Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар назарына 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы ұсынылды. Сондай-ақ, сот-сараптама қызметі, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі, бағалы металдар мен асыл тастар және өзге де мәселелер қаралды.
2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндап берді. Баяндамашылардың сөзінен белгілі болғандай, 2015 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау әлемдік экономика мен тауар нарықтарындағы ағымдағы жағдайды және осы жылдың 10 айындағы еліміз экономикасы салаларының дамуы қорытындыларын ескере әрі Үкімет тарапынан 2015 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын нақтылай отырып жасалған.
Мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі және геосаяси жағдайдың ушыға түсуі жағдайдың күрделенуіне өзіндік теріс әсерін бергені де аталмай қалмады. Бұл ретте, ішкі жалпы өнім өсімі 2015 жылы 1,2 пайыз болады деп күтілсе, 2016 жылы – 2,1 пайыз, ал 2017 жылы 3,6 пайызды құрайды деп жоспарланыпты. Номиналды көлеммен алғанда, 2015 жылы ол 41 701,2 миллиард теңге деп болжанып, алдыңғыларымен салыстырғанда 393,6 миллиардқа жоғары екен. Сонымен, 2015 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 3 174 164 973 мың теңге сомасында айқындалған немесе 45 761 567 мың теңгеге азайған. Ал шығыстар нақтыланған көлеммен салыстырғанда 66 500 991 мың теңгеге кеміп, Ұлттық қордан нысаналы трансферттің қысқаруымен 7 179 222 442 мың теңгені құрайтыны болжаныпты. Шығыстарды қысқарту негізінен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алуларды дер кезінде өткізбеу, бюджет қаражатын игермеу мен үнемдеу есебінен жүргізілмек. Жалпы, 2015 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 1 257 716 778 мың теңге немесе ІЖӨ-нің 3 пайызын құрайды делініп отыр.
Инфляция деңгейі 8-10 пайыз дәлізінде белгіленгені де айтылды. Ұлттық банк төрағасының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта валюта нарығындағы ахуал тұрақты және Ұлттық банк валюта нарығына қатысуын барынша азайтқан. Жалпы, 2015 жылға Ұлттық қорға мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдердің нақтыланған болжамы мұнай өндіру көлемі 79,0 миллион тонна, мұнайға әлемдік бағаның бір баррелі 50 доллар және 1 АҚШ долларына 220 теңге бағамында алынып, 1 636 475 563 мың теңге деп көрсетілген.
Бұдан кейін депутаттар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, пайымдарымен бөлісті. Сауалдарына жауап алды. Сонымен, Мәжіліс бірқатар талқылаудан кейін «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға түзетулерді мақұлдады.
Жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар қолдауына ие болды. Заң жобасы сот-сараптама қызметін аккредиттеуді халықаралық стандарттар деңгейі бойынша жетілдіруге арналған. Әділет вице-министрі Бақытжан Әбдірайымның айтуынша, заңдық құжатқа сәйкес, медициналық, наркологиялық және психиатриялық сот сараптамаларын жүргізу функцияларын Денсаулық сақтау және Әлеуметтік даму министрлігінен Әділет министрлігіне беру көзделеді.
«Осылайша, сарапшылық функциялары бір мемлекеттік органда қалыптастырылатын болады. Сарапшылық функцияларын бір ведомствода орталықтандыру сот сараптамасы ұйымдары жұмысының тиімділігін түбегейлі жақсартуға, ішкі қайшылықтарды жоюға септігін тигізеді. Сот сараптамасы жүйесінің тәуелсіздігін де қамтамасыз етеді», – деді Бақытжан Жарылқасынұлы. Вице-министр сот-медициналық және наркологиялық сараптамалар қызметін бірінен екіншісіне беру кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқандығын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, сот-психиатриялық сараптамасын беру шараларына дайындық басталып кеткен.
Б.Әбдірайым жеке сот-сарапшылар институтын дамыту мәселелері де қамтылып отырғанын, бұл саладағы бәсекелестікті күшейтетінін тіліне тиек етті. Бұл ретте, жеке сот-сарапшылар институтын дамытуға ерекше назар аударылып, арнайы жабдықтарды және күрделі зерттеулерді талап етпейтін сараптамалар бәсекелестік ортаға берілетін болады. Осы қадам мемлекеттік сот сарапшыларына түсетін ауыртпашылықты азайтуға, зерттеулерді сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні ерекше аталды. Заң жобасы аясында сот-сарапшылар палатасын құру көзделетіні, палатаның мақсаты жеке сот сарапшыларының қызметін ұйымдастыруды әдістемелік, ақпараттық қамтамасыз етуге бағытталатыны атап көрсетілді.
Сол сияқты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ол сот-сараптама қызметін жүзеге асыруға қатысты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді үйлестіруге және біріздендіруге жәрдемдесетін болады. Бұдан басқа, «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының мақсаты – бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды мемлекеттік реттеу және бақылау. Және де елімізде зергерлік өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалып, осы бағытта туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің бірыңғай заңнамалық негізін қалыптастыру. Сонымен қатар, Үкіметтің, Ұлттық банктің, бағалы металдар мен асыл тастар айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыреті айқындалып, заңнаманы бұзғандарға жауаптылық белгіленеді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мақұлданып, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулерге қатысты жұмысты одан әрі жалғастыру жөнінде қаулы қабылданды.
Жалпы отырыста Чехиямен заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалып, рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша түзетулерге байланысты заң жобасы қабылданды.