Қазақстанның қазіргі Сыртқы істер министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов 2000 жылдардың басында Құмкөлдің мұнайын шетелге сатумен алғаш айналысқандардың бірі болып шықты. Бұл туралы оның сол кездегі бизнес-серіктесі, қазір соттың шешімімен уақытша жұмыссыз Серікжан Есенғосыұлы Мәмбеталин, экономика шолушысы Денис Кривошейевтің Атамқұловтың ерліктеріне сүйсінген постының астына қалдырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Бейбіт СІМ-не дейін өте керемет бизнесмен болатын. 2000 жылы біз алғаш болып Құмкөл мұнайын Ақтау-Баку-Батуми транспорттық дәлізін пайдаланып сатқан болатынбыз. Бізден кейін ҚазМұнайГаз осы бағытты дамытты», - делінген пост астындағы комментте.
Мемлекеттік деңгейдегі тұлғалардың бірінің іскерліктері туралы айтыла қалса, айқайға қиқу қосатындар табылады. Бұл жолы да Серікжан Мәмбеталиннің пікірі елеусіз қалмады. Anthony Blair есімді фейк «қазір оның барлық қоластында істегендер – елшілер, өздері қызмет қылған шетелдік компаниялардың инвесторлары)))» деп төтеннен шапса, оған Серікжан Мәмбеталин «Білмеймін. Мен онымен араласпағаныма біраз болды», – деп тыйып тастады.
Жалпы, Денис Кривошейевтің посты 704 адамға ұнап, 90 оқырманы пікір жазып, 217 желі қолданушысы бөліскен. Бұл жерде автордың биылғы посттарының ішіндегі үздіктерінің бірі болғанын атап өткен абзал. Ол да Бейбіт Бәкірұлының танымалдылығынан болса керек.