Мемлекет басшысы Аида Балаеваны Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
«Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын», - делінген Жарлықта.
Сондай-ақ, Президент Тимур Сүлейменовты көмекші қызметінен босатып, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлығына бекітті.
«Тимур Мұратұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын», - делінген құжатта.
Сонымен қатар, Тоқаевтың өкімімен бірнеше ауыс-түйістер орын алды.
«Сатыбалды Ересұлы Бұршақов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды;
Айдын Жеңісұлы Құлсейітов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды;
Талғат Бегімұлы Қалиев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды», - деп жазылды хабарламада.