Мәжіліс зейнеткерлерінің орнына Ұлттық кеңес өкілдерін апару керек. Күні кеше ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаулы қабылдап, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын бекітті, білесіздер.
Ұлттық кеңестің атқарушы рөлі – Президент жанындағы консультативтік орган болып белгіленді. Ал енді осы кеңестің қызметі мен құзыреті қандай? Бұл туралы Adyrna.kz ақпараттық порталы тарқатып жазды.
Ұлттық кеңестің құзыреті қандай?
1.Ел-халықтың, саяси партиялар мен саяси ұйымдардың, қоғамның белсенді өкілдерімен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ақылдасу, кеңесу. Яғни, Ұлттық кеңес өкілдері қандай да бір мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтып, ел-жұрттың талап-тілектерін Президент кеңесінде талқыға сала алады.
2.Ұлттық кеңес өз қызметінде ҚР Ата Заңын, заңдарын, Президент актілерін, өзге де құқықтық-нормативтік актілерді басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды.
3.Мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізеді.
4.Жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарайды.
5. Жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында диалог орнатады.
Ұлттық кеңес құрамы:
Президент бекіткен қаулы бойынша Ұлттық кеңес құрамына 44 адам кіріпті. Олар:
Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті, Төраға, Қырымбек Көшербаев – ПӘ Жетекшісі, Төраға орынбасары, Ерлан Қарин – ҚР Президентінің кеңесшісі, Хатшы. Ұлттық кеңес мүшелері: Қайырбек Арыстанбеков, Жамбыл Ахметбеков, Берік Әбдіғалиұлы, Мұрат Әбенов, Азаматхан Әміртай, Данияр Әшімбаев, Арманжан Байтасов, Бақытжан Бұқарбай, Михаил Дорофеев, Дания Еспаева, Ораз Жандосов, Қайрат Жолдыбайұлы, Расул Жұмалы, Гүлмира Илеуова, Қазыбек Иса, Рауан Кенжеханұлы, Талғат Қалиев, Асылбек Қожахметов, Жәнібек Қожық, Дәурен Қуат, Сейдахмет Құттықадам, Бағдат Мусин, Ауыт Мұқибек, Абылай Мырзахметов, Саясат Нұрбек, Қанат Нұров, Айман Омарова, Айгүл Орынбек, Рақым Ошақбаев, Төлеутай Рақымбеков, Асхат Садырбай, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Максим Споткай, Мұхтар Тайжан, Жеміс Тұрмағамбетова, Ермек Тұрсынов, Бекболат Тілеухан, Андрей Чеботаров, Марат Шибутов, Арман Шораев.
Сөйтіп, Ұлттық кеңес құрамына 44 адам кірген екен. Ақордадағы үштікті есептемегенде, кеңес мүшелері 41 адам қалады. Бұл 41 түрлі саланың өкілдері. Араларында, әдебиеттің, мәдениеттің, киноның, спорттың, саясаттың, БАҚ сласының, экономика мен бизнестің, құқықтық сектордың, агро сектордың, әлеуметтік сектордың, депутаттық корпустың т.б. өкілдері бар. Салалық құрамы жағынан универсалды әм жан-жақты жасақталған. Десе де, ел-халықтың ішінде Ұлттық кеңестің дәл осы құрамына қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Десе де, біз Ұлттық кеңес қызметіне қатысты өзгеше ой түйіп көрейік деп шештік.
Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы – Парламент. Оның қос палатасы бар. Сенат пен Мәжіліс. Төменгі палата саналатын Мәжілісте 107 депутат, Жоғарғы палата саналатын Сенатта 47 депутат бар. Барлығы 154 депутат. Бұлар саяси партиялар мен Ассамблеяның өкілдері.
Әуелі Мәжіліс туралы жазайық.
Мәжілістегі қазіргі 107 депутаттың ішінде зейнет жасынан асып кеткендер аз емес. Анықтап айтқанда, 32депутат зейнеткерлік жасқа толған. Олардың арасында 81 жастағы Владислав Косарев, 74 жастағы Қуаныш Сұлтанов, 72 жастағы Тұрғын Сыздықов сынды ақсақалдар мен 68 жастағы Гүлжан Қарақұсова, 64 жастағы Екатерина Никитинская қатарлы әжелер де бар. Сөзіміз сұйық шықпас үшін, нақтылап жазайық:
Мәжілістегі зейнеткерлер:
Роман Ким – 63 жаста Михаил Чириков – 64 жаста Омархан Өксікбаев – 64 жаста Асқар Базарбаев – 64 жаста Ерсұлтан Бектұрғанов – 66 жаста Бақытжан Ертаев – 66 жаста Байділдә Жылқышиев – 66 жаста Сауытбек Әбдірахманов – 67 жаста Жанат Жарас – 67 жаста Ахмет Мұрадов – 67 жаста Абай Тасболатов – 67 жаста Жексенбай Дүйсебаев – 68 жаста Шаймардан Нұрымов – 68 жаста Серік Үмбетов – 68 жаста Владимир Божко – 69 жаста Қабиболла Жақыпов – 69 жаста Бақтықожа Ізмұхамбетов – 70 жаста Тұрғын Сыздықов – 71 жаста Қуаныш Сұлтанов – 73 жаста Владислав Косарев – 81 жаста Ирина Смирнова – 58 жаста Зәуреш Аманжолова – 60 жаста Құралай Қарекен – 60 жаста Татьяна Яковлева – 60 жаста Зағипа Балиева – 60 жаста Гүлнар Иксанова – 60 жаста Ирина Аронова – 61 жаста Гүлмира Исимбаева – 61 жаста Светлана Бычкова – 61 жаста Айсина Майра – 62 жаста Екатерина Никитинская – 64 жаста Гүлжан Қарақұсова – 68 жаста
Зейнеткер депутаттар жалғыз Мәжілісте емес. Сенатта да зейнет жасына әлдеқашан жетіп қойғандар мен әне-міне зейнетіне шыққалы отырған азаматтар аз емес.
Жалпы, Сенат сөзі – латынша senatus, senex — кәрі, қария сөзінен шыққан. Ондағы депутаттардың жас категориясына есептесек, Қазақстан Сенаты өз атына әбден лайық-ақ. Десе де, аттарын атап, түстерін түстеп жазайық…
Сенаттағы зейнеткерлер:
Төлеубек Мұқашев – 69 жаста Бекмырза Еламанов – 69 жаста Талғат Мұсабаев – 68 жаста Марат Тағымов – 67 жаста Дулат Құсдәулетов – 67 жаста Георгий Ким – 66 жаста Бақытжан Жұмағұлов – 66 жаста Бірғаным Әйтімова – 66 жаста Рашид Әкімов – 65 жаста Рашид Түсіпбеков – 64 жаста Владимир Волков – 64 жаста Ерік Сұлтанов – 63 жаста Мұхтар Жұмағазиев – 63 жаста Ғұмар Дүйсембаев – 63 жаста Бектас Бекназаров – 63 жаста Серік Жақсыбеков – 63 жаста Дәурен Әділбеков – 63 жаста
Биыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланды. Бірқатар мемлекеттік бағдарламалар дайындалды. Ол туралы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та талай мінберде айтты, айтып жүр де.
Қазір жоғарыдағы ыңғай зейнеткерлерден жасақталған Парламенттің қос палатасын көрдіңіздер. Депутаттар қазір демалыста жүр. Ел-халықтың арасында демалып жүрген депутаттарды күзге қарай таратып жібереді екен деген алып-қашпа әңгімелер де айтыла бастады. Себебі, біздегі бұлжымас дәстүр бойынша, президент сайлауынан соң, іле-шала парламентті таратып жіберіп, қайта жасақтап алатын әдет бар-ды. Сол салтқа салатын болсақ, Президент сайлауын өткердік. Ендігі кезек – парламентте.
Егер биыл шынымен парламент тарап, жаңа мәжіліс сайлауы өтер болса, жаңадан сайланар депутаттардың жас ерекшелігі мен идеологиясына мән берген жөн-ақ. Елдегі негізгі заң шығарушы органға зейнеткерлерді қаптата бермей, жұмыс істеуге жігері бар жастарды тартқаннан еш ұтылмайтынымыз анық.
Десе де, әуелде Парламент – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болуы керек еді. Ел-жұрттың үнін Астанадағы ақ жағалылардың құлағына жеткізуші, халық пен билік арасындағы диалогты орнатушы басқа басқа емес, дәл осы депутаттық корпус болуы керек еді. Ал күні кеше ғана Президент қаулы шығарып, бекіткен Ұлттық кеңестің құзыреті мен қызметі дәл осы Парламенттікіне сай келеді екен.
Ендеше Ұлттық кеңестегі түрлі сала өкілдерінен құралған универсалды құрамды, сол 41 адамды ең құрығанда жарымына жуығы зейнеткер атанған Мәжілістегі 107 депутатпен алмастыруға не кедергі?