарына крест, иконаларын көтеріп, бірнеше шақырымды жаяу жүріп өтеді.

Қызылжар тұрғындарының бұл шарасы Facebook желісі қолданушыларының ашуын туғызды. Заңгер Руслан Түсіпбеков өз парақшасында жергілікті билікті айыптап, мұндай шерулерге мүлдем тыйым салу керектігін жазды.

«Қызылжардың жергілікті билігі қайда қарап жүр, шошқа тағалап жүр ме? Соңғы 25 жылдан бері өтетін шара екен, бұл масқара емес пе? Былтыр да осы мәселені көтеріп едік, түк өзгермепті. Қаланың ресми атауын өзгертiп, осындай шерулерге тиым салу керек. Егер 31 мамырда дәл осылай шығамыз деп ниет білдірсек, билік бүкіл репрессивтiк күшін салушы еді болдырмау үшін», - деп жазды Р.Түсіпбеков Facebook әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, 31 мамыр күні Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылықта шейіт болғандарды еске алады. Биыл кей облыс орталықтарында тұрғындар бұл күні бейбіт шеру ұйымдастыруға ниет білдіргенімен, билік өкілдері оған рұқсат бермеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары