Адам шошырлық статистиканы бүгін төтенше жағдайлар комитеті жариялады. Жыл басынан бері суға батып өлгендердің саны 126-ға жеткен. Оның тең жартысы балалар деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Су жағасында балаларды қараусыз қалдырады. Бұның соңы қайғылы аяқталып жатыр. Синоптиктердің мәліметінше, температура +40 градусқа дейін жетеді. Әрине, бұл адамдарды суға шомылуға мәжбүрлейді. Десе де, сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, батып кеткендердің саны Шығыс Қазақстанда көп. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында да қайғылы оқиға жиі болады. Құтқарушылардың айтуынша, ішімдік ішіп ажалын судан табатындар күрт азайған. Себебі полицейлер қазір арақ-шарап ішкендерге 12 жарым мың теңге айыппұл салады. Әкімшілік жазаға тартудың арқасында ішіп алып шомылатындар кеміген. Сәйкесінше, қаралы статистика да төмендеген», - деді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.