$ 442.05  474.14  4.74

Әкежаннан әрі, Бергейден бері тартсаң да...

Қазақстаннан ақша жымқырып, шетел асып кеткендердің саны шамамен 1600-ден асқан. Оның 50-ден астамы халықаралық іздеуде жүр. Негізгілері – Әкежан Қажыгелдин, Виктор Храпунов, Мұхтар Әбілязов сынды билікке өкпелі «беткеұстарлар».

Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиевтің болжауынша, президент сайлауынан соң, тамыз-қазан айларында парламенттік сайлау өтеді. Әлі заңды тіркелмеген «Ақиқат» партиясы осы сайлауға қатысып, біраз орын алуды көздеп отыр. Бұл туралы фейсбук парақшасында қоғам белсендісі Мәди Манатбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

Еске сала кетсек, биылғы мамырда Қазақстан оппозициясының 2002 жылы құрылған шетелдегі бюросы Парижде конференция ұйымдастырған еді. Оған бір топ қазақстандық белсенді және қазір Еуропада тұрып жатқан саяси тұтқындар – бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин мен Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев қатысқан болатын.

Сонда дені азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын небәрі елу шақты адам мемлекеттік мәселені қалай шешпек? Олардың көшбасшыларының өзі Қазақстанда үстерінен іс қозғалып, Еуропа елдерінен саяси баспана алуға мәжбүр болған бизнесмендер мен бұрынғы саясаткерлер ғана емес пе?! Сол конференциядан төбе көрсетіп қайтқан Мәди Манатбектің сөзіне сүйенсек, елімізде «экстремистік» деп танылған ЖСДП ұйымының өкілдері негізінен орысша сөйлеп, құжатты сол тілде ғана дайындаған. Билікке бір сөзін де өткізе алмай жүрген оппозицияның «халықшылдығының» сиқы осы болып тұр. Үркердей топтың үстелі басында отырған тәуелсіз журналисттер оппозицияның шетелдік бюросы оған дейін де еліміздегі жаңалықты негізінен орыстілді ақпарат құралдарынан алып келгенін, бірақ, бүгінде белсенділік қазақтілді ортада, көшеге шығатын да, мәселе көтеріп, талап қоятын да, басын бәйгеге тігетін де негізінен қазақтілді азаматтар екенін «соқырға таяқ ұстатқандай етіп» жеткізіпті. Егер олар содан оң нәтиже шығара қойса.

Бір қызығы, конференцияда біздегі билік жүйесіне бір өзгеріс керек екенін басқадан бұрын шекара сыртында бас сауғалап қашып жүрген Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиев айтқан. «Президент сайлауынан соң, тамыз-қазан айларында парламенттік сайлау өтеді. «Ақиқат» партиясы осы сайлауға қатысып, біраз орын алуы керек» деген сарында «сыр шертіскен» екен. Алайда, конференциядан шығып, елге жеткен Әсия Асеткина, Сәуле Әбілдаханқызы сынды белсенділер бір-бірімен қырықпышақ болып, бастары бір мүддеге тоғыса алмайтынын айғақтады.

Қараңыз, қазір Қазақстаннан ақша жымқырып, шетел асып кеткендердің саны шамамен 1600-ден асқан. Оның 50-ден астамы халықаралық іздеуде жүр. Негізгілері – Әкежан Қажыгелдин, Виктор Храпунов, Мұхтар Әбілязов сынды билікке өкпелі «беткеұстарлар». Енді мың жерден Әкежаннан әрі, Бергейден бері тартсаң да Қазақстан оппозициясының тарихы жетісіп тұрған жоқ. Іліп алар ілгерілеушілік байқалмайды. Саясатта салмағы, бұқара алдында беделі болмай тұр әлі. Құр билікке таласып, құрдымға құлдырай түскен ескі сүрлеуден шығып, заман ағымына қарай жаңа даңғыл қалыптастыруға тырыспады екен, демек, олардың «жүйені өйту керек, бүйту керек» деп сырттай мұрын астынан міңгірлеуден басқа мүмкіндіктері қалмаған.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары